Accessibility links

Қазақстан табиғатты қорғау заңдарын бұзды деген айыппен шетелдік компанияға үлкен мөлшерде айыппұл салды


«Теңізшевройл» компаниясы Қазақстанның экологиялық талаптарын бұзғаны үшін сот шешімімен 1 миллиард теңге айыппұл төлейтін болды. Бұл туралы Астанада мамырдың 3 күні Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов хабарлады. Бірақ, «Теңізшевройл» компаниясы 1 миллиард теңгеден асатын айыппұл көлемімен келіспей, аппеляциялық шағым бергені хабарланып отыр.

Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметінше, «Теңізшевройл» 1993 жылдан бері экология заңдарын 98 рет бұзған. Және компания экологиялық мақсатқа табысының небәрі 2,6 пайызын төлейді. Министр Ысқақовтың айтуынша, «Теңізшевройл» компаниясы миллиондаған тонна зиянды күкірттің жыл сайын тек жарты миллион тоннасын залалсыздандырады екен:

- «Теңізшевройл» компаниясын қанша тексерсек те ол ешқандай өзінің жұмысын жақсартуға шара қолданбай жатыр. Өздеріңізге белгілі, 9 миллион тонна күкірт далада жатыр. Әр мекеме жұмысын толығымен Қазақстан заңдарына сәйкес жүргізуі керек.

Соңғы мәлімет бойынша, Атырау облысының Жылыой ауданының прокуратурасы «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін табиғат заңдарын бұзды деп айыптап сотқа берді. Компания 2006 жылғы есебінде 400 мың тоннадан астам күкіртті көрсетпей, мәліметті жасырған, сөйтіп мемлекетке күкірт сақтау үшін төленетін 1 миллиард теңгеден астам қаржы түспей қалған дейді прокурорлар. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты прокуратура шағымын қанағаттандырды. Ал, кейбір бақылаушылар «Теңізшевройл» секілді ірі компанияға прокуратураның тісі батпауы мүмкін деп отыр. Өйткені, бұл біріккен кәсіпорын құрамына АҚШ-тың «Шеврон» және «Эксон Мобил» Ресейдің «ЛукОйл» және жергілікті «ҚазМұнайГаз» сияқты ірі алпауыттар кіреді. Компания тәулік сайын шығатын Қазақстандағы барлық мұнайдың 20 пайызын өндіріп келеді деген мәлімет бар. Ал, Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов бұны табиғат қорғау прокурорларының атқарған жұмыс нәтижесі деп көрсетеді:

- Ол күкіртке байланысты. Әрине, адам денсаулығына қауіпті екенін біздің экологтар айтып келді. Жалпы, біздің қойған талаптар орындалмай жатыр деген қателік. Оларда арнаулы карта бар. Сол жерде күкірт жиналады. Көптеп жатпайды. Белгілі зауытқа өңдеуге алып кетіп жатыр. Өздерінің төлейтін құны бар. Сол құнды олар жыл бойы төлемей келген.

Қазір «Теңізшевройл» компаниясына табиғат заңдарын бұзды деген айыппен тағы бірнеше сот шағымдары дайындалып жатыр деп хабарланды. Ал прокуратураның мәліметінше, осыдан 3 жыл бұрын компаниядан 10 миллиард теңге талап етілген, алайды Жоғарғы сотқа жеткенше бұл сома 1 миллард теңгеге дейін 10 есеге азайып, компания тек осы айыппұлды төлеген. Және соңғы шағым бойынша да компания айыппұлды азайтпақ дейді Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов:

- Аппеляциялық шағымында олар айыппұл көлемімен келіспей отыр. Олардың өз есептері бар. Ол жөнінде біздің өзіміздің пікіріміз бар. Көреміз. Ол ай сайын бірнеше факті. Бірнеше лауазым иелері жауапқа тартылады. Жаңағы күкірттің сыртында мұнай өнімдері төгіледі, бірнеше факті анықталды. Олар бүгінгі күні соны орнына келтіру мәселесінде. Қолданғаннан кейін жерді орнына келтіру керек қой, сол күйінде тастап кетпей.

«Теңізшевройл» компаниясы әзірге бұл мәлімдемеге байланысты еш ақпарат берген жоқ. Ал, экологтар компания күкірттің сыртында жыл сайын 14 миллиард текше метр газ жағылып, ауаны ластайды дейді. Дәрігерлер «Теңізшевройл» серіктестігіне жақын жатқан елді мекендердегі тұрғындардың барлығында дерлік денсаулықтары нашарлағаны байқалғанын айтады. «Теңізшевройл» серіктестігі бұл туралы ақпаратты құпия ұстап отыр. Ресми мәлімет бойынша, бұл кәсіпорында 1993 жылдан бері 250 жұмыскер қаза болған. Жұмыскерлердің өздері бұл тек ресми көрсеткіш қана дейді. Атырау облыстық экология басқармасының маманы Құралай Шанкиева мұнай компанияларын айыптай беруге болмайды деген пікірде:

- Бұл бір күнде шешілмейді, қазір кәсіпорын газды өңдейтін зауыт саламыз деп бағдарлама жасаған.

Әзірге Қазақстанда ауаны ластаумен күрес айыппұл арқылы немесе күкіртпен газды игеретін компанияларға жеңілдіктер жасау арқылы жүргізіліп келеді дейді экологтар. Жергілікті экологтардың айтуынша, республиканың шамамен 5 миллионға жуық тұрғыны ауасы ластанған жерде тұрса, 2 миллион адам өте ластанған аумақта тұрып жатыр екен.
XS
SM
MD
LG