Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.27.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі Қазатком ауылындағы қақтығыстан соң Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барлық құқық органдарына заңның ең қатаң шараларын қолдануды тапсырғандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер Алматыда СПИД-терроршылар бар ма деген сұраққа жауап іздесе, тағы бір басылым «Бутя-Капиталға» шағымданушылар арыздарын қайтарып жатқандығына мән беріп өтіпті.

Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың Қазатком ауылындағы қақтығысқа қатысты сұхбаты «Время» газетінде жарық көріпті. Аталған басылымның оқырмандары қойған сұрақтарға жауап берген министр сөз болып отырған іске кінәлілердің барлығы заң алдында жауап беретіндігін атап көрсеткен. «Тәртіп орнату үшін заңның ең қатаң шаралары қолдансын деген тапсырманы мемлекет басшысының өзі барлық құқық органдарына беріп отыр. Бұл мәселе мемлекеттік хатшы Оралбай Әбдікәрімовтың төрағалық етуімен өткен кеңесте қаралды. Мен тәртіпсіздікке қатысқандардың барлығы заң алдында жауап беретіндігіне уәде беремін» депті Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов «Время» газетіне берген сұхбатында.

Қазаткомда оқ атқан кінәлі ме, соққыға жығылған кінәлі ме деген сұраққа «Жас Алаш» газеті жауап іздепті. «Қазақстандағы шешен-ингуш халықтарының мәдениетін дамыту қауымдастығының төрағасы Ахмед Мұрадовтың бұл акцияны еліміздегі тыныштықты және бейбітшілікті көре алмайтын күштер ұйымдастырды деген сөзі қазір көпшіліктің наразылығын туғызып отыр» делінген мақалада. «Сонда тыныштық пен бейбітшілікті бұзған кім болғаны, ойыннан жеңілгені үшін атпалдай азаматты автокөлігімен қағып, көпшіліктің көзінше орнынан тұра алмай жатқан азаматты аяғынан атып жаралаған Тахир Махмаханов па, әлде ойыннан өрт шығарын сол сәтте ойлап үлгермеген Бекжан Сәлімбаев па?» деген сауал тастайды «Жас Алаш».

«Айқын» газеті болса қарулы қақтығыс Қостанай қаласында да орын алғандығына мән беріп өтіпті. «Наурыздың 26-күні таңғы сағат 5-те Қостанай қаласында күтпеген жерден атыс болып, тұрғындар таңғы ұйқысынан айырылды. Қаланың шетінде болған атыстың салдарынан 3 адам жараланды» делінген мақалада. «Қостанай облыстық ІІД баспасөз қызметінің бастығы Елена Кашаринаның айтуынша, бір топ жас қаладағы түнгі клубтардың бірінде таң атқанша сейіл құрып, демалады. Алайда таң қылаң бере олар әлдебір мәселе бойынша ортақ тіл таба алмай, арада жанжал туындайды. Өзара ортақ мәмілеге келе алмай, ақыры олардың біреуі тапаншаның «көмегіне» сүйенеді. Оқиға болған орынға жедел түрде жеткен жедел-тергеу тобының қызметкерлері ол жерден «Оса» тапаншасын тауып алды. Қазір бұл тапаншаның иесі кім екені анықталуда» деп жазды «Айқын» газеті.

Сонымен қатар, басылымдар «Алматыда СПИД-терроршылар шығыпты» деген әңгіменің қаншалықты шын екендігіне назар аударыпты. «Алматы тұрғындары арасында осындай әңгіме тағы тарап жатыр. Жұртшылық базар мен кинозалдарға барудан қорқады» делінген «Комсомольская правда: Қазақстан» газетіндегі мақалада. «Алматы полициясы қалалық СПИД-пен күрес орталығы атынан арнайы хат келгендігін растап отыр. Онда дәрігерлер белгісіз біреулердің инесіне шаншылған екі жүзге жуық адамның шағымын полицияға жеткізген. Әзірге дәрігерлерге шағымданушылардың ешқайсысынан қатерлі вирустың ізі табылмады. Полиция болса үрей туғызудың ешқандай реті жоқ екендігін айтып отыр» деп жазды «Комсомольская правда: Қазақстан» газеті.

Бұл уақытта «Бутя-Капитал» қорының салымшылары осы іске қатысты арыз-шағымдарын қайтарып алып жатқандығы туралы «Жас Алаш» газетінде баяндалыпты. «Бутя-Капитал» қорының жетекшілерінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша өтіп жатқан сот әлі ұзаққа созылатын секілді. Тыңдалымда болып жатқан жайттарға қарағанда, іс тұйыққа тіреле бастағандай көрінеді» делінген мақалада. «Мәселен, наурыздың 19-күнгі сотқа шақырылған 40 жәбірленушінің 33-і өз арыз-талаптарынан бас тартқан. Сот наурыздың 26-күні де жалғасып, тағы бірнеше жәбірленуші өз талаптарынан бас тартқан» деп түйіндейді «Жас Алаш» газеті.
XS
SM
MD
LG