Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ-қа шалдыққан тағы бір сәби анықталды


Балаға індеттің қалай жұққандығы қазірге белгісіз. Осыған орай мамандар эпидемиологиялық тексерулер жүргізуде. Қазіргі жағдаймен бұл облыста ВИЧ-қа шалдыққандардың жалпы саны 121 адамға жетті.

Республикалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының зертханасы Оңтүстік Қазақстан облысында 2005 жылы туылған сәбидің ВИЧ инфекциясына шалдыққанын растады дейді облыстық СПИД-ке қарсы күрес орталығының баспасөз хатшысы Зәуре Мырзақожаева. Оның айтуына қарағанда, эпидемиологиялық тексеру қортындысы көрсеткеніндей, балаға қан ауыстырып құйылмаған. Алайда, туғаннан денсаулығы дімкәс бала Шымкент ауруханаларында бірнеше мәрте жатып емделген. Қазір баланың ата-анасының анализдері талдануда.

Бұдан бұрында айтқанымыздай, үстіміздегі жылдың қаңтарының 19-ынан бастап Шымкентте балаларға жаппай ВИЧ індетін жұқтыру ісіне қатысты сот процессі басталған болатын. Онда 21 адам осы оқиғаға кінәлі ретінде айыпталуда, олардың 18-і медицина қызметкерлері. Қазіргі уақытта сот жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алуда. Бұған дейін сот залында жауап алынған айыпталушы медицина қызметкерлерінің бір де біреуі өздеріне тағылған айыппен келіспей, кінәсіз екендіктерін мәлімдеген еді. Алайда, балаларға жаппай ВИЧ індетін жұқтыру ісі бойынша сот процесіндегі айыптау өкілдері болса айыпталушылардың сот процесіндегі айыптау базасы жеткіліксіз және дәлелсіз дегендері шындыққа жанаспайды деді.

«Бұл Қазақстандағы ең үлкен трагедия. Мен мұны Шаңырақтың, анау кеншілердің трагедиясынан да жоғары қояр едім. Себебі, мұнда адамдар қырылып қалмағаннан кейін, көзге көрінбей тұр. Бірақ, аналар мен балалардың күн өткен сайын үнсіз-түнсіз өліп бара жатқандығы, бұл шындығында да трагедия. Менің ойымша, бұған әлі күнге дейін арнаулы бір терең зерттеу жасалған жоқ. Бұл жерде үкімет әр баланың емінен ақша аямау керек. Оларға өле-өлгенше әдемі өмір сыйлау керек. Бұл мемлекеттің міндеті. Себебі, осыны жасап отырған мемлекет. Біреулер келіп әдейі құдығымызды улап кеткен жоқ. Осыған кінәлі адамдар өте қатаң жазалану керек», - дейді саясаткер Дос Көшім.

«Оңтүстік Қазақстандағы ВИЧ мәселесі – біріншіден, Қазақстанның денсаулық сақтау саласының құлдырап кеткендігін, екіншіден, саяси жүйенің әбден тығырыққа тірелгендігін, үшіншіден, қай салада болмасын, жемқорлықтың өсіп жатқандығын көрсетіп отыр. Осындай жағдайдан кейін Қазақстан бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қайтіп қосылады? ВИЧ оқиғасынан кейін денсаулық сақтау саласының басшысы орнынан кеткен шығар, осы салаға қаржы көбірек бөлінген шығар. Бұл бірақ денсаулық сақтау саласының қызмет көрсету сапасына өзгеріс әкеле қойған жоқ», - дейді Асылбек Қожахметов.

Қазіргі жағдаймен Оңтүстік Қазақстан облысында 108 баладан ВИЧ індеті анықталып, оның 8-і қайтыс болса, біреуі шетелдіктер асырауына берілген және 13 анадан қатерлі дерттің белгілері табылған болатын.
XS
SM
MD
LG