Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.20.2007 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдардың бірі өлім жазасына кесілген Рустам Ибрагимовтің өзінің адвокатымен құпия тілде сөйлескендігіне мән беріп өтіпті. Сонымен қатар, газеттердің бірі Орал қаласының әкімі мінген ұшақта бомба бары туралы телефонмен жалған ақпарат айтқан кісіге 1 жарым миллион теңге шамасында айыппұл салынатындығын жазса, тағы бір басылым қазақ тілінде сөйлеуге тиым салған түрік азаматы жауапқа тартылғандығына тоқталып өтіпті.

Қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты іс бойынша ең ауыр жазаға кесілген Рустам Ибрагимов өзінің адвокатымен құпия жазу арқылы түсініскендігі туралы мақала «Деловая неделя» газетінде жарық көріпті. «Адвокат Нұрлан Өстеміров Арқалықтағы түрмеде жатқан Ибрагимовпен екі сағат сөйлесуге мүмкіндік алған. Кездесу барысында Ибрагимов өзінің адвокатына 2006 жылғы ақпанның 11-күнгі оқиғаны құпия жазумен баяндап берген» делінген мақалада. «Нұрлан Өстеміров кездесудің бейнекамерамен бақыланатындығын білген. Оның пікірінше, бақылап отырғандар кездесу барысында не болып жатқандығын білуі де мүмкін. Алайда олар алгоритмді түсіне алмаса керек, өйткені, адвокат құжаттарының көшірмесін түсіруге ешкімнің құқысы жоқ» деп жазды «Деловая неделя» газеті.

Бұл уақытта Рустам Ибрагимов жатқан Арқалықтағы түрмеде төтенше жағдай орын алғандығына «Новое поколение» газеті мән бері өтіпті. «Арқалық қаласындағы УК-161/12 мекемесіндегі 23 адам өз денелерін жарақаттау акциясын өткізген. Қылмыстық атқару жүйесі комитетіндегілер түрмедегілердің осындай әрекетіне бұған дейін Заречный колониясындағы төтенше жағдай түрткі болған деп есептейді. Дәрігерлердің айтуынша, наразылық акциясынан ешкім ауыр жараланбаған. Түрмедегілердің өздері болса мекеменің адам төзгісіз режимі суицидке итермелейтіндігін алға тартып отыр» деп түйіндейді «Новое поколение» газеті.

Алматы облысындағы Заречный колониясында орын алған төтенше жағдайға байланысты екі қылмыстық іс қозғалғандығы туралы мақала «Айқын» газетінде жарық көріпті. «Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісовтің айтуынша, қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 361 және 308-баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды» делінген мақалада. «Осы аптаның басында Алматы облысында қатал режимдегі ЛА-155/8 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан 11 айыпталушы өз денелерін өздері кескілеп, сала мамандарын әбігерге салған еді. Жарақаттанғандар Қапшағай қаласындағы ауруханаға жеткізіліп, қажетті дәрігерлік көмек көрсетілген соң мекемеге қайта оралды» деп жазды «Айқын» газеті.

«Комсомольская правда: Казахстан» газеті болса Орал қаласының әкімі отырған ұшақта жарылғыш бар деп жалған ақпарат таратқан кісіге 1 жарым миллион теңге айыппұл салынуы мүмкін екендігін жазыпты. «Осы жылғы сәуірдің 11-күні Орал қаласының басшысы Сағынбек Мұташев пен мәжіліс депутаты Елена Тарасенко мінген ұшақ телефон-терроршының «соққысына» тап болып, Қарағанды әуежайына қонуға мәжбүр болған еді. Артынша бұл ұшақта жарылғыш қойылғандығы туралы жалған ақпарат берген кісі ұсталды» делінген мақалада. «Қазір осы жағдайға орай қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала есеп бойынша, ұшақты тексеру жұмыстарына 1миллион 200 мың теңге шығындалыпты. Сонымен қатар, Қарағандының «Сары-Арқа» әуежайы ұшақты қабылдап алғаны үшін 100 мың сұрап отыр. Егер осы ұшақтың жолаушылары моральдық шығын талап ететін болса, онда телефон-терроршыдан сұралатын ақшаның көлемі едуәір ұлғаймақ» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Бұл уақытта Қарабатандағы жұмысшылардың жаппай улануына себепші болған «АВС-Кетринг» компаниясы басшылығының бірі жауапқа тартылып жатқандығы туралы «Айқын» газетінде баяндалыпты. «Атырау облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры Аршат Тайдуллиннің айтуынша, Қазақстанның үш азаматшасы жаңағы компанияның кір жуу қызметінің супервайзері, түрік азаматы Юсуф Бахченің атына арызданып келген. Прокуратура түрік азаматының қазақстандық жұмысшыларға жұмыс кезінде қазақ тілінде сөйлеуге тыйым салып, түрік тілінде сөйлеуге әмір беріп келгенін анықтаған. Оның бұл әмірін орындаудан бас тартқандарды жұмыстан қуылу жазасы күтетін болған. Тексеру кезінде жаңағы түрік азаматының Қазақстанға заңсыз келгені анықталды. Осы оқиғаға байланысты Атырау облыстық прокуратурасы іс қозғап, Мақат аудандық сотына жолдаған. Ал аудандық сот түрік азаматына қазақ азаматтарын өз тілінде сөйлетпегені үшін 22000 теңге, елге заңсыз келгені үшін деп 44000 теңге айыппұл салған. Қазіргі күні облыстық прокуратура қазақ тілінде сөйлеуге тыйым салуға әрекет еткен түрік азаматы үшін бұл жазаның тым «жеңіл жаза» екеніне байланысты сотта бекітілген қаулыға қанағаттанбай, істі қайта қарау туралы сотқа наразылық білдіру жөнінде құжаттар жасақтауда екен» деп жазды «Айқын» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG