Accessibility links

Грузия елі Еуропа сотына адам хұқықтарын аяққа таптады деп, Ресейдің үстінен арыз берді


Ресейдің үстінен Еуропа одағының сотына Грузия арыз берді. Оған себеп, Ресейдің өткен күзде өз жерінен грузин ұлт өкілдерін жаппай қууы. Адам хұқықтарының аяққа тапталуына орай осындай арыз бергендері жөнінде Грузия Әділет министрлігі наурыздың 26-да мәлімдеді.

Өткен қазан айында Ресейдің полиция бекеттеріне бірнеше жүздеген грузин ұлт өкілдері күшпен келтірілген болатын. Иммиграция заңдарын бұзды деген айыппен оларды ұшақтарға мінгізіп, Грузияға жөнелткен еді. Ресей құпия қызметінің 4 офицерінің жансыздықта айыпталып, Тбилисиде ұсталғанына байланысты Ресей тарапынан жүргізілген жазалау шараларының бұл- бір көрінісі ғана болатын.

Грузия Сыртқы істер министрлігі мәліметтеріне қарағанда, сол кезден бері Ресейден 4600-ден де көп грузиялықтар шығарылып жіберілген екен. Олардың кем дегенде екеуі Ресей түрмелерінде қаза болған. Олардың бірі - 58 жасар ер азамат Мәскеу әуе жайындағы түрмеде тиісінше медициналық көмектің көрсетілмеуі себепті, демікпенің асқынуынан қаза болған.

Араға тағы бір ай салып, 51 жасар әйел Мәскеудегі түрмеде 6 апта жатқаннан кейін жүрек талмасынан көз жұмған екен. Адам хұқықтары бойынша Еуропа сотындағы Грузия өкілі Бесарио Бохашвилидің айтуынша:

«Екі ел арасындағы бұл арыз-шағымға негізінен мыңдаған адамның өткен күзде Ресей билігі тарапынан зорлықпен елден шығарылып, оның барысында адам хұқықтарының өрескел бұзылуының бірнеше мысалының орын алуы себеп болып отыр», - деді Бохашвили.

Бұл арызды Ресей сыртқы істер министрлігі “насихаттық шу” деп бағалап, оның екі ел қарым-қатынасындағы нашар жаңалық екендігін ескертті. Әдетте үкіметтер Еуропа соты арқылы мәселені шешуге сирек барады.

Еуропа кеңесіне мүше 46 елдегі адам хұқының жайына байланысты түскен арыздарды қарап, адам хұқының қорғалуын жүйелеу үшін осы Еуропа соты құрылған болатын.

1959-шы жылы құрылғаннан бері Еуропа соты жекелеген мыңдаған адамнан олардың өз елдері үстінен жазған шағымдарды алған екен. Алайда, мемлекеттердің бір-бірінің үстінен арыз беруінің санаулы мысалдары ғана бар боп шықты.

Грузия болса, бұл сот үдерісі барысында жеңіске жететіндіктеріне сенімді. Грузия Әділет министрі Гиа Кавтарадзенің өткен айда білдірген пікіріне қарағанда, осы үдерісте өздерінің 100 пайыз жеңіске жететіндерін білген жағдайда ғана Грузия елі Ресей үстінен арыз беруі мүмін еді. Айтқандай-ақ арыз беру үдерісі орын алып отыр.

Сондай-ақ Грузия жас заңгерлері қауымдастығының өкілі Софио Жапаридзенің пікірінше, Ресей жерінде Грузин азаматтары хұқының мейлінше тапталғанын дәлелдейтін айғақтар жетерлік екен. Осы жас заңгерлер қауымдастығының өзі ғана Ресейден күшпен шығарылған 17 грузиндіктің ол елге қарсы Еуропа сотына шағым толтыруына көмектескен боп шықты. Мұндай жекелеген арыздар да Грузин үкіметінің Ресейге қарсы сотқа толтырған құжаттарына тіркелген екен.

Сот шешімін жасауға аса маңызды дәлелдері болғанда ғана Грузияның бұл арызын Страсбург сотының қабылдауға мүмкіндігі болатын сияқты. Осы істі қарауға Еуропа соты келісім берген жағдайда оның шешімін Тблисидің үш жыл немесе одан да көп уақыт күтуіне тура келмекші.
XS
SM
MD
LG