Accessibility links

Эстония әрекеті Ресей ардагерлерінің мерекелік көңіл-күйіне көлеңке түсіруде


Ресейде 9-шы мамыр - Жеңіс күні. Совет солдатының Таллиндегі ескерткішін алып тастаудағы Эстония әрекеті Жеңістің 62 жылдығын тойлауда Ресей ардагерлерінің мерекелік көңіл-күйіне көлеңке түсіріп отыр. Осыған орай Ресей және Эстония астаналарында бірнеше жүздеген адам көшелерге наразылық шерулеріне шықты. Ресей мен НАТО, Еуропа одағы арасында біраз ашулы сөздер айтылды.

Кеудесі медальдарға толы Борис Очкин деген орыс ардагері алғашқы жеңіс күнін қалай тойлағандарын еске алады. Түрлі қарулардан отшашулар атылып, тостар көтерілген екен. Ол Қызыл әскер қатарына 1941-ші жылы қосылған болатын. Мәскеу түбінен бастап, 4 жыл ішінде Очкин соғыса жүріп Германияға дейін барған. Жеңістен кейін ол Берлиндегі Совет әскери комендантының көмекшісі болып қалған екен. 9-мамыр күні өзге ардагерлермен бірге Очкин де Қызыл алаңға барады.

Алайда, бұл жолғы мерекеге Эстония астанасы Таллиндегі совет солдаты ескерткішінің орынынан алынып тасталуы көлеңкесін түсіріп тұрған сыңайлы. Бұл төңіректегі айтыстар қос ел астаналарындағы шерулер мен екі ел үкіметтері арасындағы сөз сайысына әкелген болатын. Эстонияның Мәскеудегі елшілігі алдында Кремльдің демеуімен жастар шеру жасап, ол ғимаратқа тас лақтырғаннан кейін, елшілік уақытша жабылды. Аталған шерулерге байланысты НАТО және Еуропа одағы болса сындар айтты.

Екінші дүниежүзлік соғыс кезінде қаза болған Совет солдатының рухын тәлкекке салды және тарихты бұрмалап жазды деп Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Батыстық ұйымдарды айыптады.

Михайл Борисов - соғыс ардагерлерінің бірі. Ол Шығыс Еуропада атасы мен немересі арасында болған мына бір әңгімені айтып берді:

- Кішкентай баласы: «Ата, мынау қандай ескерткіш?» деп сұрайды. Ол сұраққа қартаң кісі: «Мұны Ресей басқыншылары орнатқан болатын» деп жауап береді. Бізді гүлмен қарсы алған еді ғой. Қалайша біз басқыншы боламыз? Мысалы, менің етігімді сүйгендер болды. Мен ат үстінде едім. Бір қартаң кісі келіп, етігімді сүйді. Оны ешкім мәжбүрлемеген еді. Мұндай жағдай Чехословакияда да, Румынияда да, басқа жерлерде де қайталанды. 1940-шы жылы Ресей әскері келгенде Балтық мемлекеттерінде де осындай болды. Тарихи кітаптарға қараңыз.

Оның ойынша, эстониялықтардың ескерткішті тура Жеңіс күні қарсаңында алып тастауға шешім қабылдағандары дұрыс болмаған. Мереке өткеннен кейін сол жердегі орыс қауымдастығымен ақылдаса отырып, ол ескерткішті қабірханаға, тиісті салтанатымен көшірер болса, осыншалықтай айқай-шу болмас еді, дейді Борисов.

Ал, Борис Очкиннің айтуынша, қазіргі жастар бұдан 62 жыл бұрын не болғанын толық білмейді. Очкин мырза Мәскеу мектептерінде «қахармандық сабақтарын» өткізіп тұрады екен.

- Оларды ең қызықтыратын нәрсе - Гитлердің бункерінің қаншалықты терең болғаны. Егер сіз олардан: “Сендер Ресейдің ұлы генералдарын білесіңдер ме?” деп сұрасаңыз, олар үндей алмай қалады. Олар Жуков, Сталин жөнінде білмейді, - дейді Очкин.

Ескерткішке байланысты дауды шешуде Эстония Ресейден әріптестікті сұрауда. Алайда, Жеңіс күнінде мұндай әрекет ресейліктердің ашу-ызасын қайта тұтандыра ма деген қауіп те бар.
XS
SM
MD
LG