Accessibility links

Парламентте Казаткомдағы қақтығысқа қатысты пікірлер айтылды


Мәжіліс депутаттары Алматы маңында Маловодное ауылында болған қақтығыстың себебі жіті зерттелуі керек дейді.

Сәрсенбі күні өткен Парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар алдымен Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Маловодное ауылында наурыздың 17-18 күндері болған қанды оқиғаға байланысты мәселе көтерді. Мәжіліс депутаттары Нұртай Сабилянов пен Бекболат Тілеухан қазақ жерінде тұрып, қазақтар қашанғы жәбір көре береді деп, парламентке Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхаммеджановтың келіп, түсініктеме беруін талап етті.

Алайда, Парламент мәжілісінің төрағасы Орал Мұхаммеджанов күн тәртібінде мұндай мәселе жоқтығын алға тартып, әріптестерін заң жобаларын талқылауға шақырды.

Он күндей сайлаушыларымен кездесіп қайтқаннан кейін өтіп отырған мәжілістің жалпы отырысында депутаттар алдымен Алматы маңындағы Маловодное ауылында болған қанды оқиғаға тоқталды. Аталған ауылдан сайланған Мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов тұрғындар арасында болған төбелеске байланысты арнайы депутаттық топ құрып, оның түп-төркінін зерттеу керек деген мәселе қойды. Ал Мәжіліс депутаты Нұртай Сабилянов:

«Отқа май құйып отырған шешен диаспорасының жетекшісі Ахмет Мұратов деген азамат бүкіл шиеленске қазақтарды кінәлі қылып, басқаларды шығарып жатыр. Сондықтан да менің ойымша, осындай азаматтарды жауапқа тарту керек. Біз бәріміз үндемей отырмыз, барлығымыздың да намысымыз ішімізде. Өйткені, өзіміздің жерімізде өзіміздің рухымыз төмендеп жатыр», – деді.

Депутат Бекболат Тілеухан парламентке ішкі істер министрінің келуін талап етті:

«Бұл салтымызда жоқ нәрсе еді. Тыныштық жақсы, «артты қысқан бай болады» дедік. Жекпе-жекке шықты. Ертеңінде қауышып-құшақтасып жүре беруші еді. Артынан келіп қақты, аяғынан атты. Ақыры теңдік сұрап барғанға қару сайланып, оқ атты. Сонда сонша қаруды жинап, кімге сайланып отырған? Ішкі істер министрі осы мәселеге байланысты біздің алдымызға келіп жауап берсін!»

Бекболат Тілеухан Маловодное ауылында болған оқиға елде бірнеше рет қайталанып отырғанын айтады.

Дегенмен Парламент Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхаммеджанов әріптестеріне басу айтып, бұл мәселені халықтар ассамблеясы талқыға салу керек деді:

«Атамыздан қалған сөз бар «Ашу дұшпан, сабыр дос» деген. Кішкене тергеу жұмысының аяқталуын күтейік».

Төрағаның тоқтамына келіспеген Мәжіліс депутаты Рауан Шаекин Парламенттің үнемі елдегі оқиғалардан шет қалып отыратындығын айтты.

«Өткен жылдың аяғында Атырауда болған шетелдіктер мен жергілікті жұмысшылар арасындағы қақтығыста да, Алматы облысындағы Шелек ауданында ұйғыр және қазақ жастарының қатысуымен болған қақтығыс жайында депутаттар жауапты шенеуніктерді әні шақырамыз, міне шақырамыз деп, сол күйінде түбіне жетпей қалып қойдық,» – деді Рауан Шаекин.

Ал «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов болса, кез-келген жерде халық осы мәселені алдымызға қояды, сондықтан да жабық есік жағдайында тиісті орындардан жауап алуымыз керек деген мәселе қойды.

Оқиға орнында болған, Еңбекшіқазақ ауылындағы сайлаушыларымен кездесіп қайтқан Мәжіліс депутаты Серік Әбдрахманов ондағы жағдайдың бұлайша ушығуына жергілікті билік орындарының былық-шылыққа батуы да тікелей себеп болған деп санайды:

«Маловодное ауылында болған жағдайдың себебі, құқық қорғау орындарының қарақшылығында. Жемқорлықтың арқасында белшелерінен лас батпаққа батқанында. Көп жылдар бойы екі арада неше түрлі қақтығыстар орын алған. Бірақ, бір де бір шағым қаралмапты. Міне, соның кесірінен бір топ жастар өздері барып, әділдік іздеген».

Депутат Серік Әбдрахманов президент жолдауында айтқан халықтар ассамблеясының өкілдеріне сенаттан квота беру керек дегенді қайта қарауымыз керек дейді. Әріптесінің пікірін депутат Нұртай Сабилянов та қолдап отыр.
XS
SM
MD
LG