Accessibility links

Қытайлық ерлі-зайыпты өз үйлерін жергілікті биліктің ірі даму бағдарламасына орай бұзуына жол бермеуге тырысуда


Қытайдың дәстүрлі үлгісімен салынған қос қабатты үй қазіргі кезде, қаланың жаңа үйлер салынып жатқан аймағында, батпақты алаңда, кісі аяғы баса алмайтындай дәрежеде оқшау тұр. Бұл отбасы билікке қарсы 2004-ші жылдан бері күресіп келеді. Дей тұрғанмен, жеке меншікті қорғауға байланысты Қытайдың жаңа жер заңының алғашқы жүзеге асуында аталған отбасының қылығы алғашқы үлгі болса керек.

Орта жасқа келген ерлі-зайыпты Яң Ву және Ву Пиң өздері тұратын аймақтағы үйлердің, жергілікті биліктің көп қабатты үйлер салу жөніндегі ірі даму бағдарламасына байланысты, құлатылуына қарсы тұруда. Ең соңына дейін берілмегендер осы Ву отбасы болып отыр.

Биік жотада тұрған олардың үйінің айналасы қазір, жаңа көп қабатты үйлердің іргетасын қалау үшін, 10 метрдей тереңдікте айнала қазылып тасталған. Хабарларға қарағанда Тұрғын үй департаменті ол отбасына 250 мың доллар көлемде өтемақы қаржы ұсынған екен. Болмаса, жаңа салынып жатқан үйдің жоғарғы қабатынан өте кең пәтердің берілуіне уәде еткен. Алайда, өз үйлерінен ресторан ашып, оның жұмысын жүргізген Ву отбасы қазіргі жер көлемімен тең дәрежеде өздеріне өзге жердің берілуін талап етіп отыр. Оның себебі, ресторан бизнестерін одан әрі жалғастырмақшы. Алайда, олардың аталған өтініштері қанағаттандырылмады.

Лондондағы Чатем зерттеулер институтының Қытай бойынша сарапшысы Ии Ии Лудың айтуынша, азаматтардың өз отырған мекендерінен көшкісі келмей, наразылық білдіруі қазіргі кезде Қытайда оқыс жағдай болмай қалған.

Өткен аптада жергілікті сот Ву отбасының үйлерін босатуына шешім шығарған еді. Егер келісімге қол жеткізілмеген жағдайда Тұрғын үй департаментінің бұл үйді күшпен бұзуға ниеттеніп отырғандарын «Чайна дейли» басылымы жазған болатын. Ел экономикасы қарқынды дамыған сайын, әсіресе ауылдық жерлерде, өндірістік және коммерциялық дамулар үшін жерлерді тәркілеу Қытайдағы үлкен проблемалардың бірі ретінде қалып отыр.

Өз жерлерінен айрылған фермерлер жиі-жиі қарсылық шерулерін өткізуде. Олар өз үйлері үшін өтемақының лайықты дәрежеде төленбегенін айтуда.

Ву отбасына байланысты сарапшы Лудың айтуынша: “Ұлттық халық конгресі таяуда ғана меншік хұқын қорғау жөніндегі жаңа заңды қабылдады. Сонымен, осы жағдайлардың барлығының жиынтығы аталған мәселеге назар аудартуда”.

Қытай парламентінің наурыздың 16-сында қабылдаған заң жобасы ел тарихында азаматтардың жеке меншікке ие болу хұқын қорғайтын алғашқы заң болып отыр. Бұл заңның қабылдануы қарсаңында бірнеше жылдар бойы пікір сайыстары жүргізілген болатын.

Социалистік негізге құрылған аталған елде мұндай заңды қалай қабылдауға болады деген тұрғыда пікірлер өрбіген еді.

Жаңа заң бойынша қоғамдық меншік пен жеке меншіктің қорғалуы бір деңгейге қойылған. Дей тұрғанмен қоғамдық меншік үстем болуы тиіс, деп көрсетілген ол заңда.

Ал, Жейн стратегиялық ақпарат компаниясының сарапшысы Крисчн Лимейрдің айтуынша, жаңа заңда белгілі дәрежеде шектеулер де бар екен. Мысалы, ол тек қала тұрғындарының жеке меншігіне қатысты болып отыр. Сондай-ақ олардың жерді 50-70 жылға жалға алуларына мүмкіндік береді.

Ал, ауыл тұрғындары болса ешқандай меншікке иелік ете алмайды. Тіпті олардың жерді жалға алу мерзімі де 30 жылмен шектеулі дейді сарапшы.
XS
SM
MD
LG