Accessibility links

Алматыда қалалық үкіметтік емес ұйымдардың 2-ші форумы өтті


3 мамыр күні Алматыда қалалық үкіметтік емес ұйымдардың 2-ші форумы өтті. Форумға үкіметтік емес ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыру үшін үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдардан бөлек, бизнес саласының да өкілдері шақырылды. Қала әкімшілігі қызметкерлерінің айтуынша, биыл қалалық үкіметтік емес ұйымдарға бөлінетін 70 миллион теңге негізінен патроиттық тәрбиелеу, экология мәселелеріне жұмсалмақшы. Алайда соңғы жылдары үкіметтік емес ұйымдарға көрсетіліп жатқан үлкен қолдауларға қарамастан, кейбір үкіметтік емес ұйым өкілдері билік бұл мәселеге әлі де жеткілікті дәрежеде мән бермей келеді дейді.

Бүгін Алматыда өткен қалалық 2-ші үкіметтік емес ұйымдардың форумында қаладағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салуға мүмкіндік алды. Ал осы жиынға қатысқан Алматы қаласы әкімшілігінің Ішкі саясат департаменті үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеу бөлімінің бас маманы Айдар Есенбеков бұл жиын негізінен үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын одан әрі жетілдіру мақсатымен өткізілгендігін айтты.

- Бұл форумға үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен басқа, қалалық мәслихаттың депутаттары, бизнес саласының өкілдерін шақырдық. Бұл шара үкіметтік емес ұйым өкілдерінің түрлі саланың жетекшілерімен танысып, байланыс орнатуы үшін ұйымдастырылды. Яғни бірігіп жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Себебі үкіметтік емес ұйымдардың өз мақсаттарын жүзеге асыруына қаржысы жетпейді, - дейді Айдар Есенбеков.

Сондай-ақ, оның айтуынша, биылғы үкіметтік емес ұйымдардың атқаратын жұмыстарында бағыттық өзгерістер болмақ.

- Соңғы кездері «Мәдени мұра», қазақ тілін дамыту салалары қатты көтеріліп жатыр. Мысалы, өткен жылы қазақ тілінде тұңғыш интернет сайт ашылды. Ал биыл патриоттық тәрбие беруге қатысты жобалар көп. Онан кейінгі орында экологиялық жобалар тұр. Себебі соңғы жылдары Алматының экологиясы жоғары деңгейде көтеріліп жүр, - дейді Айдар Есенбеков.

Ал осы жиынға келген «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серікқазы Кәкібаланов мемлекет қолдауы арқасында өз ұйымының Қазақстанда интернетке қазақ тілін тұңғыш енгізген ұйым болғанын айта келіп, 2005 жылдан бері қоғамдық бірлестігіміз бірқатар шаралар тындырды дейді.

- Біз, ең бірінші кезекте, ұсыныс жасаған мекемелерге, ұйымдарға қазақ тілінде сайт жасап беріп жатырмыз. Біз осы арқылы қазақ тілінде интернет кеңістік қалыптастырмақпыз. Қазіргі заманда қазақ тілі интернетте өз орнын алмаса, біз онда көштің соңында қалып қоюымыз мүмкін. Біздің бірлестіктің құрылу себебі осында, - дейді Серікқазы Кәкібаланов.

Ал «Аллажар» қолдау қоғамдық қорының атқарушы директоры Болат Бөтеев мемлекеттің соңғы жылдары үкіметтік емес ұйымдарға көрсетіп жүрген көмектерін қолдайтынын айтқанымен, биліктің қазақ тілінде сөйлейтін үкіметтік емес ұйымдарды көбейтпей отырғанына көңілі толмайтынын айтады.

- Біз былтыр мониторинг жасап көрдік. Сонда, Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың 95 пайызы орыс тілді ұйымдар екеніне көзімізді жеткіздік. Алматының Ішкі саясат департаменті тендер өткізетін іс-қағаздарды енді ғана қазақшалап жатыр, - дейді Болат Бөтеев.

Алматы қалалық үкіметтік емес ұйымдарының алғашқы форумы 2005 жылы өткен болатын. Деректерге сүйенсек, Қазақстандағы 5 мыңдай үкіметтік емес ұйымдардың 3 мыңдайы Алматыда орналасқан.
XS
SM
MD
LG