Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.26.2007 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылымдар Алматы қаласының тұрғындары тағы да сот орындаушыларға қарсы шыққандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер жаңа тұрғын үй бағдарламасы орта табыстыларға қол емес екендігіне мән берсе, тағы бір басылым баспанасыз футболшылар әлем біріншілігіне дайындалып жатқанына тоқталып өтіпті.

Алматы қаласындағы 70 отбасы өздері тұрып жатқан жерлерге сот орындаушылар кіргізбегендігі туралы мақала «Время» газетінде жарық көріпті. «Өйткені, Қазақстан соқырлары қоғамының бұрынғы пионер лагері орналасқан жердің тұрғындарын ешқандай өтемақы төлеместен көшеде қалдырмақ.» делінген мақалада. «Сәуірдің 25-күні таңертең лагерь аумағына сот орындаушылары барды. Алайда олар көздеген мақсаттарына жете алмай қайтуға мәжбүр болды. Өйткені жүздеген адам қақпаны қарауылдап тұрған болатын. Осы ауылдың тұрғыны Бағдат Шәкәрімов бұл жерді кезінде соқырлар қомағының басшысынан сатып алғандығын айтады. Қаланың бас жоспарына сәйкес бұл жерлер бұзуға берілуі тиіс. Тұрғындарда да мұнда қалғысы жоқ, тек өтемақы төлесе болғаны. Олай болмаған жағдайда аяғына дейін бекініп қалмақ. «Шаңырақтағы қақтығыс» елесі осы маңды да кезіп жүр» деп түйіндейді «Время» газеті.

Бұл уақытта Петропавл қаласының маңындағы саяжайлар тоналып жатқандығына «Литер» газеті тоқталып өтіпті. «Солтүстік Қазақстан облысында саяжайлар тоналыпты деген жаңалықпен ешкімді таң қалдыра алмайсың. Ал енді бүкіл бір қыстақтың тоналуын көзге елестетудің өзі қиын. Аталған облыстағы «Факел» саяжай кооперативіндегі 24 үй түгелімен тоналған» делінген мақалада. «Осы маңда саяжайы бар петровалдық Сергей Качалов өзінің меншігіне келгенде адасып кеткендей әсерде қалған. Олардың екі қабатты үйінің тек іргетасы ғана қалыпты. Қарақшылар көшей бойлаған электр желісі бағаналарын да түбімен қопарып алып кеткен. Бұл жерде ауыр техникамен жұмыс істегені көрініп тұр дейді Сергей Качалов. Енді саяжай тұрғындары полицияға жүгінуді ойлап отыр» деп жазды «Литер» газеті.

Ал «Айқын» газеті болса «15 миллион қазақты баспанасыз қалдырамыз ба?» деген сауал көтеріп отыр. «Таяуда Үкіметте ипотекалық несие және тұрғын үй бағдарламасын ұзартуға байланысты туындаған мәселелерді шешуге арналған алқалы жиын өтті. Сол жиында 75 айлық көрсеткіш көлемінде жалақысы барлар үй жалдаумен өмірін өткізетіндігі, осы деңгейден 200 айлық көрсеткіш мөлшеріне дейінгі жалақы алатындар тұрғын үй бағдарламасындағы баға бойынша қол жетімді арзан пәтерлерді ипотекалық несиеге 7-8 пайыздық үстемемен алатындығы айтылды» делінген мақалада. «Қазір орташа айлық есептік көрсеткіш - 1092 теңге. Сонда ипотекалық несие алып, арзан пәтерден үміттену үшін жалақы 81900 теңгеден асуға тиіс екен. Статистикалық агенттіктің мәліметі бойынша, орташа жалақысы – 45699 теңге. Оның ішінде шенеуніктердің орташа жалақысы – 40723 теңге, ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің айлығы – 17810 теңге, мұғалімдер мен денсаулық сақтау мекемелері қызметкерлерінің жалақысы осы соңғы екеуінің ортасында тұр. Бұдан шығатын қорытынды қаржыгерлерден басқа топтағылардың бірде-бірі ең болмаса қол жетімді бағадағы пәтерлерді алуға да мүмкіндіктері жойылған» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

Бұл уақытта баспанысы жоқ футболшылар әлем кубогына дайындалып жатқандығы «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде баяндалыпты. «Өткен жылғы Кейптаун қаласында өткен біріншілікте баспанасыз қазақтар күміс жүлдегер атанған еді. Олар ақтық сайыста 1-0 есебімен ресейлік баспанасыздарға жол берген болатын» делінген мақалада. «Жақында Алматыда Қазақстанның ұлтық құрамасына үміткерлерді іріктеу туры аяқталды. Турнирге жүзден астам футболшылар қатысқан. Олардың арасынан үздік шыққандары осы жылы Копенгаген қаласында өтетін әлем кубогына барады. Бұл бәсекеде шамамен 60 команда сынға түседі екен. Қазақстанның баспанасыз футболшылары өткен жылғы нәтижені жақсартуды көздеп отыр» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Ал Тараз қаласында қаңғыбас әртістердің сән-салтанаты жарасып келе жатқандығына «Время» газеті мән беріп өтіпті. «Көне замандарда Тараз қаласының орталығындағы «Шахристан» базарында кезбе әртістердің салтанаты жиі болушы еді. Енді осы дәстүр қайта жалғасын тапқандай» делінген мақалада. «Қала тұрғындары қаңғыбас әртістердің өнеріне тәнті болды. Жұртшылық сегіз жасар баланың тісімен көлік сүйрегендігіне таң-тамаша қалысты. Күлдіргіш өзінің әрекеттерімен ортаны қыран күлкіге бөледі. Ал енді алып күш иелерінің кір тастармен көрсеткен өнері сөзбен жеткізу мүмкін емес» деп түйіндейді «Время» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG