Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.07.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдар Бас прокуратураның Қазаткомдағы қақтығысқа қатысты мәлімдесіне баса назар аударыпты. Сонымен қатар, газеттердің бірі Алматыда нан бағасы қымбаттағандығына тоқталып өтсе, тағы бір басылым скрипкашы Марат Бисенғалиевтің британдық Барон Коэннің шығармасын орындамақшы екендігі туралы жазыпты.

Қазақстанның Бас прокуратурасы ұлт араздығын қоздырушылар жазаланатындығын ескерткендігі туралы мақала «Айқын» газетінде жарық көріпті. «Прокуратура Казатком және Маловодное ауылдарында болған оқиғаларды өз орайына пайдаланып, саяси ұпай жинап жүргендердің соңына түсті» делінген мақалада. «Осыны айтып жүрген, оқиғаны өз ыңғайына қарай бұрмалаған БАҚ өкілдері немесе азаматтар Азаматтық және Қылмыстық кодекстер бойынша жауапқа тартылады деп ескерткен прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов. Оның айтуынша, Бас прокуратураның уәкілетті органына ендігі материал жинап, арнайы сараптама өткізу және «мінберлерді пайдаланғандардың» ісіне тиісті баға беру жүктеліпті» деп жазды «Айқын» газеті.

Сонымен қатар, Бас прокуратура «Алматыжер» мекемесінің қызметін тексеріп жатқандығына «Экспресс К» газеті мән беріп өтіпті. «Прокуратура өкілдерінің айтуынша, аталған мекемеде жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. Бұл мекеменің әрі қарайғы тағдыры осы тексерулерге байланысты» делінген мақалада. «Алматы прокуратурасы қалалық әкімшіліктің жер телімдерін пайдалану ережесіне қарсылығын білдірген болатын. Әкімшілік бұл ұсынысты кейін қайтарған соң, прокуратура сотқа шағымданған еді. Артынша қала әкімі сөз болып отырған қарардың күшін жойып, қазір қалалық мәслихат жер телімдерін пайдаланудың жаңа ережесін дайындап жатыр» деп түйіндейді «Экспресс К» газеті.

Бұл уақытта Ақтау қаласындағы жалғыз саябақ ақыры сатылып кеткендігі туралы мақала «Экспресс К» газетінде жарық көріпті. «Оның жаңа қожайындары саябақ орнына ойын-сауық орталығын салуды жоспарлап отыр. Осылайша Ақтау жасыл аймақсыз қалмақ» делінген мақалада. «Ақ бота» деп аталатын бұл саябақ өткен ғасырдың 60-жылдары пайда болған. Сол жылдары қаланың нағыз демалыс орнына айналған бұл саябақта кезінде әртүрлі аттракциондар мен жазғы кинотеатр жұмыс істеген еді. Алайда 2003 жылы қала әкімшілігі оны жекешелендіріп жіберген. Ал өткен жылы әкімшілік саябақтың орнына жаңа құрылыстар тұрғызуға рұқсат берген. Бұл шешім қала жұртшылығының наразылығын туғызған болатын. Прокуратура болса саябақтың арзан бағаға сатылып кеткендігін анықтап отыр. Бұл уақытта қала құрылысы кеңесі «Ақ бота» саябағының орнында құрылыс жүргізуге болатындығы туралы шешім шығарды» деп түйіндейді «Экспресс К» газеті.

«Комсомольская правда: Қазақстан» газеті болса Алматыда нан бағасы қымбаттағандығына тоқталып өтіпті. «Осы аптада «Ақсай-НАН» зауыты өнімдерінің бағасын өсірді. Қазір аталған зауыт бөлке нанды 35 теңгемен өткізіп жатыр» делінген мақалада. «Зауыттағылар бағаның қымбаттауын энергия құнының өскендігімен түсіндіріп отыр. Компанияның қаржы директоры Айгүл Бұлғақпаеваның айтуынша, тарифтердің арзандығын пайдаланып келген мекеме нанды түн мезгілінде пісіретін болған. Ал қазір мұндай жеңілдік алып тасталыныпты. Соған байланысты нан бағасы да қымбаттап, ол дүкендерде 40-45 теңгеден сатылып жатыр» деп түйіндейді «Комсомольская правда: Қазақстан» газеті.

Соңғы төрт айдың ішінде Алматы қаласында электр қуатының бағасы 40 пайызға қымбаттағандығы туралы мақала «Казахстанская правда» газетінде жарық көріпті. «Баға әрі қарай да көтеріле беруі мүмкін деп есептейді үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері. Олар электр саласындағы ауырпалықтың барлығын тұтынушылардың мойнына жүктей бермеу керек екендігін алға тартады. Сонымен қатар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері осы салаға мемлекеттік дотацияны көбейтіп, оның дұрыс ұсатылуын қадағалауды ұсынып отыр» деп жазды «Казахстанская правда» газеті.

«Время» газеті болса Қазақстандық скрипкашы Марат Бисенғалиевтің британдық Барон Коэннің шығармасын орындамақшы екендігіне мән беріпті. «Сазгер Эран Барон Коэн - жұртшылыққа «Борат» образымен танымал Саша Барон Коэннің туған бауыры. Марат Бисенғалиевтің айтуынша, сазгерге қазақстандық скрипкашының ұсынысы қатты ұнаған. Сөйтіп, Эран Коэннің «Зере» атты жаңа шығармасы дүниеге келген. Оның тұсаукесері Лондонда мамырдың 4-күні, Алматыда мамырдың 7-күні өткізіледі». Сонымен қатар, Марат Бисенғалиев «Борат» фильмі экранға шыққан соң өзіне деген қызығушылықтың артқандығын айтып отыр. « Шын мәнінде, Қазақстанға деген жұртшылықтың қызығушылығын туғызғаны үшін біз оған үстемақы төлеуіміз керек. «Борат» фильмі шыққанна кейін өзімнен сұхбат алушылар көбейді, менің суретім журнал беттерінде көптеп басылды» депті скприпкашы Марат Бисенғалиев «Время» газетіне берген сұхбатында.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG