Accessibility links

Тәжікстанда студенттердің қысқа юбка мен орамал киюге тыйым салынды


Сәуірдің 4-і күні Тәжікстанда университет студенттерінің қысқа юбка киюі мен ислам орамалын немесе хиджабын тағуға тыйым салынатыны жарияланды. Одан бірнеше күн бұрын ғана тәжік президенті Эмомали Рахмон студенттердің сымсыз телефонды және жеке-меншікті автокөлікті пайдалануға және студент кештері мен бай той-думан өткізуге тыйым салуға шақырды. Міне осының барлығы тәжік қоғамында қызу пікірталас туғызып отыр.

Жас тәжік қыздарының кейбірі ресми биліктің әлгіндей тыйым салу шараласына наразылық білдіре бастады. Студенттердің кейбірі болса, білім министрлігінің шариғат заңы бойынша басына хиджаб орамалын тағуға тыйым салған шарасына қарсы президентке шағымдануға ант-су ішіп отыр. Ал өзге студенттерді басқа нәрсе қынжылтады, атап айтқанда – оларды орта мектеп оқушылары мен колледж және университет студенттерінің күнделікті тіршілігіне қойылған жаппай шектеулер қынжылтады. Өткен наурыз айының соңында тәжік президенті Э.Рахмон студенттердің сымсыз телефон мен автокөлікті пайдалануына және студенттік кештерді өткізуге шектеу қоятын жарлық шығарды. Іс жүзінде президент, оның өз пікірінше, оқушылар мен студенттердің сабақ оқуына “кедергі келтіретін” нәрсенің барлығына, оның ішінде - “Әліппе кеші” деген атауымен оқу жылының соңында өткізілетін отырысқа да тыйым салды.

Э.РАХМОН: “Оқытушы мен студент мейманханада қатар отырып, бірге арақ ішеді! Бұл неғылған қылық?! Сіздер бұған тыйым салуға тиіссіздер! “Әліппе кештеріне” мектеп табалдырығын енді аттаған балалар ғана қатысуға тиіс! Оны заңнан тыс деп жариялау керек! Не оқу бітіргендердің кештері, не “Әліппе кештері” радио мен теледидардан насихатталмауға тиіс! Олай істемеңіздер! Қалтасында мобил телефоны бар студент сабаққа көңіл аудара ма?! Мектепке өзінің жеке-меншік автокөлігіне мініп келген 10-ыншы сыныптың оқушысы ғылымға көңіл бөле ме?! Бұл проблеманың заңға сәйкестігін тексеріңіздер! Оған кім бағынбайды екен, автокөлігінен айрылады”.

Президенттің осы үндеуінен кейін көлік полициясы сабаққа өзінің жеке автокөлігіне отырып келген студенттерді жазалау үшін ел астанасы – Душанбедегі университеттердің ғимаратына қаптап келді. Білім министрі Абдулджаббор Рахмонов студент қыздардың ислам хиджабын, яғни орамалын тағып жүруіне және қысқа юбка (миниюбка) мен кеудесі ашық көйлек киюіне тыйым салып, президенттің әлгі бастамасын одан әрі “дамытты”. Тәжікстанда басына хиджаб байлап жүретін студент қыздар онша көп емес. Әйтсе де ислам дәстүріне сәйкес, ұзын көйлек пен шалбар киіп, басына орамал тағу – қыздардың кейбіріне ұнайды.

Басына орамал байлап жүретін қыздардың бірі – Тәжікстанның Ұлттық университетінің студенті - Мәмләкәт Сафарова. “Азаттық” радиосына берген сұхбатында Мәмләкәт студенттердің өз бұйрығын орындаған-орындамағанына көз жеткізу үшін университетке білім министрі А.Рахмонов өз аяғымен келіп келіпті.

М.САФАРОВА: “Министрдің тура сыртымда тұрғанын мен білмей қалдым. Бірақ ол мені сыртымнан шолып қарап, «мынау неғылған түр, неғылған бой?!» деді. Мен, әрине, ұялып қалдым! Бұл – мен үшін нағыз соққы болды!”

Душанбедегі Шет тілдер университетінде оқитын Давлатмох Сафарова басындағы орамалына бола өзін университет есігінен өткізбей қойғанын мәлімдейді. Оның айтуынша, басына орамал байлап жүргісі келген студенттерді оқудан шығару үшін университет кез-келген нәрсені сылтау етеді.

Д.САФАРОВА: “6-ншы сәуірден бастап университет қақпасына кіруге біздің ешқандай құқымыз жоқ. Бізді қақпадан кіргізбей, оқудан қуардың дәл алдында олар біздің қандай күндері сабақта болмағанымызды анықтау үшін біздің журналымызды тексерді. Олар ештеңе таба алмады. Қысқасы, олар бізді оқудан шығару үшін әшейін сылтау іздейді”.

Сайдахмад Одинаев - Ұлттық университеттің ректоры. Оның мәлімдеуінше, “жоғарғы биліктің” нұсқауын бұлжытпай орындаудан басқа университеттің еш амалы жоқ. Ректордың сөзіне қарағанда, жуырда ол өзінен түсініктеме талап еткен ата-аналармен кездесіп, оларға былай деген:

С.ОДИНАЕВ: “Әзірше біз сіздердің балаларыңызды сабақтан шығарған жоқпыз. Алайда, содан кейін бұйрық келіп түсті – университет білім министрлігі шығарған барлық бұйрығы мен ережесін бұлжытпай орындауға тиіс”.

Ресми билік университеттерден, жай ғана, керттартпа діншілдер оқитын топтарды ашпауды ұсынады. Сонымен қатар, білім министрлігі қысқа юбка мен тар көйлек киюге де тыйым салды. Бірақ Душанбенің студенттері “еуропалық үлгідегі” киім кигенді жақсы көреді және университеттер министрліктің әлгі бұйрығын орындауға онша асығатын емес. Ал студенттердің бір бөлігі мобил телефоны мен автокөлікті пайдалануға және студенттік кештер өткізуге бөгет қойылғанына қатты наразы. Ал тәжік халқының бір бөлігі президенттің ол бастамасын қолдап, ол шара өскелең ұрпақты кішіпейіл болуға тәрбиелейді деп санайды. Президенттің ол бастамасы баспасөз беттерінде қызу талдану үстінде.

Бірақ, бірқатар бақылаушы президент Э.Рахмонның жаңа бастамасын елдегі әлі шешілмеген әлеуметтік-экономикалық проблемалардан халықтың назарын бұрып әкетуге тырысу деп бағалайды. Душанбедегі Халықаралық университеттің Заң және халықаралық қатынастар факультетінің деканы әрі саясаткер Шокирджон Хакимов ақпарат құралдары мен бұқара халықтың назарын басқа нәрсеге бұру үшін Тәжікстаның ресми билігі, мезгіл-мезгіл, қайдағы бір күтпеген проблеманы көтере бастайды деп мәлімдейді.

Ш.ХАКИМОВ: “Соңғы жарлық - ең алдымен - тәжік президентінің популистік ниетпен жасаған қадамдарының бірі. Екіншіден, бұл – Тәжікстанның әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени тіршілігіндегі бар проблеманы жасырып, бұқара халықтың назарын болар-болмас проблемаға аударуға тырысу болып табылады”.

Шокирджон Хакимовтің сөзіне қарағанда, тәжіктердің аты-жөндеріндегі орыстың “-ов”, “-ев” деген қоспаларын жою туралы президенттің таяудағы жарлығы, оған қоса президенттің оқытушыларға алтын тіс салдыруға және бай той-думан өткізуге тыйым салуы, еріксіз, марқұм болған түркімен президенті Сапармұрад Ниязовты еске салады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG