Accessibility links

Атырау облысындағы құрылыс компаниясының жұмысшылары тамақтан жаппай уланған


Атырау облысындағы Қарабатан мұнай учаскесінде Аджип мұнай компаниясының тапсырысы бойынша «Болашақ» атты мұнай өңдей зауытын салып жатқан Түркияның «Гате Иншаат» құрылыс компаниясының жұмысшылары наурыздың 28- і күні жаппай тамақтан уланып қалған.

Кезекпен жұмысқа шығатын жұмысшылар наурыздың 28-і күні түскі астан уланып, өздерін нашар сезінген. Бұл жөнінде Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрінің баспасөз хатшысы Наталья Ким бейсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында, әуелі 11 жұмысшының тамақтан уланған деген дәрігерлер диагнозымен облыстық инфекциялық ауруханаға түскенін айтты.

Бұдан кейін уланған жұмысшылар саны өсе түскен. Бейсенбі күні Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Дулат Тасымов «Азаттық» радиосына берген сұхбатында, наурыздың 29-ы күнгі жағдаймен барлығы 323 жұмысшының тамақтан уланғанын айтты. Олардың 50-інің жағдайы орташа болғандықтан Атырау облысындағы инфекциялық ауруханаға жатқызылыпты. Ал қалған 273 жұмысшы сол Қарабатан учаскесінде құрылған санитарлық карантиндік лагерге апарылған.

Дәрігерлер олардың жағдайын жеңіл деп бағалаған. Д.Тасымовтың айтуынша, дәрігерлер негізінде жұмысшылардың тамақтан уланғанын, уланудың өткір әрі жұқпалы түрімен ауыратындықтарын хабарлаған. Ал ауырған жұмысшылар болса өздерінің сол күні компанияның асханасында түскі аста қуырылған тауық еті мен Түркиядан әкелінген йогурт-айран ішкендіктерін айтыпты. Қарабатан учаскесінде орын алған осы төтенше жағдайға байланысты обылыста арнайы комиссия құрылып, істің мән жайын тексере бастаған. Ал облыстық санитарлық-эпидемологиялық станцияның дәрігерлері улану оқиғасына байланысты жұмысшылар асханасын уақытша жауып, улану туғызған болуы мүмкін деп күдіктелген азық-түлік түрлерін сараптамаға жіберген. Оның қортындысы 3 күннің ішінде белгілі болмақ.

Наурыздың 29-ы күнгі жағдайымен, Қарабатан уческесіндегі төтенше жағдай қалыпқа түскені айтылып отыр. Бұл жөнінде обылыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің төрағасы Серік Қайрушев «Азаттық» радиосына хабарлады.

«Арнайы құрылған, құрамында дәрігери мамандар бар комиссия өз жұмысын оқиға болған сол жерде жүргізіп жатыр», - деді ол.

Ал облыстық инфекциялық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Эльмира Залатова ауруханада жатқан жұмысшылардың денсаулық жағдайлары орташа деді, сондай-ақ ол жұмысшылардың дәл неден уланғандығы туралы сараптама қортындысы шыққаннан соң белгілі болатындығын айтты.

Қарабатан учаскесінде құрылыс салып жатқан түркиялық және қазақстандық жұмысшыларды түскі аспен қамтамасыз ету жұмысы АСВ Саrtring атты компанияның мойнында екен. Бұл компания бір мезгілде 2300 жұмысшыға тамақ дайындап тұрыпты.

Өткен жылдың қазан айында және биылғы жылдың қаңтар айында Атырау облысындағы осы Түркияның «Гате Иншаат» құрылыс компаниясында жұмыс істейтін қазақстандық жұмысшылар компания басшылығынан өздерінің айлық жалақыларын көтеруді талап етіп, ереуілдер өткізген болатын.
XS
SM
MD
LG