Accessibility links

Парламент мүшелерінің бір тобы Шаңырақ оқиғасы бойынша істің алқабилер сотында қаралуын сұрап отыр


Қазақстан парламентінің бір топ депутаты елдің Конституциялық кеңесінен Алматы қаласының Шаңырақ ықшам ауданындағы оқиғалар бойынша айыпталушының ісін алқа билердің қарау құқығына қатысты түсіндіруді сұрады. Бұл туралы көкектің 12 күні Астанада Қазақстанның Конституциялық кеңесінде хабарланды. Депутаттардың осы үндеуіне бастамашы болған, әлі тіркелмеген оппозициялық «Алға» партиясының төрағасы Асылбек Қожахметов Шаңырақ төңірегіндегі сот үдерісін алқа билердің қатысуымен өткізуін қалайтындығын жеткізді. Ал бас прокуратура, жоғарғы сот және екі министрліктің пікірінше бұл заңға қайшы.

Конституциялық кеңеске үндеу жазған парламент депутаттардың айтуынша, Алматы қалалық сотының осы жылдың 23-қаңтарындағы қаулысы бойынша Шаңырақ, Шаңырақ-2 ықшам аудандарындағы оқиғаларда айыпталушы Арон Едігеев (Атабек) өз ісін алқа билердің қатысуымен өткізуін сұрап өтініш жазған. Бірақ, ол өтініш жауапсыз қалды. Сондықтан бұл сот қаулысы халықаралық заңдарға, Қазақстан заңдарына және конституцияға қаншалықты сәйкес екеніне күмән туып отыр дейді депутаттар.

Қазақстанда әлі тіркелмеген «Алға» партиясының төрағасы Асылбек Қожахметов сот тыңдауын тоқтата тұру керек деп санайды.

- Егерде алқа билер қатысуы заңды болса, бұған дейінгі сот үдерісі бекершілік, - дейді ол.

«Алға» төрағасы бұл істе алқа билерді қолданған дұрыс деп отыр.

- Әрине, ол үшін біз кішкене көбірек ақша жұмсауымыз керек, өйткені, ондай сот ұйымдастыру қиындау сияқты. Уақыт та көбірек кетеді. Бірақ, мәселенің бағасы адамның құқығы, өмірі болып тұр.

Қазақстанның адвокаттар одағының президенті Әнуар Түгел алқа билер соты дәл осындай қоғам назарын аударып отырған істерді қарау үшін әдейі құрылғанын айтады.

«Мен сот жүйесіне бұл істен алшақтануды ұсынар едім. Өйткені, бұл іс қоғам назарында және сот қабылдаған кез келген шешімге бір жақты баға берілмейді, - дейді адвокат Түгел.

Бас прокуратура аппаратының жетекшісі Рамазан Сарпеков болса бұл істе алқа билерді қолдануға болмайды деп отыр.

- Өйткені, алқа билер туралы заң Шаңырақ төңірегіндегі істен кейін пайда болған, алқа билермен бірге сотты қарау туралы заң 2007 жылдың 1-қаңтарынан бастап өзінің заңды күшіне енген. Ал енді ол кісілер жайындағы қылмыстық іс 2006 жылдың желтоқсан айында аяқталып сотқа түскен болатын. Енді Жоғарғы соттың өкілі мен Бас прокуратура өкілі, Әділет министрлігінің өкілдігі бұл заңның қайтадан артқа қарай күші бар немесе ол істерді қайтадан алқа билердің қарауына мүмкіндік туғызбайды деген пікірімізді айттық, - дейді Бас прокуратура өкілі.

«Алға» партиясының төрағасы Қожахметовтың айтуынша, тергеуші айыпталушыдан алқа билерді қалайсың ба деп сұрамаған.

«Ал бұл - заңға қайшы», - дейді Қожахметов. Ол соттардағы олқылықтардың кесірінен алқа билер соты әдейі құрылған дегенді алға тартады. «Алға» төрағасының айтуынша, прокуратура даулы мәселені тезірек аяқтауға мүдделі.

- Ал, егерде сот үдерісіне алқа билер қатысса, Шаңыраққа тағы да қоғам назары аударылады, прокуратура бұрынғы уақыттан бізде айыптаушы орган. Айыптаушы болғандықтан оған неғұрлым тезірек сот бітсе, түрмеге отырғызса - сол жақсы. Сондықтан, прокуратура өз міндеттерін толық атқарса, ол қазір кейбір ығыстыруды тоқтатып, парламентке келіп, мемлекеттік қажеттілікке деген сөздерді талдайық деген әрекеттер жасау керек. Бірақ, ол жоқ қой! - дейді А.Қожахметов.

Конституциялық кеңеске үндеу жазған депутаттар Шаңырақ оқиғасы бойынша жауапқа тартылған Арон Едігеевке (Атабек) тағылып отырған бірнеше баптың бірінде өлім жазасы қарастырылған баптың барын алға тартады. Депутаттар, бірнеше бап бойынша айыпталған азаматтың, заң бойынша, өз ісінің алқа билердің қатысуымен өтетін сотта қаралуын талап етуге құқылы екенін айтады. Ал Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов бұл мәселе бойынша кеңес алқа билер туралы заңның конституцияға сәйкестігін тексермейді деп отыр.

- Өйткені бұл өзгеше жағдай, - деді ол.

Ал, жалпы заңдарға сәйкестік туралы Конституциялық кеңестің жауабы бір аптадан кейін берілмек.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG