Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.28.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі Алматыдағы тұрғындар өз баспаналарының бұзылуына қарсы әрекетке шыққандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер Ақтөбедегі Ойыл ауылында он шақты отбасы үйсіз қалғандығына тоқталса, тағы бір басылым Атырау облысында шетелдік жұмысшылары сан көбейгендігіне мән беріпті.

Алматыдағы пионер лагерінің тұрғындары өз үйлерін екінші мәрте қорғап қалғандығы туралы мақала «Время» газетінде жарық көріпті. «Сәуірдің 25-күні тұрғындар сот орындаушыларын қайтарған болатын. Ертесіне мұнда өздерін лагерь директоры Марат Бақтыбаевтың жеке қорғаушыларымыз деп таныстырған 15 кісі келіпті. Тұрғындар тағы да қорғаныс шебін құруға мәжбүр болған. Артынша оқиға орнына Әуезов ауданы әкімшілігінің өкілдері келген. Олар жұртшылықтың пікірлерін тыңдап, қолдан келгенше көмектесуге уәде берген. Аудан әкімшілігінің әлеуметтік бөлім бастығы Айгүл Бектенбаеваның айтуынша, лагердегілердің ешқайсысының тіркеу қағаздары жоқ. Оларды уақытша көшіре тұратын бізде жатақхана да жоқ. Әрі қарай не істеу керектігі алдағы уақытта шешіліп қалар дейді әкімшілік өкілі. Бұл уақытта адам құқығы жөніндегі бюро жетекшісі Евгений Жовтис тұрғындарды баспаналарынан күштеп шығару халықаралық құқық ережелеріне қайшы екендігін айтып отыр» деп түйіндейді «Время» газеті.

Ал Қарағанды қаласының әкімшілігі 220 пәтерлік үйді үш жүз отбасыға қалай бөліп берерін білмей жатқаны туралы «Экспресс К» газетінде баяндалыпты. «Жақында облыс орталығында екінші ипотекалық тұрғын үй пайдалануға беріледі. Мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғызылған алғашқы пәтер осыдан екі жыл бұрын өз иелерін тапқан еді» делінген мақалада. «Оның өзінде әкімшіліктің көптеген заңға қайшы әрекеттері әшкереленіп, қазір комиссия мүшелері аса ұқыптылыққа ден қойған секілді. Тұрғын үйдің әр шаршы метрі 350 доллардан 57 мың теңгеге көтерілгеніне қарамастан, оған үміткерлердің саны көп болып тұр» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Ақтөбе облысындағы Ойыл ауылында тоқтаусыз жауған жаңбырдың салдарынан он шақты үй бұзылғандығы туралы «Время» газетінде жарық көріпті. «Баспанасыз қалғандар жаңа құрылыс бастауға кімнен көмек сұрарын білмей отыр» делінген мақалада. «Әзірге ауыл әкімшілігі тұрғындардың жарымын коммуналдық үйге орналастырған, қалғандары туыс жағалап кетіпті. Бұдан бөлек ауылда тағы 37 үй құлау алдында тұр, дейді төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық басқарманың өкілі Кенжетай Мұқанов. Бұзылған үйлер тіпті жарамсыз болып қалған. Табиғи апаттан келген шығынды есептеу үшін ауылға арнайы комиссия барды. Олардың өзі айналма жолмен ауылға әрең жеткен» деп түйіндейді «Время» газеті.

«Айқын» газеті болса Ақтөбе облысында есірткіні сатумен айналысқан полицейлер қолға түскендігіне тоқталып өтіпті. «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облыстық департаментінің қызметкерлері есірткі сатумен айналысып жүрген екі полиция қызметкерін ұстады. Олар теміржол желісіндегі тәртіпті қадағалайтын құқық органының қызметкерлері болып шықты» делінген мақалада. «Есірткіні полицияның киімімен жүріп қалай сатудың жолдарын екеуі бірлесіп ойластырған екен. Бірақ олардың жоспарлары ойлағандарындай болмай шықты. Бұлар 6 жарым грамм героинді сатып, ақшаны алып тұрған жерінде ұсталған. Осы қылмысты іске қатысты қылмыстық іс қозғалып, айып тағылғандар қамауға алынды» деп түйіндеді «Айқын» газеті.

Атырау облысындағы шетелдік компаниялар жергілікті тұрғындарды жұмысқа алмай жатқандығы туралы «Экспресс К» газетінде баяндалыпты. «Облыс әкімінің бірінші орынбасары Сәрсенбай Еңсегеновтың айтуынша, шетел компаниясының квотасы арқылы дайындықтан өткен азаматтардың өзі жұмыссыз қалып жатыр. Инвесторлар осы жағынан мүдделі емес болып шықты» делінген мақалада. «Компания мамандарды оқу орталықтарында дайындауға қыруар қаржы бөледі. Бұл ақшаны ертең қайтаруға тура келеді. Соған байланысты әкімшілік басшылығы облыстық департаменттерге аймақтағы еңбекке сұраныс деңгейін анықтауды тапсырған. Қазіргі күні Атыраудағы техникалық колледждерде оқитындар саны екі есеге артқан. Сонымен қатар, соңғы жылдары шетелдік жұмысшылардың келуі көбейген. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Атырауда 8 мың шетелдік жұмысшы болса, қазіргі таңда олардың саны 16 мыңға жақындады» деп жазды «Экспресс К» газеті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG