Accessibility links

Пәкістанның жартылай тәуелсіз Уәзірстан аймағында болған қақтығыстардың салдары Орталық Азияға ықпал етуі мүмкін бе?


Пәкістан үкіметі Оңтүстік Уәзірстанда жергілікті тайпалар мен шетелдік жаугерлер арасында болған шайқастарды Исламабадтың бұл аймақтағы қайшылықты саясатының табысты мысалы ретінде атап отыр. Бірақ, елдің бәрінің Пәкістан үкіметінің бұл тұжырымы Уәзірстандағы оқиғалардың толық тарихы екендігіне көздері жетпейді.

Уәзірстанда орын алған бұл қарулы қақтығыстар Ауғанстан мен көршілес жатқан Орталық Азия елдеріндегі қауіпсіздік жағдайына өзіндік әсерін тигізеді деген алаңдаушылық басым. Хабарларға қарағанда, осы айда Уәзірстанда өзбек жаугерлері мен жергілікті тайпалар арасындағы шайқастарда 150-ден астам адам мерт болған.

Оңтүстік Уәзірстан аймағына Пәкістан үкіметінің қолы жете бермейді және ел үкіметінің ол аймаққа ықпалы да шамалы. Сол себепті де Уәзірстандағы оқиғалар турасында нақты ақпарат алудың өзі қиын.

Пәкістан журналисі Хароун Рашид шайқастар орын алған жердегі жағдайдың қалай күрделі болғаны турасында былай дейді:

«Қазір Уәзірстанда үкімет бақылауы азғантай ғана. Екі-үш жыл бойына Пәкістан әскерлері бұл аймақта Әл-Қаида мен Талибан жасақтарына қарсы операциялар жүргізіп келді, бірақ олар табысқа жете алған жоқ, сондықтан олар өзіндік бір келісім жасады, олар Оңтүстік Уәзірстандағы екі басты тайпамен екі келісімге қол жеткізді. Одан кейін Пәкістан үкіметі бұл арадан кетіп қалды, сөйтіп бұнда бос кеңістік пайда болғандықтан, жаугерлер келіп, оны өз бақылауына алды.

Ол айтылған келісімдер бойынша жергілікті тайпалар жетекшілері Әл-Қаида мен Өзбекстанның Ислам қозғалысына қолдау көрсететін шетелдік жаугерлерді аймақтан аластауға жауапты болатын. Мұнда проблемалар туғызып отырған осы Өзбекстан Ислам қозғалысы.

Пұштұн тайпасының жетекшісі және Пәкістанның Солтүстік-батыс шекаралық провинциясынан парламенттің бұрынғы мүшесі болған Латиф Африди талибан жаулық пиғылды тоқтатқалы тұрғанға ұқсамайды дейді.

Уәзірстаннан берілген хабарларға қарағанда, қақтығыстар өзбектердің Пәкістан немесе АҚШ үкіметі үшін тыңшылық жасады деп күдіктелген жергілікті жетекшілердің бірін өлтіруінен және өзбектердің кейбірінің жергілікті әйелдермен байланыста болғанынан басталған көрінеді.

Мұнан соң жергілікті басшылар өзбектерді қару-жарақтарын тапсыруға шақырған, бірақ олар одан бас тартқан. Енді болса Пәкістан үкіметі Уәзірстандағы жергілікті басшылардың бұл аймақта шетелдік жаугерлерден босату турасындағы саясаты өз жемісін берді дейді.

Бірақ, «Талибан» деп аталатын кітаптың авторы Ахмед Рашид мұндай амалдың толыққанды дұрыс болмағандығын айтады.

«Менің ойымша, мұндағы жағдай Пәкістан үкіметі болған кездегіден гөрі қиындап, күрделеніп кетті. Шындығында, өзбектерге шабуыл жасаған жергілікті жаугерлер талибандар, сондай-ақ әл-Қаида мен Талибан жетекшілерімен байланыстары бар, бұл олардың өз іштеріндегі күрес, менің ойымша, экстремистер арасындағы», - дейді ол.

Жексенбі күні Пәкістан басылымдарының бірі қарулы 10 мың өзбек жақында Ауғанстанның Хелманд провинциясына жіберіліп, НАТО бастаған жасақтар мен Ауғанстанның үкіметтік күштеріне көмектеседі деп жазды. Ал Рашидтің айтуынша, олардың саны бұдан аз болуы мүмкін, бірақ өзбектердің мұндағы жағдайы күрделі, оларды қарусызданып, Уәзірстандағы ел арасында тұрады дейтіндей балама жоқ:

«Мұнда өзбектер қаруларын тапсыратындай жол жоқ. Олардың өте күшті топ екендігі де шындық. Мұндағы өзбектердің саны 1500-2000-дай болады. Олар егер қаруларынан айрылса, өздерінің жергілікті адамдар, Пәкістан әскері немесе американдықтар жағынан бұл арадан қуылатындықтарын біледі».

Ал кейбіреулердің айтуынша, Уәзірстанда қарулы бір мыңдай өзбек бар. Саны қанша болса да олардың өлсе де, тірілсе де осы Уәзірстанда қалуды қалаулары мүмкін. Сонымен, НАТО жасақтарының талибанға қарсы күресіне көмектесу үшін қарулы өзбектердің Ауғанстанға барулары екіталай дейді сарапшылардың бірқатары.

Бұл өзбектер үшін Өзбекстан немесе кем дегенде Орталық Азия өлкесі ең қолайлы мекен болуы ықтимал дегенді айтады талдаушылардың енді бірі.

Өзбекстан Ислам қозғалысы Орталық Азияда қазірге дейін белсенді әрекет жасап келеді, Тәжікстан мен Қырғызстанда оның бірқатар мүшелері тұтқындалған. Егер Уәзірстандағы өзбек жаугерлері Пәкістандағы күресті тоқтатып, елдеріне ораламыз деп шешсе, Орталық Азия аймағында Өзбекстан Ислам қозғалысы мүшелерінің саны күрт өсіп кетуі әбден ықтимал.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG