Accessibility links

Полиция қызметін бақылайтын қоғамдық кеңес қоғамда резонанс тудырған қылмыстық істерге араласа алмайды


Үстіміздегі жылдың төртінші мамырында Астанада Ішкі істер министі жанындағы полиция қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің бірінші отырысы өтті. Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхаммеджановтың айтуынша, қоғамдық кеңес министрліктің ұсынысымен құрылған. Оның құрамына Мұрат Әуезов, Жеміс Тұрмағамбетова, Генадий Бендицкий секілді қоғам қайраткерлері еніп отыр. Полиция қызметін бақылайтын қоғамдық кеңес қаншалықты қоғамның қажеттілігін өтей алады?!

Қоғамдық Кеңестің алғашқы отырысында Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын бақылау, жемқорлыққа қарсы күрес тақырыптарын талқылау барысында жұртшылықтың қатысуын қамтамасыз ету мәселесін қараған. Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхаммеджанов полиция қызметкерлерінің қоғам алдында ашық жұмыс істегенін қалаймыз, сондықтан да министрлік тарапынан елге танымал қоғам қайраткерлеріне қоғамдық кеңес құру туралы ұсыныс білдірілді дейді. Полиция қызметін бақылайтын қоғамдық кеңеске мүше болғандар біздің ұсынысымызды қабылдағандар, – дейді ішкі істер министрі. Аталған кеңеске мүше болғандардың бірі – қоғам қайраткері, Ұлттық кітапхананың директоры Мұрат Әуезов. Оның сөзіне сүйенсек, қазір қоғамда полицияның іс-әркетіне наразылық көп. Соның себеп-салдарын зерттеп, ашық талқыға салу үшін қоғамдық кеңеске мүше болып кірдім, – дейді Мұрат Әуезов.

Алайда Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхаммеджанов қоғамда резонанс тудырған қылмыстық істерге қоғамдық кеңестің араласа алмайтындығын басып айтты. Қазақстан заңына сәйкес, қылмыстық істерді зерттеуге арнайы тергеу орындарының ғана құқықтары бар дейді, – ішкі істер министрі.

Қоғам қайраткері Мұрат Әуезов қоғам наразылығын тудырған саяси қайраткерлердің жұмбақ өлімдері туралы тергеу істерінің жұмыстарының шешімдеріне араласа алмасақ та, құжаттармен толық танысуға мүмкіндік алатын боламыз, бұл мәселе қоғамдық кеңестің алғашқы отырысында талқыланды, – дейді.

Ал Қоғамдық кеңеске мүше болған адам құқықтарын қорғау жөніндегі үкіметтік емес ұйымның өкілі Жеміс Тұрмағамбетова дәл қазір қоғамдық кеңес жұмысынан нәтиже шыға ма, жоқ па деп бізден сұрай берудің қажеті жоқ, біз өзіміз де білмейміз не болатынын, – дейді.

Полиция қызметін бақылайтын Қоғамдық Кеңеске мүше болғандардың бірі «Время» газетінің тілшісі Геннадий Бендицкий. Ол өзімнің кәсіби жұмысыма септігі тиетін болған соң ғана мүше болып ендім дейді. Мен қажет болған жағдайда тікелей министрлікке хабарласып өзіме керек ақпарат ала алатын боламын, оны әрине оқырмандармен бөлісетін болам дейді.

Ал қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтің қоғамдық кеңестің халыққа пайдасы тиетініне сенімі зор. Полиция қызметін бақылайтын қоғамдық кеңес алғашқы жұмыстарын арнайы оқшаулағыш орындарын тексеруден бастамақ.
XS
SM
MD
LG