Accessibility links

Қазақстанның бас прокуратурасы жергілікті БАҚ өкілдеріне ескерту жасады


Қазақстанның Бас прокуратурасы елдегі БАҚ арқылы бір ұлттың екінші ұлтпен салыстырғандағы ерекшелігін айтып, әдейі ұлтараздыққа әкелетін ақпарат тарату - Қылмыстық кодекстің 164 бабымен қудаланатынын ескертіп отыр. Бұл туралы Астанада көкектің 6 күні бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нүрпейісов Казатком және Маловодное елді мекендерінде болған оқиғалар бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына осындай мәлімдеме жасады. Бірақ, оның айтуынша, бұл ұлт туралы мүлде айтпа деген сөз емес.

Қазақстанның бас прокуратурасы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарын ұлтараздық пікірлер айтылатын, конституцияға қайшы мәлімет таратуға болмайтындығын ескертті.

«Соңғы кезде кейбір БАҚ-дары Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Казатком және Маловодное ауылдарындағы 17-18 наурызда болған оқиғалар бойынша конституцияға қайшы келетін ақпарат беріп жүр. Оның сыртында кейбір веб-сайттарда ұлтараздық пікірлер жазылады» дейді прокуратура өкілдері.

Қазақстаннан қуылу керек деген ұрандарға Қазақстан заңдары бойынша жол берілмейді дейді Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нүрпейісов:

- Кейбір фактілер мына Маловодноеда, Казаткомда пікірталас туғызып, кейбір бұрмалаушылықтар болып отыр. Ұлттың намысына тиетін барлық қатынастар, мақала, мақал-мәтел болсын, жарияланған веб-сайттарда телеэфирде айтылғанда, бұл тұрғыда барлық бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иелері, бас редакторлары өздерінің жауапкершілігін сезінгені жөн. Конституция тыйым салады: кез келген азаматттың азаматтығын алуға немесе оларды біздің елден қууға. Өйткені, қазір сондай ұрандап жатыр ғой, басқа елге қуу керек, жабу керек, тежеу керек деп. Сондықтан конституцияда 20 бап тағы да тыйым салады.

Қазақстандағы Шешен дисапорасының жетекшісі Ахмет Мұрадовта жанжалдан кейін Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары арқылы берген сұқбатында, «Бірінші мақсатымыз - арандатушылыққа бой бермеу, бәз біреулердің сыртқы әсеріне бой бермеу» керек деген болатын.

Тарихшы Андрей Свиридовтың айтуынша, 20 ғасырда баяғы замандағы әрекеттерге бару дұрыс емес.

«Бұл туралы айтқанда біз тар маңдайлы ұлтшылдарға ұқсаймыз. Жеке біреудің қылмысы үшін оның бауырлары, руластары емес, сол адамның өзі жауап беру керек», дейді тарихшы.

Прокуратура хабарлағандай, болған оқиғалар бойынша қасақана адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу, мүлікті жою және ұрлық жасау фактілері бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды. Қазір 2 адам қамауға алынды, бір адам іздеуде деп хабарланды. Прокуратура мәліметінше, бұл оқиға бойынша жуық арада лауазым аттары жайлы ақпарат беріледі.

Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нүрпейісовтың айтуынша, аталған елді мекендерде болған оқиға қылмыстық тұрмыстық жағдайдан басталған және онда ұлтараздық бар деген мәлімет өтірік дейді ол:

- Ешқандай ұлтаралық қатынасқа қатыстығы жоқ. Әрине, қлты бөлек екі адамның арасындағы жанжалға ұлттық сипат беруге тырысатындар бар. Жалпы, білесіздер, ол жай ғана екі адамның арасындағы төбелестен шығып отыр. Оған қатысты кінәлі лауазым иелері өздеріне тиесілі жауапкершілігін алады. Ішкі істер министрлігі қызметкерлеріне байланысты жауапкершілікте әлі де талай лауазым иелерінің аты-жөндерін естисіздер.

Бас прокуратура хабарлағандай, қазір Казатком және Маловодное ауылдарында болған оқиғалар бойынша жазылған бірқатар мақалалар тексеріліп жатыр. Ал, «Азаттық» тілшісінің прокуратураның бұл ескертуі «Қазақстанда цензура жоқ, сөз бостандығы бар» деген конституциялық қағидаға қайшы келмейді ме деген сұраққа, бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нүрпейісов былайша жауап берді:

- Осы мәселе төңірегінде бас прокуратура уәкілетті органға сараптама өткізуге тапсырды. Қылмыс болса қозғалады. Ұлт туралы айт немесе айтпа деген тыйым жоқ. Біздің айтып отырғанымыз ұлт туралы айт, бірақ бір ұлт артық, бір ұлт кем, нәсілдігіне, ар-намысына тимейтін бағытта айтуға болады.
XS
SM
MD
LG