Accessibility links

Иран Шарм Ел-Шейх конференциясына қатысатын болды


Иран мен Америка Құрама Штаттарының арасында 27 жылдан бері тікелей келіссөз орын алуы мүмкін деген жорамал іске асатын сияқты. Конференция осы бейсенбі және жұма күндері Мысырда орналасқан Шарм Ел-Шейх курортында өтпек, конференцияда аймақтық дағдарыс мәселесі қаралмақ. Иран конференцияға қатыспай қояма деген алаңдаушылық сейіліп барады, конференцияға аймақтағы барлық негізгі мемлекеттердің өкілдері толық қатыспақ.

АҚШ сыртқы істер министрі Кондолиза Райс америкалық Эй-Би-Си телекомпаниясына жексенбі күні берген сұхбатында Ирандағы әріптесі Манучехр Мотакимен тікелей сөйлесуі мүмкін екенінін айтты. Бірақ, деді Кондолиза Райс, екі ел арасында кез-келген контакт Ирақ жөнінде ғана болады, Ирақта жағдайды тұрақтандыруға Ирақ көршілері қалай көмектесе алады деген мәселеге бұрылады деді. Шарм Ел-Шейх конференциясының басты тақырыбы да – Ирақ мәселесі. АҚШ пен Иран дипломатиялық қатынастарын 1979 жылы, Иранда ислам революциясы жасалған соң үзген. Дегенмен, орта дәрежедегі елшілер наурыз айында Бағдадта өткен конференцияда кездескен болатын.

Иран Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Лариджани кеше Бағдадта Ирақ сыртқы істер министрі Хошияр Зебаримен кездесті. Олар конференция мәселесін талқылады. Әли Лариджани Ирақ мәселесінде көршілердің ынтымағы күшейсе жөн деді:

- Министр екеуміз Шарм Ел-Шейх конференциясы жөнінде де сөйлестік. Бұл мәселеде әріптестік танытқанымыз жөн деген ортақ көзқарастамыз, Ирақ үкіметі көршілері танытып жатқан әріптестіктің жемісін көрсе жөн.

АҚШ сыртқы істер министрінің аға кеңесшісі Девид Сеттерфильд Шарм Ел-Шейх конференциясының басты мақсаты – Ирақ пен Ирақ көршілерінің арасында, Ирақ мәселесінде халықаралық қауымдастық арасында жақынырақ сөйлесуге жол ашу деп сипаттады. АҚШ сыртқы істер министрілігінде кеше осы жайында брифинг өтті.

Девид Сеттерфильдтің айтуынша, конференцияның бірінші күнінде, ертең, Ирақ үкіметінің алдына қойылып отырған түбегейлі экономикалық, коммерциялық, сауда және структуралық реформалардың егжей-тегжейлі жоспары талқыланбақ. Конференцияның екінші күнінде, жұма күні, Ирақ пен Ирақ көршілері қатынастарының мәселесі, халықаралық қауымдастық пен Ирақ арасындағы қатынастардың мәселесі талқыланбақ. АҚШ сыртқы істер министрінің аға кеңесшісі Девид Сеттерфильд конференция маңыздылығын былайша сипаттады:

- Бұл бір рет қана жасалып, тынатын шаруа емес, бұл үлкен процестің құрамдасы бөлігі, конференция диалогты нақты деңгейге, саяси деңгейге шығарады деп біз де үміттенеміз, Ирақ та үміттенеді.

Шарм Ел-Шейх конференциясына аймақтағы көптеген елдің сыртқы істер министрлері қатысады деп күтіліп отыр, БҰҰ мен Еуропа Одағының жоғары деңгейдегі өкілдер келмек.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG