Accessibility links

Ауғанстан қоғамын қанқұмар бала туралы бейнесюжет дүрліктірді


Пәкістандық тұтқынды өлтіріп жатқан қанқұмар бала бейнеленген бейнесюжет Ауғанстандағы қоғам қайраткерлері мен халықаралық бақылаушыларды дүрліктіріп, олардың ащы наразылығын туғызды. Бұл бейнесюжет бірнеше күннен бері көрсетіле бастады. Адам құқын қорғаушы ұйымдар Талибан тәрізді барып тұрған экстремистік ұйымның осындай қаныпезер істі баланың қолымен істеуіне адамның құқын қорғайтын ұйымдар үзілді-кесілді қарсылықтарын білдіру үстінде. Бүкіл ауған қоғамына адам шошырлық бейнесюжеттің қалай әсер еткені және Талибан қозғалысының осындай бейнесюжетпен өз қатарына тілектестерін тартпақ болған әрекеті нәтиже бере қоя ма – әзірше белгісіз.

Жаңалықтар хабарынан берілген жасөспірім баскесердің хайуандықпен кісі өлтірген бейнесюжетті ауған халқының едәуір бөлігі ашу-ызамен қабылдады. Телекомпаниялардың, оның ішінде ауғандықтар көп қарайтын “Ариана” және “Толо” сынды ауған телеарналарының адам шошитын әлгі бейнесюжеттің шағын үзіндісін көрсетуіне де халықтың бір бөлігі үлкен күдікпен қарады. Мысалға, осы сюжетті көргеннен соң мына адам телехабардың өзіне де, ондағы хайуандықпен кісі өлтірген көрініске де қатты шошыған.

АУҒАНДЫҚ: “Бұл, шынымен де, зұлымдық актісі. Мен оны теледидардан көрдім. Жас жігітті өлтірген кішкентай бала болды. Бұл төбе шашыңды тік тұрғызатын нәрсе ғой! Ертең есейгенінде бұл бала кім болады!?”

Бейнесюжетте үстіне әскери камуфляж киімін киген бала “пәкістандық жасақ” деп айыпталған адамның төбесінен қарап тұр. Сюжетте “Джиһади” әні айтылып жатыр. Бала әлгі адамды бауыздап өлтіруден бұрын оны “Америка Құрама Штаттары үшін тыңшылық етті” деп айыптайды.

Кабул қаласының бір тұрғыны: “Менің сұрайтыным: ауған баспасөзі мұндай нәрселерді көрсетпесін! Жарайды, олар мұндай жайттарды радиодан хабарлай берсін! Бірақ, өтінемін, теледидардан немесе жаңалықтар хабарынан көрсетпесін! Өйткені, мұндай хабарлар біздің санамызға жаман әсер етеді”, - деп мәлімдейді.

Бет-жүздерін байлап алған ер адамдар әбден зәре-құты кеткен тұтқынды сақалынан ұстап тұрған кезде, баскесер бала: “бұл кісі – басқа сатқындарға сабақ болуы үшін басы кесіледі!” – деп сөйлеп тұр. Бала тұтқынды бауыздай бастаған сәтте, қалғандары: “Құдай – жасасын!” – деп дауыстап тұрды.

Баланың қолымен бауыздалған адам – Гулам Наби деген азамат көрінеді. Бұрынғы қаруластары оны Оңтүстік Ауғанстанға әуеден соққы беруі кезінде тәліптердің бір қолбасшысын өлтіруге АҚШ әскеріне көмектеспек болды деп айыптаған. Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, бауыздалған адамның әкесі Гулам Сахи әлгі бейнесюжеттен өзінің ұлын көріп таныған. Оның айтуына қарағанда, ұлы Талибан қозғалысын қолдап келген.

Осы күнге дейін тәліптер қаншама үгіт-насихат бейнесюжетін шығарып таратып келді, бірақ соңғысы – қанқұмар, баскесер ретінде баланы пайдалануымен ерекшеленді. БҰҰ-ның балаларға көмек көрсететін ЮНИСЕФ қоры тәліптердің кісі өлтіруге жасөспірімді жұмсауы халықаралық құқық алдындағы қылмыс болып табылатынын ескертіп, өзінің наразылығын білдірді. ЮНИСЕФ қоры бұл оқиғаны “қайсыбір жанжал кезінде ересектердің баланың қолымен зұлым қылмыстарын жүзеге асыруының “ең сұмдық үлгісі” деп сипаттады.

АҚШ-та тіркелген адамның құқын қорғайтын “Хьюман райтс уотч” ұйымы болса, бұл істі “соғыс қылмысы” деп бағалады. Хангома Ануари ханым (Hangomah Anwari) – Ауғанстандағы адамның құқы бойынша Тәуелсіз комиссияның мүшесі болып табылады. Ол “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында “соғыс қылмыстарын” жүзеге асыру үшін баланы пайдаланған жайтқа өзінің қатты алаңдайтынын мәлімдеді.

Х.АНУАРИ: “Мен бейнесюжетті өз көзіммен көрмедім. Бірақ, кез-келген қақтығыста немесе соғыста баланы пайдалану – барлық шариғат заңына да, халықаралық құқық пен ережелерге де қайшы келеді. Бала жауапкершілікті сезініп шешім қабылдай алмайды және сол бойынша әрекет етпейді. Оған қоса, соғысқа немесе қайсыбір жанжалға баланы жұмсау – баланың ой-санасының дамуына теріс әсер етеді”.

Кабулда еңбек ететін тәуелсіз журналист Фахим Даштидің (Fahim Dashti) пікірінше, “жау” деп танылған кісіні бауыздап жатқан баланы көрсету арқылы тәліптер алыс облыс-аймақтардағы өз қаруластарының сана-сезімін былықтырды.

Ф.ДАШТИ: “Менің ойлауымша, бұл проблема – шариғат заңдары мен тайпалық салт-дәстүрін шатастырып жүрген білімсіз қараңғы халықтың іс-әрекетіне дем береді. Талибан осындай стратегияны қолданып отыр. Өйткені, олар әлгіндей қараңғы халыққа дем бере отырып, оларды өз қатарына тарта алатындарын жақсы біледі”.

Сонымен қатар Фахим Дашти баланың кісіні бауыздап өлтірген бейнесюжетті көрсеткен ауған телеарналарын да өткір сынға алды. Оның мәлімдеуінше, бейнсюжетті көрсеткен телеарналар, іс жүзінде, террористердің алға қойған мақсат-мүддесіне қызмет етті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG