Accessibility links

Оң жақтан басқарылатын автокөлік иелері қоғамдық бірлестік құруды ұйғарды


Қазақстандағы оң жақ рөлді көлік иелері қоғамдық бірлестік құрмақ ниетте. Бұл мәселе сәуірдің 18-күні кешкісін Алматыдағы осындай көлік иелерінің жүзге жуық адам қатысқан жиынында талқыланды. Автокөлік иелерінің кезекті жиналысын полиция органдары таратып жіберді. Бірлестік құруды көздеген азаматтар енді қайда жиналатындықтарын білмей отыр.

Басқару рөлі оң жағында орналасқан көлік иесі Қасым Олжабек осындай автокөліктерге Үкіметтің тиым салуына наразылардың бірі. Ол өзінің азаматтық ұстанымын басқалармен бірге бөлісу мақсатында сәрсенбі күні Алматыдағы «Сити-Плюс» сауда кешенінің алдындағы алаңға келіп тұр.

- Мәшине – бұл темір ғана. Темір үшін ешкім қауіпке бел бумайды. Бұл жердегі мәселе – азаматтардың құқығының сақталуында. Бүгін, міне, көліктер туралы әңгіме болып жатыр, ертең бір нәрсесі шығады. Сонда бұл мемлекетте қалай өмір сүреміз, - дейді көлік иесі.

Кешкі сағат сегіздерге таман бұл араға осындай көліктер бірінен соң бірі жинала бастады. Оң жақ рөлді көлік иелерінің кезекті жиыны болатындығын олардың әрқайсысы әртүрлі ақпарат көздерінен: интернет форумдарынан, арнайы шақырту қағазынан естігендерін айтады. Қаз-қатар тізілген көліктердің саны жүзге жақындаған уақытта мүдделі топтың жиналыс басталды. Күн тәртібінде бірнеше мәселе: ҚР ішкі істер министрлігіне қарасты жол полициясы комитетінің басшысы Өмірзақ Түсімов пен заңгер Сергей Уткин арасындағы азаматтық сот процесінің барысы; оң жақ рульді көлік иелерінің қоғамдық бірлестігін құру және т.б. талқыға түсті.

Бастамашыл топтың мүшесі Эдуард Эдоковтың айтуынша, қоғамдық ұйым құрудағы мақсат – көлік иелерінің құқығын сақтауды қамтамасыз ету болмақ.

- «Жалғыздың даусы шықпас» деген сөз бар ғой. Осындай бірлестік құру арқылы біз қоғамда белгілі бір мәртебеге ие болғымыз келеді. Ал бірлестіктің басты ұраны: «Жолдағы тәртіп». Мүмкін біз осы бірлестік атынан қандайда бір ұсыныстар мен жобалар дайындайтын шығармыз, - дейді Эдуард Эдоков.

Бастамашыл топтың мұндай ұсынысын көлік иелері де қолдап отыр. Ең бастысы, бірлестіктің ұстанымы оң жақ рөлді көлік иелерінің мүддесі сай келсе болды дейді Қасым Олжабек.

- Мен бұл бастаманы қолдаймын. Өйткені, мен Қазақстанға осындай мәшинені әкелгенім үшін, кеденнен өткізгенім үшін және жыл сайынғы салығын үкіметке төлеп келдім. Енді келіп онымен жүруге болмайтын болып қалыпты. Мен сияқты алданып қалғандар өте көп.

Алайда, мүдделі топтардың жиналысындағы күн тәртібіне шығарылған мәселелердің барлығын талқылап шығуға мүмкіндік болған жоқ. Өйткені, олардың әңгімесіне құқық органдарының өкілдері араласқан болатын.

- Біреудің меншігіндегі жерге жиналып тұруға болмайды, - деп талап қойды өзін таныстыруды жөн деп таппаған погонды кісі.

Олармен бірге келген «Сити-Плюс» сауда кешенінің қауіпсіздік қызметінің басшысы Алдаберген Өтешов те жиналғандарға өз талабын жеткізді.

- Мына жерде ішіп жүрген жастар төбелес шығарса не істейсіз?! Мұнда адамдар кинотеатрлар мен мейрамханаларға келеді. Сондықтан жеке меншіктің иелігіндегі бұл жерді тез арада босатыңдар, - деді ол.

Осындай әңгімелерден соң жиналған қауым енді қайда жиналуға болатындығын өзара талқылаумен болды. Бұған дейін оң жақ рөлді көлік иелерінің жиыны, құқық өкілдерінің қырағы бақылауымен, апта сайын өтіп тұратын. Ал келесі жетідегі жиын қайда өтетіндігі әзірге белгісіз.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG