Accessibility links

Ақтөбеде 9 өзбекстандық сопылық накшбандия діни ағымының уағыз айтушысы ұсталды


Ақтөбеде сопылық накшбандия діни ағымының өкілдері, өзбекстандық 9 адам ұсталды. Олар Қазақстан ауқымында заңсыз діни уағыз айтумен айналысты деп хабарлады дүйсенбі күні "Азаттық" радиосына Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасынан. Қазір бұл өзбекстандық азаматтарға қатысты әкімшілік іс қолға алынып, оларды елден шығарып жіберу мәселесі қаралуда. Алайда, діни сарапшылар бұл діни ағымның қоғамға зияны жоқ деп есептесе, адам құқығын қорғаушылар адамдарды діни уағыз айтқаны үшін қудалау халықаралық талаптарға жат дейді

Көкектің 6-сы күні Ақтөбе қаласы маңындағы Қарғалы ауылында діни уағыз жүргізбекші болған сопылық накшбандия ағымының өкілдері ұсталды. Қолға түскен 9 өзбекстандықтың 1-і әйел, 2-і жасөспірім бала болып шықты дейді Ақтөбе облыстық ішкі істер басқарамасының қызметкері, полиция майоры Нұртай Ноғаев:

- Олар Сырдария облысынан. Олар мұнда уағыз айтып, мешіт салмақшы болған. Қазақстанға енді ғана келген болатын. Бірден қағып тастадық... Бұл діни ілім Өзбекстанда, Түркіменстанда, Тәжікстанда таралған. Олардың басты идеясы – Орталық Азияда ислам республикасын, халифатын құру. Олар Өзбекстан азаматтары болғандықтан, біздің территориямызда дін таратумен айналысуларына құқылары жоқ. Біз істі жинап, Ақтөбе қалалық прокуратураға бердік.

Н.Ноғаевтың сөзіне қарағанда, қазір діндәр өзбекстандық азаматтардан елден шықпау туралы қолхат алынып, оларға қатысты «заңсыз дін таратумен айналысты», «шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібін бұзды» деген айыптар бойынша әкімшілік іс қозғалды. Бұдан өзге 2 азаматқа қатысты «шекарадан заңсыз өтті» деген Қылмыстық кодекстің 330-шы бабы бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралуда. Алайда, Қазақстан мұсылмандар діни басқарамасының оқу-білім бөлімнің меңгерушісі Әбдімүталап Қайназар накшбандия –халифат құру тәрізді саяси мақсаты мүлдем жоқ, қоғам үшін өте қауіпсіз исламдық діни ағым дейді:

- Біздің кітаптарымызда келтірілген тарихаттардың ешқайсысының зияны жоқ. Мейлі, накшбандия болсын...Өйткені, олар қалыптасып, салт-дәстүрімізге еніп кеткен. Оларда халифат құру деген болмайды. Тіпті ешқандай адам жию, ұйым құруға, саясатқа араласуға бұйырмайды. «Тарихатқа кіріңіз» демейді, керісінше: «Шыдайсыз ба?» деп сынайды. Тарихатқа кіргендер саясатқа араспақ түгілі ғайбат, күмәнді сөздер сөйлемеуі керек.

Сондықтан, оның пікірінше, құқықорғаушылар діндәрларды діни қызметтері үшін емес, басқа бір заң бұзушылықтары болғандықтан ұстаған шығар деп топшылайды:

- Жағдайын қарау керек. Егер шын саясат болса, онда оларды мемлекет жауапқа тартады. Ал егер саясатқа қатысы болмай, тек таза діни болса, оларды ешнәрседен ешнәрсесіз қамап қойып, жауапқа тартады деп ойламаймын. Бұл жерде бір саяси астар болса керек...

Алматыдағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының заңгері Виктория Тюленева Қазақстан заң талаптары бойынша республика ауқымында діни ілім-білімді таратқысы келген шетелдік азамат ресми түрде жергілікті әкімшілікке барып, тіркеуден өтпесе, оның қызметі заңсыз болып табылады. Бірақ, мұның өзі адам құқығы бойынша, халықаралық талаптарына қайшы дейді адам құқығын қорғаушы.

- Ой, ар-ождан, діни бостандық жөніндегі бөлім бойынша ешқандай есептік тіркеу болмауы тиіс. Мемлекет адамдарға осындай құқықтарын қамтамасыз етуге жағдай жасауы тиіс. Бірақ, Қазақстан заңдары халықаралық талаптарға қайшы, өйткені, есептік-тіркеуге тұру – адамдардың діни сенім-наным құқығын шектеу, - дейді адам құқығын қорғаушы Виктория Тюленева.

Мемлекеттік статистикалық мәлімет бойынша, 2006 жылы Қазақстанда 413 шетелдік діни уағыз айтушы болған. Тіркелген миссионердің басым бөлігі өздерін христиандық ұйымдарға жатқызады. Ал былтыр жыл басында тіркелген мұсылман діни уағыз айтушылар саны тек 12 ғана болғанымен, республиканың оңтүстік өңірлерінде олардың саны әлдеқайда көп деп есептеледі.

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG