Accessibility links

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Луиза Арбур: Қазақстанның адам құқығы саласындағы органдар Парижда қабылданған принциптер бойынша жұмыс істейтін жаңа ұлттық органға айналу керек


Қазақстанда адам құқығы саласында істеп жатқан органдар Парижда қабылданған принциптер бойынша жұмыс істейтін жаңа ұлттық органға айналу керек. Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Луиза Арбур Астанада сәуірдің 30 күні Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсыновпен кездесуінде осындай пікірін білдірді. Ал, С.Тұрсынов болса Париж принциптерінің өзін қайта қарау керек деп есептейді.

Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов, БҰҰ-ның жоғары дәрежелі қонағымен кездесуде, Қазақстан адам құқығы жөніндегі 40-тан астам халықаралық құжаттарға қосылған және адам құқығы жөніндегі пактілер мен конвенциялардың барлығын Қазақстан парламенті бекіткен ел екенін еске салды. Өз кезегінде, Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Луиза Арбур, Қазақстан адам құқығы жөніндегі басқа да көптеген пактілер мен конвенцияларға қосылу керектігіне назар аударды.

«Нақтырақ айтқанда, адамның азаматтық және саяси құқықтары жөніндегі халықаралық пактінің факультативтік хаттамасына қосылу керек», - деді ол.

Қазақстандық заңгер, ғалым Марат Башимов, Қазақстан көптеген құжаттарға қосылғанымен халықаралық стандарттарға жақындай алмай отыр деген баға береді:

- Қазақстан соңғы екі пактіні бекітті. Бірақ, әлі де екі факультативтік пактіні бекітпеді. Өйткені, конституцияға, заңға сәйкес келмейтін нормативтік актілер әлі шығарылып отыр.

Қазақстан парламенті сенатының депутаты Бексұлтан Тұтқышов, адам құқығы жөніндегі халықаралық құжаттардың мүмкіншілігі мол болғанымен әзірге оларды тиімді пайдаланылмай келеді дейді:

- Бізде, қай жағынан қарасақта, құқықтар бұзылған жерлер бар. Ал конвенцияға қосылсақ, біздің адам жоғарғы сотқа дейін барып, шешімімен келіспесе, онда еуропалық сотқа баруға мүмкіншілік алады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Луиза Арбурдың айтуынша, адам құқығы жөніндегі бірінші орган - сот билігі.

«Қоғамда сот жұмысы кәсіби болады деген сенім қалыптасуы керек және тергеу функциялары соттарға берілу керек», - деді ол.

Ал, Қазақстандағы адам құқын қорғау органдарына түскен шағымдардың үштен бір бөлігінде тұрғындар дәл осы сот органдарына наразы. Мұны Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов та мойындап отыр, бірақ көш жүре түзеледі дейді ол:

- 30 пайыз деген дұрыс, солай болады. Мысалы, әділеттілікке байланысты алқабилер деген шешім қабылданды ғой. Адам құқығына тереңірек қарасын деген оймен құрылған.

Луиза Арбур Қазақстанда адам құқығы саласында істеп жатқан омбудсмен немесе комиссияның біреуі Парижда қабылданған принциптер бойынша жұмыс істейтін жаңа арнайы органға айналғаны жөн деп санайды.

«Өйткені, адамдар өз шағымдарының әділ қаралатындығына сенуі керек және шенеунікке түскен шағым қаралғанда, бұл орган жоғары жақтан тәуелсіз болуы шарт», - дейді ол.

Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов бұл ұсынысқа орай мынадай пікірін білдірді:

- Мысалы, омбудсмен адам құқығымен, соттың шешімі не басқа жергілікті ұйымдардың қисық шешімі болса, соны шешіп беруге көмектесетін орган. Мұның өзі Париж принципін қайтадан қарауға жатады. Өйткені, жаңадан құрылатын қоғам есептелген. Ал Азия мемлекеттерін қарасаңыз, онда тек қана комиссия бар.

Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Луиза Арбурдың айтуынша, ол болашақта БАҚ-тарды қадағалау үшін қолданылатын сөз бостандығы және жала жабуға орай қылмыстық жауапкершілікке байланысты саладағы ілгерілікті көргісі келеді.

«Менің ойымша, мемлекет азаматтардың саяси және жалпы көзқарастары білдірілетін салаға енбеуі керек», - дейді ол.

Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов болашақта бұл саладада жағдай түзелуге тиіс деп отыр:

- Сөз бостандығы шектелмеу керек дегенде біздің Қазақстанда қайта бұл жағынан келгенде тәубә деу керек. Мына парламентте жаңағы заңды қайта қарайды деген ой бар ғой.

Ресми мәлімет бойынша, жуырда Орталық Азия территориясында Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқығы жөніндегі аймақтық кеңсесі ашылмақ.
XS
SM
MD
LG