Accessibility links

Қазақстан Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуға әзір ме?


2006 жылы желтоқсан айында Бельгияда Қазақстанның Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету сұрағы көтерілгенде консенсус болған жоқ. Бұл туралы Астанада сәуірдің 10 күні ұйымның қазіргі төрағасы Мигель Анхель Моратинос Қазақстан президенті Назарбаевпен өткен кездесуден кейін журналистердің сұрағына жауап берген кезде хабарлады. Ал, кейбір жергілікті саясаткерлердің айтуынша саяси реформаларды жүргізбейінше Қазақстан бұл ұйымға төрағалық етпейді.

Орталық Азия елдерінде жұмыс сапарымен жүрген Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы Мигель Анхель Моратиностың айтуынша, ұйымға кіретін кез келген ел оған төрағалық етуге өтініш беруіне құқылы.

«Бұл шешім ұйымның министрлер кеңесінде консенсуспен қабылданады. Ал, Брюссельде Қазақстанның Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету сұрағы көтерілгенде консенсус болған жоқ», деді Моратинос.

Ал, саясаткер Зәуреш Батталованың айтуынша Қазақстан бірнеше бап бойынша төрағалық қызметке өтпей қалған:

- Консенсус болмады дейді. Ол не деген сөз? Ол - бірнеше мемлекеттер ОБСЕ төрағалығына қарсылық білдірді деген сөз. Қандай себептер? Қазақстанда негізгі демократиялық принциптердің сақталмай отырғандығын дәлелдеп отыр. Мысалы, азаматтардың шерулерге, пикеттерге, митингтерге өз құқын пайдаланып шығуы. Екіншісі, таза, ашық сайлау. Үшіншісі, әділ, ашық түрде хабарлама алу. Өкінішке орай, олар былтыр орындалған жоқ.

Саясаткер Зәуреш Батталованың айтуынша, биыл да реформалар көрінбейді:

- Биыл жыл басынан 3 ай өтті. Ешқандай өзгеріс жоқ. Президенттің үндеуін тосып еді. Онда негізгі саяси реформалар жөнінде ешқандай өзгерістер тағы дәлелденген жоқ. Және мемлекеттік комиссияның жұмысының ешқандай нәтижелі жұмысын тағы ешкім көрген жоқ. Осы өзгерістер өтпесе, меніңше, Қазақстан төрағалыққа ие болмайды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Астанадағы өкілі Серікбай Әлібаевтың айтуынша, Қазақстанға бір жылға сыныптан өтпей қалған оқушыға сияқты жағдайды реттеуге уақыт берілді. Бірақ, бұл уақыт өтіп барады дейді Әлібаев:

- Саяси реформа жасамай отырған елге, заңдағы халықаралық нормаларды орындамай отырған елге ОБСЕ төрағалық етуді беруі мүмкін емес деп есептеймін.

«Нағыз Ақ жол» партиясының Астанадағы филиалы төрағасының орынбасары Серік Қапаров болса Қазақстанға ұйымға кіруге соңғы мүмкіншілік бар деп санайды.

- Осы жолғы соңғы мүмкіншілік - маслихат сайлауы. Бірақ, ол да дұрыс, әділ өтетін түрі жоқ. Өйткені, Алматыдағы сайлау комиссиясын құрған кезде, сіздер білесіздер, «Нағыз Ақ жолдан», Тұяқбайдан қанша өткенін. Басқа партиялар - Аграрлық, Азаматтық партиялар әлі сайлау комиссиясының мүшесі болып тұрған көрінеді. Мысалы, Астанада «Нағыз Ақ жолдың» филиалы сайлау комиссиясына кірейік десек әлі бермейді. Өйткені, Аграрлық, Азаматтық, Асар партиялары кіріп алған. Олар «Нұр-Отанға» кірген кезде комиссиядан шығулары керек еді, бірақ әлі шықпапты.

Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы Мигель Анхель Моратиностың айтуынша, ұйым Қазақстанның белсенді болғанын қалайды. Енді осы жылы қараша айында Мадридте ұйымның министрлер кеңсесінде бұл мәселе тағы қойылады деді төраға. Оның айтуынша, президент Назарбаев оны демократия жөніндегі комиссияның құрылуы, әлеуметтік даму және басқа да шаралармен болашақ жоспарлармен таныстырған.

Ресми мәлімет бойынша, қазір Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 56 мемлекет мүше. Қазір ұйымның адам құқығы және демократизациялау, бұқаралық ақпарат құралдарының бостандығы және жанжалдарды болдырмаумен дағдарысты реттеу сияқты және басқа да мақсаттарды көздейтін 18 миссиясы бірнеше елде жұмыс істеп келеді.
XS
SM
MD
LG