- Себебі, біздің өкілдік басшысы көбірек қаржылық мәселелер бойынша жауап береді...
Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрлігінің баспасөз-хатшысы Шыңғыс Мұқанов та «Baker Hughes» компаниясы туралы да, онымен байланысты шатақ оқиға жайында да ешқандай мәліметтері жоқ екендігін айтты сәуірдің 27-күні «Азаттық» тілшісіне:
- Енді біз пара бергені туралы айта алмаймыз ғой. Бұл компания туралы бізде базада жоқ. Ешқандай ақпарат айта алмаймыз.
«Baker Hughes» компаниясы АҚШ заңын бұзғанын мойындап қана қоймай, 11 миллион доллар көлемінде айыппұл төлеуге келісіп отыр. Бұл оқиға бойынша қазақстандық шенеуніктер де жауап беруі тиіс дейді Қазақстанның бұрынғы қаржы министрі, қазіргі «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Ораз Жандосов.
- Енді біздің прокуратура мен сыбайласқан жемқорлыққа қарсы агенттіктің қалай әрекет ететінін көреміз. Олар жедел түрде американдық жақтан бұл іске қатысы бар адамдардың аты-жөндерін анықтап, ақпарат алмасуы керек. Сосын, сол адамдарды ұстап, тергеу жұмыстарын жүргізуі тиіс, - деді Ораз Жандосов.
2000-шы жылы Парламентте келісім-шарттардың ашықтығы туралы алғаш мәселе көтерген сол кездегі мәжіліс депутаты Серікболсын Әбділдин Қазақстанның шикізат саласындағы келісім-шарттарды қайта қарау мәселесі бойынша сол кезде Қазақстан президентіне хат жолдағанын, бірақ дұрыс жауап ала алмағынын айтады. Ол елдегі ірі келісім-шарттарға байланысты үлкен шешімдердің бәрі Қазақстан президентінің қатысуымен шығарылатынына назар аударады:
- Мұнайдың маңайында Назарабаев білмейтін, Назарабев қоймаған адам жоқ. Бәрін елбасының өзі тағайындап отыр. Сондықтан, кім пара берсе де, кім пара алса да, бәрі осы елбасының адамдарының қолынан өткен шаруа. Біз қанша сауал қойып, үкімет басшысынан да соған ашық жауап ала алмадық. Тіпті, сол кезде үкімет басында отырған адамдардың да оған кірісуге шамасы келмеді - жабық шарт! Жабық шартты білетін бір-ақ адам. Ол – біздің президент! – дейді Қазақстан Коммунистік партиясының басшысы С.Әбділдин.
Атыраудағы «Демос» қоғамдық ұйымының жетекшісі Тоғжан Қизатова мұнай-газ саласындағы келісім-шарттардың ашықтығы туралы мәселені жекелеген парламент депутаттары алдына қойғандарын, бірақ олардан дұрыс жауап болмағанын айтады.
- Біздер айтып едік: «Осы келісім-шарттар ашық бола ма? Соны біздер біле аламыз ба?» деп. Сонда Нехорошев деген депутат: «Қай кезде келісім-шарттар ашық?» деді. Біз оған: «Әзірбайжанда, Венесуэлада, Боливияда ашық» дегенді айттық. Оған ол: «Мұндай болмайды. Өйткені, келісім-шарт деген коммерциялық құпия. Ол Қазақстанда ашық болмайды» деді... Енді осы оқиғадан кейін біздің депутаттар ойланатын шығар. Әйтпесе, 2000 жылы болған оқиға қазір де қайталануы мүмкін. Сосын тағы бір елдің Әділет министрлігі шығады осылай да осылай болды деп. Біз өз былығымызды өзіміз тазалауымыз керек қой?! – дейді Т.Қизатова.
Қазақстанның Батыс аймағында орналасқан Қарашығанақ мұнай-газ кеніші әлемдегі ең ірі кеніштердің бірі болып есептеледі. Бұл шикізат кенішінде 1, 2 миллиард тонна мұнай, 1,35 триллион текше газ бар деп жобаланған. Қарашығанақ 4 миллиард доллардан артық ақша құйылған Қазақстанның үлкен инвестициялық жобаларының біріне жатады.