Accessibility links

Қоғамдық ұйымдар ел азаматтарының бейбіт шеру-жиындарға шығу құқығына өкіметтің шектеуін жоюды сұрайды


Қазақстанда көп ұзамай митингілерге шығу үшін қазіргідей рұқсат алу емес, тек әкімшілікті хабардар ету қажет болады. Бұл туралы Астанада көкектің 11 күні Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы Мигель Анхель Моратиноспен кездесуден кейін Қазақстанның азаматтық альянсының вице-президенті Салтанат Рахимбекова хабарлады. Ал, тіркелмеген «Алға» партиясының төрағасы Асылбек Қожахметовтың айтуынша, Қазақстан шерулер туралы заңға өзгеріс енгізіп қана қоймай, мүлде жаңа заң қабылдамаса, оппозициялық партия халықаралық деңгейде Қазақстанның ОСБЕ ұйымына төрағалық етуіне қарсылық білдірмекші.

Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарын қамтитын азаматтық альянсының вице-президенті Салтанат Рахимбекованың айтуынша, Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы Мигель Анхель Моратинос үкіметтік емес ұйымдарға жағымды жаңалық жасаған:

- Мынау рұқсат ретінде, мысалы, жалпы ұйымдар өзінің пікірталасын көрсету үшін алаңға шығу үшін олар рұқсаттама жазу керек. Қазір тек қана қағаз жазып, осыншама топ шығып, өзінің көзқарасын білдіреді дегенге рұқсат. Жаңа соны айтты, «кеше сіздердің елбасыларыңызбен кездескенде сол жайттар жағынан ықпалдылық жасалады. Сондай өзгерістер кіргізіледі сіздердің заңдарыңызға» деп айтты.

Адам құқығы жөніндегі бюро төрағасы Евгений Жовтистің айтуынша, Қазақстанның шерулер мен жиындар өткізу туралы заңы халықаралық талаптарға сай келмейді.

«Қазір митинг өткізуге Алматыда бір жерде және Астанада екі жерде өткізуге рұқсат етіледі. Тіпті, жергілікті әкімшілік шерудің бағытын өздері ұсынады. Ал, бұл заң талаптарын орындауға кесірін тигізеді», - дейді Жовтис.

Адам құқығы жөніндегі бюро төрағасының айтуынша, «Президент Назарбаев заңдылықтың бұл бөлігін өзгертеміз деп айтқаны рас. Сондықтан бізге бір нәрсе ұнамай отыр деген сөз емес. Өйткені, ол нәрсе жоқ. Әзірге тек қазіргі заң және оны өзгертеміз деген саяси жігер бар» дейді Жовтис.

Тіркелмеген «Алға» партиясының төрағасы Асылбек Қожахметовтың айтуынша, «Қазақстан шерулер, пикет, жиындар, митингілер, демонстрациялар өткізу туралы жаңа заң қабылдауы шарт. Бұл заң соңғы 12 жылда өзгертілмеген» дейді ол.

«Қазіргі заң рұқсат негізінде жұмыс істейді және меніңше, кейбір баптарды өзгерту арқылы рұқсат заңын хабардар ету заңына айналдыру мүмкін емес. Оны толық ауыстыру керек», дейді Қожахметов.

«Егерде осы және басқада талаптар орындалмайтын болса «Алға» тіркелмеген партиясы қазан айынан бастап Қазақстанның ұйымға төрағалық етпеуіне байланысты шараларды бастайды» деді Қожахметов.

Оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның өкілі Әміржан Қосанов Қазақстан заңдары халықаралық талаптарға сай болғаны жөн деп санайды:

- Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының стандарттары бар. Оны біз ойдан шығарып отырған жоқпыз. Ол ұйымның Хельсинкіде қабылдаған, барлық мемлекеттер қол қойған стандарттары. Біріншіден, конституциялық құқығы бар азаматтардың шеруге жиналысқа шығуын шектемеу керек. Егер дәл қазіргі Қазақстанның жағдайында төраға болатын болса, мәселен, үшке оқитын баланы сыныптың старостасы қылмайды ғой, қоғамдық жетекшісі қылмайды. Оған сабақты жақсы оқитын, тәртібі күшті баланы қоғамдық жетекші қылады.

Билікке жақын «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаевтың айтуынша, Қазақстан заңдары қағаз жүзінде халықаралық стандарттарға сай келеді:

- Біз конституция болсын, басқа заңдарымыз болсын, құқықтық тұрғыда халықаралық демократиялық қоғам стандарттарына сәйкес келеміз. Бірақ, бір жаманы, бізде конституциядағы заң биік деген қағиданы орындамауызда.

Тіркелмеген «Алға» партиясының төрағасы Асылбек Қожахметовтың айтуынша, осы партия мен Адам құқығы жөніндегі бюро халықаралық стандарттарға сәйкес келетін бейбіт шерулер туралы жаңа заң жобасын дайындапты. Тіпті бұл заң жобасын жергілікті омбудсменге, президенттің жанындағы адам құқығы жөніндегі комиссияға және Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымға бердік дейді ол.
XS
SM
MD
LG