Accessibility links

Алматы қалалық мәслихаты депутаттарын сайлау комиссиясының құрамына оппозициядан 17 адам ғана енгізілді


Алматыда Қазақстанның демократиялық күштері алдағы күзде өтетін мәслихат сайлауы баяғы сарынмен әділетсіз өтуі мүмкін деп мәлімдеді. Оппозиция өкілдерінің мұндай мәлімдеме жасауларына Алматы қалалық мәслихаты депутаттарының 354 сайлау комиссиясының жаңа құрамына мүшелікке оппозициядан 17 адамның ғана енгізілгендігі яғни бұл жалпы учаскелік комиссия мүшелерінің санына шаққанда 0,7 пайызды құрағандығы себеп болып отыр. Алматылық сайлау комиссияларында «Нұр Отан» партиясы атынан 1034 адам сайлау комиссиялары мүшелерінің құрамына енгізіліпті. Ал кейбір саясаттанушылар болса оппозиция өкілдері сайлау жұмыстары басталмай жатып өздеріне жарнаманы бастап кетті деген пікірде.

Демократиялық күштер Алматы қаласында территориалдық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары бойынша өткен қосымша сайлауды – кезекті көзбояушылық фарс деп санаймыз. Өйткені негізінен «Нұр-Отан» ХДП мүшелерінен тұратын қалалық мәслихат депутаттары алдағы сайлауда сөзсіз жеңілетіндерін біліп, Қазақстандағы ең үлкен мегаполистегі беделді партиялардың өкілдерін сайлау процесін бақылау құқынан дөрекі түрде айырып отыр, дейді Жалпы ұлттық социал-демократиялық партияның жетекшісі Жармахан Тұяқбай:

- Президент Н.Назарбаевтың 2005 жылғы Жолдауында Орталық сайлау комиссиясына «халықаралық стандарттарға және біздің қоғамның дамуына толықтай сәйкес келетін сайлау механизмдерін сапалы түрде жетілдіретін ұсыныстарды...» 2005 жылдың аяғына дейін жасап шығаруды тапсырған болатын. Алайда бұл тапсырма әлі күнге орындалмай келеді. Өйткені Алматы қалалық мәслихатында болған жағдай шектен шыққандық. Саяси партиялардың мүдделеріне осылай қиянатпен қарай беретін болса, сайлау комиссияларының жергілікті мүшелеріне басқа пікірлі, еркін ойлы жұмыс істейтін адамдар кірмейтін болса онда алдағы сайлаудың жағдайы белгілі. Мұндай жағдай бүгін Алматыда болды. Ертең басқа облыстарда да мәслихаттардың отырыстары өтеді. Барлық жерде осындай үрдіс орын алатын болса алдағы сайлаудың жайы бізге белгілі.

Қазақстанның демократиялық күштері өздерін «Асар», Аграрлық және Азаматтық партиялардың өкілдерін «Нұр-Отан» партиясының мүшелікке қабылдау процесі тым ұзаққа созылып кеткені де алаңдатып отырғандығын алға тартады.

- Осыдан жарты жыл бұрын Қазақстанда «Асар», Азаматтық және Аграрлық партиялары қызметтерін тоқтатты. Қолданыстағы сайлау заңына сәйкес, өз қызметтерін тоқтатқан аталмыш партия өкілдері сайлау комиссияларындағы орындарын босату керек. Ал бұл партиялар өз қызметтерін әлі тоқтатпаған, - дейді «Нағыз Ақ жол» партиясының жетекшілерінің бірі Ораз Жандосов.

Оның сөзіне қарағанда, Демократиялық күштер сайлау комиссияларына өз өкілдерін өткізе алмай жүргенде, «Нұр-Отан» партиясының мүшелері барлық сайлау комиссияларында басым орынға қол жеткізген, ал оларға президентшіл партиялардың өкілдерін қоссақ, онда олар сайлау комиссияларын толық бақылап отыр деуге негіз бар.

Алайда оппозиция өкілдерінің бұл мәлімдемесіне саясаттанушылар әртүрлі баға беріп отыр.

- Демократиялық күштер сайлау алдында өздеріне назар аударту мақсатында осындай қадамдарға барып отыр. Өйткені, мәслихат депутаттарының сайлау комиссиясының құрамын жасақтау жұмыстары әлі толықтай қолға алына қойған жоқ. Комиссия мүшелерін партиялар ұсынады. Оны мәслихат бекітеді. Ал мәслихаттың көпшілігі ол мәселеге әлі кіріскен жоқ. Менің ойымша, бұл алдын-ала айқай-шу көтеру үшін жасалып отырған сияқты. Себебі, ертең оппозиция сайлауда жеңіле қалса біз басында-ақ айтып едік шешімі болмайды деп айтқанға оңай болады, - дейді саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек.

«Демократиялық күштер айтып отырған пікір орынды. Айталық 1 пайызға жетпеген олардың сайлау комиссияларының мүшелері не шешеді? Айтылған пікір заңды әрі орынды мезгілінде айтылған пікір. Менің ойымша, сайлау комиссиясы мүшелігінің 40 пайызын оппозицияға беру керек. 60 пайызын билік алсын. Сонда ғана сайлаудың қорытындысына сенуге болады. Онсыз сайлауға халық сенбейді. Менің ойымша жергілікті сайлауға халық бармайтын да шығар», дейді саясаткер Сейдахмет Құттықадам.

Ал мәлімдеме жасап отырған демократиялық күштердің өкілдері болса бұл мәселеде қарап қалмайтындықтарын айтады. Жалпы ұлттық социал демократиялық партияның жетекшісі Жармахан Тұяқбай: «Осы мәселе бойынша біз биліктің барлық тармақтарына өз пікірімізді білдіреміз. Ең бастысы - биліктен бүгін мынау сайлау туралы заңға өзгерістер онда барлық партиялардың сайлау комиссиясына мүшелікке өтуіне құқық беру бабын енгізуді талап етеміз. Егерде біздің елдегі алуан пікірдегі саяси құрылымдар, партиялар сайлау комиссиясына мүше болмайтын болса, онда әділ сайлау болады деп, сайлауға оң баға беріледі деп айту мүмкін емес», дейді.

Қазақстанның демократиялық күштері келтірген дерекке сүйенсек, Алматы қалалық мәслихаты депутаттарының сайлау комиссиясының жаңа құрамына «Әділет» партиясынан 197 адам, Коммунистік халықтық партиядан 145, Патриоттар партиясынан 151 адам, «Ауыл» партиясынан 126 адам енген. Сол сияқты, қосымша сайлауды есептегенде алматылық сайлау комиссиялары құрамында «Нұр-Отан» партиясының мүшелері 1034-ке, ал «Руханияттың» мүшелері 335-ке жеткен.
XS
SM
MD
LG