Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.21.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдар Қазақстанда есірткі саудасымен күрес бойынша жаңа реформа ұсынылғандығына мән беріпті. Сонымен қатар, газеттердің бірі Байқоңыр тұрғындарының денсаулығы Ресейге бағынышты болып қалғандығын мәселе етіп көтерсе, тағы бір басылым екі жасар баланың әскерге шақырту алғандығы туралы жазыпты.

«Байқоңыр қазақтарының ауыруға да қақысы жоқ» атты мақала «Айқын» газетінде жарық көріпті. «Бүгінгі таңда Байқоңыр қаласында 68 мың халықтың 55 пайызын Қазақстан азаматтары құрайды. Бұдан қалды, ғарыш айлағының іргесіндегі Төретам стансасы мен Ақай елді мекенінде 15 мыңға жуық тұрғын бар. Енді осы көпшіліктің ем-дом алатын мекемелерінің дені ортада шекара белдеуі салынып қойылған Байқоңыр қаласының ортасында» делінген мақалада. «Әлбетте, мұндағы мекемелер қазақстандық азаматтарды тегін емдей салмайды. Кейінгі кездері ғарыш кешені қаласындағы емдеу мекемелерінің тарифтері үздіксіз өсіп келе жатқаны байқалады дейді облыстық денсаулық сақтау департаменті бастығының бірінші орынбасары Амангелді Қадырбаев. Былтырдан бері Қазақстан жағы Байқоңыр қаласында 80 төсектік перзентхана салып жатыр. Жобаға сай ол биылғы жылдың соңында пайдалануға берілуі тиіс. Бірақ, бұл емдеу мекемесі салынып біткен бойда тағы да Ресей денсаулық сақтау жүйесіне жалға берілгелі тұр» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

Балалар арасында ВИЧ инфекциясының таралуы Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау жүйесін реформалауға бастама болғандығы туралы мақала «Казахстанская правда» газетінде жарық көріпті. «Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің көшпелі коллегиясының кезекті мәжілісінде осындай тұжырым жасалынды» делінген мақалада. «Соңғы жарты жылдың ішінде облыстық СПИД және қан орталықтарында елеулі жұмыстар атқарылған. Шымкентте донорларды есепке алудың компьютерлік жүйесі енгізілген. Бұған дейін мұндай бағдарлама тек Алматы қаласында ғана бар болатын» деп жазды «Казахстанская правда» газеті.

Болашақта Қазақстанда есірткі саудасымен айналысқандар қалған өмірін түрмеде өткізуі мүмкін екендігі туралы мақала «Литер» газетінде жарық көріпті. «Қылмыс кодексіне осындай өзгерістер енгізуді Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов ұсынып отыр» делінген мақалада. «Министрдің айтуынша, қазіргі күні есірткі саудалаушылар жазадан тіпті қорықпайтын болып алған, өйткені зиянды заттарды таратулар ең көп дегенде үш жылға абақтыға жабылып жатады. Сонымен қатар, министр есірткіге қатысты тағы бір реформаны ұсынып отыр. Көбіне полицейлердің қолына түскен есірткі заттары жоғалып кетіп жатады. Соған байланысты тәркіленген есірткіні сол жерде жағып жіберу ұсынылып отыр» деп жазды «Литер» газеті.

Бұл уақытта ішкі істер органдарында 25 тоннадан астам есірткі заттары жиналып қалғандығына «Экспресс К» газеті мән беріп өтіпті. «Қолданыстағы заңдар бойынша, оның көзін жою мүмкін емес» делінген мақалада. «Мәселен, Ақтөбе қаласында 200 келі героин заты тәркіленген. Зиянды заттарды Қазақстан көршілес Өзбекстанға беруі керек, өйткені қылмысты сол елдің азаматы жасап отыр. Есірткі заттарын қайтару процедурасы бірнеше жылға созылып кеткен. Ал жақында тауардың көлемі азайғандығы анықталып отыр. Соған байланысты қылмыстық іс қозғалып, есіркі затының қалғаны қайда кеткені анықталып жатыр» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Батыс Қазақстан облысында екі жасар бала әскер қатарына шақырылғаны туралы мақала «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде жарық көріпті. «Жуалыой ауылында 2005 жылғы мамыр айында дүниеге келген Амантай Қожағалиев әскер қатарына шақырту алды» делінген мақалада. «Шақырту қағазында айтылғандай, Аманат шашын әскери стандарт бойынша қысқартып, медициналық комиссияға қажетті суретке түсу үшін қалтасына 300 теңге салып баруы қажет болған. Әскери борыш туралы заңның тәртібі өзгертілген шығар деп ойлаған әке-шешесі баласының жаялықтарын жинап, жолға дайындалыпты. Алайда олар жолай ауылдық басқармаға да соға кетуді жөн көріп, ондағылар Амантайға жөргегіңмен бірге үйге жөнел деген бұйрық беріпті. Әскери комиссиядағылар болса Жуалыой ауылынан 37 борышкердің тізімі түскендігін, ал екі жасар Амантай 32-ші болып тіркелгендігін айтты» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Бұл уақытта әскер қатарына 18 бен 27 жас аралығындағы жастар шақырылатындығына «Экспресс К» газеті мән беріп отыр. «Соңғы жылдары Қазақстанда әскерге баруға деген құлшыныс байқалады. Көптеген жастар республикалық Ұлан қатарына қабылдануды армандайды» делінген мақалада. «Мәртебесі жоғары бөлімге түсуге талпынған жастардың біліміне көркі сай болуы тиіс. Іріктеу талаптары да аса жоғары. Мәселен, осы жылы Солтүстік Қазақстан облысында 700 мыңға жуық азамат әскерге шақырылған болса, соның жиырмасы ғана республикалық Ұлан сапын толтырады» деп жазды «Экспресс К» газеті.
XS
SM
MD
LG