Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.06.2007 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдардың бірі Қазатком оқиғасына «арандатушылық әрекет» деген баға беріп отыр. Сонымен қатар, газеттер Алматы тұрғындарының баспанаға қатысты аштық шарасы басталғандығына мән берсе, тағы бір басылым ойынхана қожайындары митингке дайындалып жатқандығына тоқталып өтіпті.

«Караван» газеті Қазатком ауылындағы қақтығыс арандатушылық мақсатта алдын-ала ұйымдастырылған деп жазыпты. Мақала авторы Олег Губайдуллиннің пікірінше, бұл әдейі ұйымдастырылған қылмыстық акция. «Бес адамның өліміне әкеп соқтырған қақтығыс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Тергеу барысында белгілі болғандай, Махмахановтардың үйіне шабуыл ұйымдастырғандардың ішінде жергілікті тұрғындар аз болған. Қалғандары Алматы, Қаскелең, тіпті Шымкент қалалары мен Қайрат, Ақши, Шелек ауылдарынан келген. Бұл жердегі әңгіме алдын-ала жоспарланған қылмыстық акция төңірегінде болып отыр» делінген «Караван» газетінің мақаласында.

Саясаттанушы Берік Әбдіғали, «Республика» газетіне берген сұхбатында, Қазатком оқиғасы этникалық сипатқа ие болғандығын айтыпты. «Қанша жерден оны жоққа шығарсақ та, қылмыстық жанжалдан басталған оқиғаның этникалық сипат алғандығын көріп отырмыз. Ресми органдар оған «бұзақылық» деп баға бергенімен, халық ұлтаралық жанжал жөніндегі әңгімесін доғармайды» делінген мақалада. Сонымен қатар, Берік Әбдіғали мұндай жанжалдардың барлығы ұлтаралық қатынастардың нәзіктігінен хабар беретіндігін атап көрсеткен. «Ұлттар арасында мәселе жоқ деп кесіп айтуға болмайды, ол қашан да болған. Бұл жердегі мәселе оның қандай дәрежеде асқынып кетуі мен оны болдырмау үшін не істеу керектігінде болып тұр», депті Берік Әбдіғали «Республика» газетіне берген сұхбатында.

Бұл уақытта Алматыда жатақхана тұрғындарының аштық акциясы жалғасып жатқандығына «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты мән беріпті. «Қазақ мемлекеттік құрылыс және сәулет академиясының басшылығы №5 жатақхананы тұрғындардан босатуды жөн деп шешкен. Алайда, далада қалғысы келмеген тұрғындар баспаналарын босатқысы жоқ» делінген мақалада. «Қала әкімшілігі бұл іске араласуды қаламай отыр. Академия басшылары болса тұрғындарды көрші жатақханалардың әжетханасына орналастыруға дайын екендіктерін білдірді. Ал тұрғындар аштық жариялау арқылы жылы орындарын сақтап қалуды көздеп отыр» деп жазды «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты.

«Республика» газеті болса Қарағанды облысындағы Шахан ауылының тұрғындарының жергілікті басшылықпен теке-тіресі жалғасып жатқандығына мән беріпті. «Шахан тұрғындары жергілікті әкімшілік жүргізіп жатқан реформалар жағдайдың жақсаруына бағытталмаған деп есептейді. Он мыңнан астам тұрғыны бар қалашықтағы қырғи-қабақ соғыстың жүріп жатқанына бір жылдай уақыт болды» делінген мақалада. «Тұрғындар мұндағы тұрмыстың қиындап кеткендіктерін айтуда. Сонымен қатар, олар Шаханға әкімшіліктің не қажеті бар деген мәселені көтеріп отыр. Осындай сауалдарын олар Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматуллинге жолдапты» деп түйіндейді «Республика» газеті.

Бұл уақытта Қазақстандағы ойынханалар мен ойын автоматтары мекемелерінің қожайындары наразылық шеруіне дайындалып жатқандығы туралы мақала «Караван» газетінде жарық көріпті. «Алматы қаласындағы ойын бизнесі қауымдастығының өкілі Олег Кавериннің пікірінше, ойын бизнесін жабу туралы шешім шетелдіктердің пайдасын көздейді. Бұл жергілікті орта тап өкілдерінің жұмысына нұқсан келтіріп отыр. Біз өз құқығымыз үшін күресетін боламыз. Сонымен қатар, сәуірдің 15-күні митингке шығамыз» депті Олег Каверин «Караван» газетіне берген сұхбатында.

Ал «Панорама» газеті болса Қапшағайды Лас-Вегасқа айналдыру жұмыстары қарқынды жүріп жатқандығына тоқталып өтіпті. «Туризм өндірісі комитетінің төрағасы Қайырбек Өскембаевтың айтуынша, Қапшағайдағы туристік орталыққа арналған құрылыс нысандары осы жылғы қыркүйекте инвесторларға беріледі. Бұған дейінгі уақытта біз қаланың бас жоспарын дайындап, тамыз айында қоғамдық экологиялық сараптамадан өтуіміз керек» депті Қайырбек Өскембаев «Панорама» газетіне берген сұхбатында.

Ойын бизнесінің тоқтауынан мыңдаған азаматтар жұмыссыз қалғандығын «Новое поколение» газеті ескертіп отыр. «Бұл жерде ресми билік пен ойын бизнесі қауымдастығы таратқан мәліметтер сәйкес келмей отырғандығын айта кету керек. Соған байланысты жұмыссыздар санын 10 мың мен 50 мыңның арасынан іздейміз» делінген мақалада. «Облыс әкімдерінің есептеріне қарағанда, аймақтарда азаматтарды жұмыспен қамту шаралары басталған. Мәселен, Қарағанды облысында 316 адамның 176-сы жаңа жұмысқа тұрса, Алматы облысының әкімшілігі 214 адамның барлығын жұмыспен қамтамасыз етуге уәде беріп отыр» деп түйіндейді «Новое поколение» газеті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG