Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.01.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдар Қазақстанда халықтар бірлігі мерекесіне 12 жыл толғандығына мән беріп өтіпті. Сонымен қатар, газеттердің бірі ауған соғысы ардагерлері мәселе көтергендігіне тоқталып өтсе, тағы бір басылым Алматы көшелеріндегі көлік тығыны ұлғая беретіндігін жазып отыр.

Бірінші мамыр мерекесі әлемнің барлық елдерінде дерлік атап өтілетіндігі «Литер» газетінде айтылыпты. «Бір қызығы, бұрынғы Кеңестер одағына мүше елдердің ішінде тек Қазақстан ғана атаулы күнді халықтар бірлігі мерекесі етіп ауыстырды» делінген мақалада. «Қазіргі таңда әлемнің 66 мемлекетінде мамырдың алғашқы күні көктем мерекесімен қатар еңбек күні ретінде атап өтіледі» деп жазды «Литер» газеті. Сонымен қатар, аталған басылым осы жылы Қазақстанда халықтар бірілігі мерекесіне 12 жыл толатындығына да мән беріп отыр. «Қазіргі таңда Қазақстанда мыңдаған діни ұйымлар мен қырықтан астам діни конфессиялар жұмыс істейді. Қазақстан халықтары қауымдастығын бүкіл әлем таниды. Әзірге оған балама ұйым еш жерде жоқ» деп жазды «Литер» газеті.

Халықтар бірлігі күні Қазақстан халықтары қауымдастығының дүниеге келуімен тікелей байланысты екендігіне “Егемен Қазақстан” газеті мән беріп өтіпті. “1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым” делінген мақалада. “Бүгінгі таңда Қазақстан халықтарының Ассамблеясы – ұйымдық құрылым ғана емес, ол қоғамның ажырамас бөлігі, тыныштық пен бірліктің белгісі. Қазір Қазақстанда елдің ұлттық-мәдени алуандылығын қоғамдық дамудың оң ықпал етуші факторына айналдырудың барлық алғышарттары бар. Бүгінде байтақ жерді мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстар патриотизм ұғымын жаңаша түсіне бастады. Олар бұл ұғымды тек ата-тегімен ғана байланыстырып қоймай, Қазақстанның мемлекеттілігі, басқа ұлттың мәдениеті мен дәстүріне деген толерантты көзқарас сияқты қасиеттер арқылы қарастыруда” деп жазды “Егемен Қазақстан” газеті.

Ал “Литер” газеті болса ауған соғысының ардагерлері Отан қорғау күні қарсаңында өздеріне көңіл бөлуге шақырғандығына тоқталып өтіпті. «Бір ғана Алматы қаласында ауған соғысына қатысқан жауынгерлер саны үш мыңға жуықтайды. Енді олар соғыс ардагерлерінің үйлестіру кеңесін қайта құруды талап етіп отыр. Өйткені, ардагерлердің өздері аталған кеңестің өкілдерін бірде бір рет көрмепті» делінген мақалада. «Қазіргі күні бұл кеңес республикалық қауымдастық жұмысына кедергі келтіріп отыр» дейді соғыс ардагері Станислав Исаков. «Ауған соғысы ардагерлерінің республикалық қауымдастық осыдан екі жыл бұрын құрылған болатын. Ереже бойынша қауымдастық Алматы қаласы үйлестіру кеңесінің келісімінсіз ешқандай шешім қабылдай алмайды. Соған сәйкес соғыс ардагерлері сөз болып отырған кеңестің мәселесін Отан қорғаушылары күні қарсаңында қаралуын сұрап отыр» деп түйіндейді «Литер» газеті.

«Gazeta.kz» апталық басылымы алдағы жылдары Алматы көшелеріндегі көлік тығыны арта түсетіндігіне мән беріп отыр. «Мамандардың пікірінше, қаланың бас жоспары бұл мәселені шеше алмайды. Бірнеше жылдардан соң Алматының орталық көшелерінде қозғалыс тіпті тоқтап қалуы мүмкін» делінген мақалада. «Осы жылғы сәуір айының басында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов Алматыда 18 айналма жол салынатындығын айтқан еді. Алайда құрылыс және сәулет институтының маманы Владимир Пустогачев күрме жолдардың қауіпсіз болатындығына күмән келтіріп отыр. Мұндай жобаны кім жасағандығын білмеймін, бірақ таулы аймақтарда салынатын ұңғыма жолдарды су басып қалу қаупі басым, дейді ол. Сонымен қатар, сарапшылар маңызды жобаларды мамандар емес, шенеуніктер жасап шығарғандығына қынжылыс танытып отыр. Бұл уақытта қаржы полициясының басшысы Сарыбай Қалмұрзаев өткен жылы Алматыда күрмеу жолды салуға бөлінген қаржының 3 жарым миллион доллары ұрланғандығын айтып отыр» деп жазды «Gazeta.kz» апталық басылымы.
XS
SM
MD
LG