Accessibility links

Қазақ архитектуралық-құрылыс академиясының №1 және №5 жатақхана тұрғындары бөлмелерінен күштеп шығарылмақ болды


4 сәуір күні Алматы қаласы Бостандық ауданының 1,2 соттарының Қазақ архитектуралық-құрылыс академиясына тиесілі №1 және №5 жатақхана тұрғындарын орындарынан көшіру жайындағы шешімдері орындалмай, шешімді жүзеге асыруға келген сот орындаушыларын жатақханалардың 30-ға жуық тұрғындары ішке кіргізбей тастады. Өз бөлмелерін босатудан бас тартқан тұрғындардың айтуынша, аталған оқу орнында бірнеше жыл жұмыс істеген оларға жатақхана бөлмелерінде тұрақты тұруға құқы бар. Алайда академия басшылығы жатақхана есебінен пайда табу үшін бізді орнымыздан көшіруге мүдделі болып отыр дейді олар.

Бүгін Қазақ архитектуралық-құрылыс академиясының №1 және №5 жатақханаларын босатудан бас тартқан бір топ тұрғындар академия басшылығының жатақхана бөлмелерін заңсыз алғысы келіп отырғандығын айтты. Өз бөлмелерін қорғау мақсатымен олар жатақханаға ешкімді кіргізбей, есік алдында кес-кестеп тұрып алды. Жиналғандардың арасынан сұхбат беруге келіскен, бірақ өз атын айтудан бас тартқан әйелдің айтуынша, академия басшылығы бұрын оқу орнында талай жыл еңбек еткен адамдарға тұратын бөлмелерін жекешелендіріп беруге уеде беріп, кейіннен алдап кеткен.

- Мен осы оқу орнында 12 жыл мұғалім болып істедім. Бұрын мекеме басшылығы қызметкерлер тұратын бірнеше жатақханаларды жекешелендіріп береміз деген болатын. Жекешелендіріп беру тұрмақ, қазір бізге кетіңдер деп жатыр. Ал 2001 жылы осы жатақханалар жекешеленеді деген қаулы шыққан болатын. Біз осы қаулы орындалмай, осы жерден кетпейміз дейді, - ол.

Мұнан әрі үш баласы бар әйел оқу орны басшылығының тұрғындарды бірнеше рет көшіруге талпыныс жасағанын айтты.

- КазГАСА былтыр бізге «не жатақханадан кетесіңдер, не жұмыстан кетесіңдер» деп талап қойды. Бәріміз жатақхананы қалағандықтан, жұмыстан кеттік. Ал олар керісінше, бізді жатақхананы босатады деп ойлады. Ал біздің баратын жеріміз жоқ болды. Барлығымыздың бала-шағаларымыз бар, - дейді әйел.

Ал Риза есімді жатақхана тұрғыны халықтың ашу-ызасын тудырған оқиға туралы былай деді.

- Бізге дейінгі жатақханаларды босатып, жөндеу жұмыстарын бітіргеннен кейін КазГАСА басшылығы оларды оқу орнына қатысы жоқ адамдарға беруде, олардың арасында қаланың адамдары да бар. Бір жатақхана мейманхана болып кетіп, одан пайда көруде. Соның бәрін көріп отырғасын шуламағанда қайтеміз, - дейді Риза.

Ал Бостандық ауданы сотының шешімін орындауға келген сот орындаушысы Мақсат Есімханов тұрғындарды көшіру ісі заң аясында ғана шешіліп жатқанын айтты.

- Біз соттың шешімі бар адамдарды шығаруға келдік. Бірақ халық соттың шешімімен келіспейміз дейді. Бізде сот шешімін қайтару туралы құжат жоқ. Сондықтан сот шешімін орындауға тиістіміз, - дейді Мақсат Есімханов.

Ал осы жатақхананың тағы бір тұрғыны Райхан Дуанаева осы даулы істі қарап жатқан Бостандық ауданы сотының әділ шешім шығаратынын сенбейтінін, себебі оның сотта уинверситетін басшылығын қолдап отырғаннын айтты. «Ал оқу орны басшылығына деген сенім, баяғыда академияға қарасты жерден олардың бізге үй тұрғызып береміз деп, сөздерінен тайқып кеткенінен бастап қалған» дейді Райхан Дуанаева.

- Бұрын осы маңда КазГАСА-ның автотұрағы болған. Олар бізге үй салып береміз деп уәде бергенімен, сол жерге «Қуат» құрылыс корпорациясының үйлері тұрғызылады. Сөйтіп, ол үйлер академия қызметкерлеріне тимейді. Академия басшылығы үй салу үшін біздің өтініштерімізді алғанымен, біз дымсыз қалдық ақыры, - дейді Райхан Дуанаева.

Алайда академия басшылығына хабарласып, осы мәселелердің анық-қанығын білуге «Азаттық» Радиосы тілшісінің мүмкіндігі болмады.

Бүгін сондай-ақ, 5-ке көршілес 1-ші жатақхананың тұрғынын Қамбарбекова есімдің азаматшаны да орнынан көшіру процесі жалғасты. Алайда жатақхана тұрғындардың айтуынша, көшіру туралы құжатта Қамбарбекова тұратын бөлменің нөмірі болмаған. Сонымен, көшіру процесі тағы да аяқсыз қалды.

Ал сотта аталған жатақхана тұрғындарының құқын қорғап жүрген адвокат Вячеслав Фотинның айтуынша, тұрғындардың жатақханада тұруға толық хақылары бар.

- Қазір жатақханалардың оқу орнына қатысы бар-жоқтығы жөнінде сот ісі жүріп жатыр. Дау осы жатақханалардың меншігіне байланысты туындап отыр. Құжаттар №1 және №5 жатақханалардың академия қарасты екенін дәлелдейді. Егер сотта осы нәрсе дәлелденсе, тұрғындар орындарынан көшірілмеуі тиіс, - дейді Вячеслав Фотин.

Осыған дейін жатақхана меншігінің дауына қатысты Бостандық ауданының сотында екі сот процесі жүрген болатын. Бүгін №1 және №5 жатақхана тұрғындарын көшіру кезінде үшінді сот процесі жалғасып жатты. Тұрғындардың пікірінше, сотқа тұрғындарды қатыстырмас үшін сот процесі мен жатақханаларды босату әрекеті әдейілеп бір күнге қойылған.
XS
SM
MD
LG