Accessibility links

Бейсенбі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстанға екі күндік ресми сапары басталды


Жергілікті ақпарат агенттіктері екі ел президенттері жүргізген оңаша және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойғанын хабарлап жатыр. Атап айтқанда, туризм, мәдениет саласында ынтымақтастық орнату туралы келісім және осы екі елдің Жоғарғы мемлекетаралық кеңесі туралы ереже мен Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасының сыртқы істер министрлерінің кеңесі туралы ережені бекіту туралы шешімі қабылданды. Қазақстандық саяси сарапшылар Назарбаевтың бұл сапарының астарында экономикалық мақсатпен қатар Қырғызстан президентіне осынау қиын кезеңде қолдау білдіргендік саяси мақсат та болуы керек деген болжам айтады.

«Алдын-ала жоспарланғандықтан ба, Қазақстан президентінің бұл сапарына Бішкектегі оппозицияның толассыз митингілері кедергі бола алмады» дейді Қазақстандық саяси сарапшылардың бірі, «Тәуекелді зерттеу орталығының» директоры Досым Сәтпаев.

- Назарбаевтың бұл сапары Қырғызстан президентінің оппозициямен теке-тірес жағдайда екеніне қарамай, елдегі жағдайды толық бақылауда ұстап тұрғандығын паш етуге бағытталған және осы сапары арқылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиевті моральдық тұрғыдан болса да қолдағандай ниетін білдіріп отыр деуге болады. Ал Бакиев болса бұл жағдайды, әрине, өз саяси мақсаттарына пайдаланары сөзсіз, - дейді қазақстандық саясаттанушы.

Феликс Кулов бастаған Қырғызстан оппозициясының 19-сәуірде толассыз өткізбек болған жаппай митингісі жақында ғана билік тарапынан қуып тарқатылған болатын. Оған қоса дәл осы уақытта Кемин ауданынан депутаттыққа үміткер ретінде тіркелмек болған Бермет Ақаеваны тіркемей қоюуы себепті «Солтүстік» тобы Бішкек–Ыстық көл жолын екі күн бойы бөгеп, елде «Оңтүстік» топпен қақтығысу қауіпін де тудырған болатын. Сарапшылар «оппозиция мен билік арасындағы теке-тірес мұнымен бітті деуге болмайды және ол жалғасын табады» деген болжам айтып отыр. Сонымен қатар сарапшылар Қырғызстандағы бұл дүрбелеңнің себептері елдегі экономикалық жағдайдың өте төмендігінен деп есептейді.

«Сондықтан да, - дейді сарапшылар, - көрші елдегі саяси тұрақтылыққа мүдделі Қазақстан Қырғызстан экономикасына қомақты қаржы салып, салған инвестициясы бойынша бірінші орында тұр» дейді. Цифрларға келсек, Қырғызстан экономикасына салынған инвестицияның 30 пайыздайы Қазақстан қаржысы болса, жалпы салынған қаржы көлемі 400 миллион АҚШ доллары шамасында екен.

Сәрсенбі күні Ресейдің бірінші президенті Борис Ельцинді жерлеу рәсімінен, Мәскеуден тікелей Бішкекке кешкісін келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, бейсенбі күні Құрманбек Бакиевпен және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден соң тілшілер алдына шығып өз пікірін білдірді.

- Осы сәтті пайдаланып, мен қырғыз ағайындарға да бір-екі сөз айтпасам болмайды. Біздің жанымыз ашығандықтан, қырғыз халқының болашағы кемел болсын деп тілегендіктен, әр уақытта елдің ішінде тыныштық тілейміз. Демократия өзінен өзі келмейтіні туралы постулат бәріне де белгілі ғой. Біздің бәріміз тоталитарлық жүйеден шықтық. Сондықтан бір күнде Франция не Америка Құрама Штаттары бола алмаймыз. Біз Қырғызстан мен Қазақстан - Америка Құрама Штаттары бола алмаймыз, себебі, соншама американдықтарды қайдан табамыз? Олар американдықтар, ал біз қырғыз-қазақпыз ғой. Жағдайлары басқа ғой олардың, өмірі де басқа. Демократия - халқы бір-бірімен тату-тәтті өмір сүргісі келетін, тұрақтылығы бар елде ғана бола алады, - деді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Қазақстан президенті Қырғызстанның таңдаған қандай да саяси жолын силастықпен қабылдайтынын айта отырып, бір туған қырғыз халқының шын жанашыры ретінде бейбітшілік орнағанын қалайтынын білдірді.

Қазақстан президентінің бұл сапары қарсаңында екі елдің үкіметаралық ынтымақтастық комиссиясы жұмыс істеп, 15 мәселе талқыланып, онда Қазақстан, Қырғызстандағы Қамбар ата су электр стансаларын салуға қажет техникалық-экономикалық жобасын жасауға 8 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаржы бөлмек болып келіскен. Бірақ, осы сапарда шешілер деген Ыстық көлдегі, кезінде Қазақстан меншігінде болған, пансионаттар мәселесі шешілмей қалыпты. Ал Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев мырза Қазақстан президентінің «Орта Азия мемлекеттер одағын» құру туралы идеясын қолдап, оны осы аймақтағы «басқа республикалардың дайын болғанын күтпей, Қырғызстан мен Қазақстан одағынан бастау керек» деп те айтыпты. Алайда, Қазақстанның кейбір саяси сарапшылары «мұны Бакиев стратегиялық тұрғыдан да ұтымды, қазіргі билікке де ұтымды болған соң айтып отыр» десе, тағы бірқатары ондай мәселе оп-оңай шешілмейтінін айтады.

«Бакиев тарапынан бұл мәлімдеме Назарбаевқа деген жәй қолпаштау түрінде естілді. Ал шын мәнінде қазіргі аймақтағы саяси жағдайда ондай одақ құру өте күрделі. Оның үстіне Қырғызстанның өзінде де бұл идеяны қолдамайтындар жетерлік. Себебі, олар Қазақстан олигархтары Қырғызстан экономикасын басып алып, ел тәуелсіздігіне қауіп төндіреді деп ойлайды, - дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Дегенмен осы жолы бұл бағытта екі елдің Жоғарғы мемлекетаралық кеңесі туралы ереже мен Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасының сыртқы істер министрлерінің кеңесі туралы ереже бекітілді.
XS
SM
MD
LG