Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.12.2007 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі «Нұрбанктің» бұрынғы басшысы Ғилымовтың ісі сотқа берілгендігі туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер заңсыз жолмен берілген 40 пәтер мемлекетке қайтарылғандығына мән берсе, бірқатар басылымдар ғарышты игерудің болашағына да тоқталып өтіпті.

«Нұрбанктің» бұрынғы басшысы үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа жеткендігі туралы мақала «Время» газетінде жарық көріпті. «Нұрбанк» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Әбілмәжін Ғилымовтың ісі сотқа берілді. Ғилымовқа арнайы жасақ сарбаздарының банк мекемесіне шабуылын ұйымдастырған деген айып тағылып отыр» делінген мақалада. «Бейсенбі күні Алматы қаласы Медеу аудандық сотында бұл істі қай судья өндіріске алатындығы белгілі болады. Ғылымовтың адвокаты Марат Мурзиннің айтуынша, Алматы прокуратурасы сегіз томдық қылмыстық іспен небәрі екі күннің ішінде танысып шыққан. Соған қарағанда, прокуратура бірнеше қорғаушының шағымына құлақ аспаған сыңайлы» депті адвокат Мурзин «Время» газетіне берген сұхбатында.

Бұл уақытта Бас прокуратура мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының орындалу барысын тексеруді аяқтағандығы туралы мақала «Экспресс К» газетінде жарық көріпті. «Нәтижесінде жүз пәтердің иесі өзінің жылы баспанасымен қош айтысатын болды» делінген мақалада. «Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы осыдан екі жыл бұрын басталған еді. Сол кезде әлеуметтік баспана бағасы шаршы метріне 350 доллардан бағаланып, оған қуанған жұрт құжат туырлау үшін тұрғын үй департаменттеріне ағылған болатын. Алайда Бас прокуратура бұл бағдарламада барлығы берекелі емес екендігін Қауіпсіздік кеңесінде баяндады. Прокуратураның өкілі Сапарбек Нүрпейісовтың айтуынша, қазіргі күні баспана мәселесіне қатысты 17 қылмыстық іс қозғалған. Жүз пәтер мемлекетке кері қайтарылады. Пәтерді ипотекаға алғандардың ақша мәселесі сотта шешілетін болады» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Осы тақырыпты «Айқын» газеті былайша сабақтайды: «Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын тексеру барысында 12 адам қызметінен босатылып, біразының үстінен қылмыстық іс қозғалып жатыр. Тұрғылықты пәтерді үлестіру барысында пара алып, заңсыздықтар жасаған, жалпы, қылмысқа тікелей қатысы бар азаматтардың қатарында облыс әкімдерінің орынбасарлары мен аудан, қала әкімдері және басқа да мемлекеттік билік тармақтарының басшылары бар». Сонымен қатар, «Айқын» газеті 40 пәтер заңсыз иелерінен қайтарылғандығын келтіріп отыр. «Өкінішке орай, заңсыз үй алғандардың тізімінде небір атақты спорт шеберлері мен мәдениет, өнер қайраткерлері, тіпті бірінші топтағы мүгедектер де бар. Олар кінәлі емес – жапа шеккендер. Сондықтан олардың мәселесін сотқа емес, жергілікті әкімдердің өздеріне жүктеу ұйғарылды» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

«Литер» газеті болса мемлекет қайраткерлері мен әкімдердің рейтингін жариялапты. «KazRATING ұлттық агенттігі жүргізген рейтингті президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков бастап келеді. Одан кейінгі сатыға Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов жайғасыпты» делінген мақалада. «Алғашқы үштікті сыртқы істер министрі Марат Тәжин қорытындылаған. Жас шенеуніктердің арасында Мәулен Әшімбаев пен Дархан Қалетаевтың рейтингі біршама жоғарылай түскендігі байқалады. Әкімдер арасында Алматы қаласының басшысы Иманғали Тасмағамбетов бірінші орыннан көрініпті. Бұл уақытта Ақтөбе қаласының әкімі Елеусін Сағындықов та рейтинг бойынша жоғарылап, екіншіге барып орныққан. Бұл тізімдегі үштікті Маңғыстау әкімі Қырымбек Көшербаев қорытындылаған» деп жазды «Литер» газеті.

12 сәуір – Ғарышкерлер күні екендігіне «Комсомольская правда: Қазақстан» газеті мән беріпті. Аталған газетке сұхбат берген Қазақстанның алғашқы ғарышкері Тоқтар Әубәкіров «ХХІ-ғасыр – ғарышты игерудің алтын ғасыры» болатындығын білдіріпті. Тағы бір ғарышкер Талғат Мұсабаев болса, «Байқоңырдан» ұшқан кемелерде қазақ ғарышкеріне орын болмай тұрғандығын атап көрсеткен. «Оның айтуынша, ғарышқа көтеріліп жүрген кемелерде үш орын бар. Оның біреуін соңғы жылдары ғарыш туристері босатпай келеді». Алайда Тоқтар Әубәкіров дәл осы туристер ғарыш саласын жаңа деңгейге көтеретінлігіне сенімді. «Қазірдің өзінде ғарыш төріне бір емес бірнеше саяхатшыны алып баруға қолайлы аппараттар жасалынып жатыр» депті қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров «Комсомольская правда: Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG