Ал Қазақстанда оған «билікті асыра пайдаланған, аса ірі мөлшерде мәжбүрлеп пара алған, заңсыз қару сатып алған, оны сақтаған, салық төлеуден жалтарған» деген айыптар тағылып, Қазақстанның Жоғарғы соты Әкежан Қажыгелдинді 10 жылға мерзімге бас бостандығынан айыру туралы сырттай үкім шығарды. Сондай-ақ, оның мемлекетке келтірген шығыны деп, 11 миллион доллар шамасындағы қаржыны Қажыгелдиннен өндіріп алуды сот қаулы етті. Сот шешімімен Алматыдағы үйі мен автокөліктері сот шешіміне сәйкес тәркіленген Қажыгелдин қазір Қазақстан тарапынан Интерпол арқылы қылмыстық іздеудегі адамдар тізімінде тұр.
Ал, сонымен қатар, Әкежан Қажыгелдиннің есімі Қазақстан саяси оппозицияның тұлғасы ретінде де аталады. Шетелде жүріп ол батыстағы түрлі мінбелерден Қазақстанның ішкі саяси жүйесіне қатысты айтқан сындарлы пікірлерімен Қазақстан қоғамын демократияландыруға негізгі кедергілерге халықаралық қауымдастықтың назарын аударды.
Оның шетелде жүрген алғашқы жылдары Қазақстанда да саяси белсенділігі бар сияқты сезілетін, бірақ қазіргі уақытта оның есімі ел ішінде сирек айтылады. Оны әркім әртүрлі бағалайды.
«Қажыгелдиннің саяси мансабының шыңы - тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қарама-қайшылыққа толы кезеңмен сәйкес келгендігі себепті, оның саяси келбеті де сондай болды. Ол туралы пікірлер сан алуан. Дегенмен, обьективті шындық үшін, ол бүгінгі Қазақстанның гүлденуінің көптеген негізін салып кетті деп айтуға болады. Бірақ, ол кезінде көптеген даулы екіұдай жолмен салынған болуы мүмкін. Ал саяси келбеті туралы айтсам, ол билік басындағы президентке ең бірінші болып саяси қарсыластық танытқан тұлға дер едім», - дейді Алматыда орналасқан «Тәуекелді зерттеу орталығы» қоғамдық ұйымының директоры Досым Сәтпаев.
Сонымен бірге, Қажыгелдинді өзгеше сипаттайтын пікір айтушылар да бар.
«Ол халық арасында еш қолдауға ие болмаған шешімдерді көп қабылдаумен әуестенетін. Оның саясаттағы бар атқарған ролі – Қазақстандағы саяси ахуалды ушықтыруға әуес тұлға болғандығы. Қазақстанның қазіргі өрлеуінің негізін Балғымбаев үкіметінің мұнайы бастаған дер едім, оған Қажыгелдиннің еш қатысы жоқ. Ал қазір Қажыгелдинді Қазақстан саясатына ықпал ете алатын саяси өміршең тұлға деп айтуға тіпті болмас еді», - дейді бюджеттен қаржыландырылатын Қазақстанның стратегиялық зерттеулер орталығының ішкі саясат бөлім басшысы Антон Морозов.
Тоғыз жылға уақыт Отанынан жырақта жүрген даулы тұлға биыл наурыздың 27-күні 55 жасқа толып отыр. Ол туралы қатардағы азаматтардың пікірін де біліп, «Азаттық» тілшісі Алматы көшесінде шағын сауалнама жүргізген еді.
- Әкежан Қажыгелдиннің қазақ қоғамындағы орны бар. Оның білікті кәсіби маман ретінде де, премьер-министр ретінде де атқарған ролі бар. Осы біздің қоғамда қазіргі экономикалық өсу, әлеуметтік толайу бар деп жатырмыз ғой, Қажыгелдин осының бәріне бір кісідей үлес қосқан адам.
- Оны қарапайым адам ретінде қарасақ - қазақша сауатты, қазақша жақсы білетін, қазақи салт-дәстүрді де жақсы білетін адам деп ойлаймын. Өйткені, оның әңгіме барысындағы сөзінен, адамдармен жасаған қарым-қатынасына қарағанда ол «орыстанып кеткен адам» деп айтуға жатпайтын және қарапайым қазақи адам деп ойлаймын.
- Дәл қазіргі жағдайда қазақ қоғамында, қазақ саяси сахнасында Қажыгелдиннің беделі, не рейтингі дейміз бе, жоққа тән деуге болады. Егер ол қайтадан саясатпен айналысатын болса, немесе оған елге келуге рұқсат еткен жағдайда, қандай болады деп болжам жасайтын болсақ, Қажыгелдинді қазақ қоғамы қабылдамайды. Себебі, қазақ қоғамы дәстүршіл қоғам, миына сіңіп қалған «антиқазақ», «қазаққа жау», «ауылды қиратты», «Қазақстанды талан-таражға салды» деген түсініктен арыла алмайды. Оның сыртта жүріп жасап жатқан іс-әрекеттеріне қарап бағаласақ, ол саяси тоқырауда сияқты. Себебі, былтырғы парламенттік сайлаудың тұсында ол барлық оппозициялық партияларды біріктіріп «Ақ жол» партиясының астына жинау керек деген сияқты, гиперпартия құру керек деген идея тастады. Ал бұны саяси максимализм деуге болады. Бір жағынан, бұл Қажыгелдиннің идеялық тұрғыдан сарқылғанын да көрсетеді. Мен енді Қажыгелдин келген жағдайда да қазақ қоғамында резонанс тудырады деп айта алмаймын. Ол енді кәсіпкерлікпен айналысса, одан жақсы кәсіпкер шығуы мүмкін.
Шетелге саяси эмиграцияға кеткеннен бастап Әкежан Қажыгелдин шетелде «Қазақгейт» деген атышулы шатақ іс жайлы Қазақстанда қалың бұқараның хабардар болуына күш салу - оппозицияның басты міндеттерінің бірі болуы керек дегенді айтып келді. Қазірде Нью Йорк сотында қаралып жатқан бұл іс бойынша, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Қазақстандағы табиғи шикізат кеніштерін игеруге рұқсат алу үшін Қазақстанның билік басындағы жоғары лауазымды тұлғаларға көп мөлшерде пара беруге мәжбүрлеген деген айып тағылған американдық банкир сотқа тартылып отыр. Батыстың ақпарат құралдарында, шетелдік банктерде осы іске қатысы болуы мүмкін деген млн-даған доллар тығулы жатқан шоттар заң орындарының сұрауы бойынша тұтқында екені айтылады.
Кейбір ақпарат көздері, «Қазақгейт» шатағына қатысты күдіктелген бұл банк шоттары Қазақстан үкіметінің Қажыгелдиннің немесе оның отбасы мүшелерінің атында шетелдік банктерде ақшаның бар-жоғын анықтауды сұраған өтініші бойынша шетелдік заң орындары жүргізген тексерулер кезінде сопаң етіп шыға келгенін жазады.
Президент Н.Назарбаев мемлекеттік теледидар арқылы айтқан бір сөзінде «Қазақгейт» ісін Қажыгелдиннің ойдан шығарған жаласы деген болатын. Қазақстандағы саусақпен санарлық оппозициялық басылымдардан өзге ақпарат құралдарында бұл тақырып мүлдем қозғалмайды.