Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.10.2007 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылымдар Қазақстанның бірқатар аймақтары қатты желді басынан кешіргендігі туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттердің бірі Алматыда Таллиндегі қола ескерткіштің құлатуына қарсы наразылық акциясы өткеніне тоқталса, тағы бір басылым Қазақстандағы әскер сапасын көтеру үшін 7 млд. теңге қарастырылғанына мән беріп отыр.

Қазақстанның бірқатар аудандарды қатты дауылды басынан кешіргендігі туралы мақала «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде жарық көріпті. «Мамырдың 9-күні Қарағанды қаласы соғысты басынан кешіргендей күйде қалды. Екпіні қатты жел үйдің шабырларын ұшырып, жарнама діңгектерімен қатар алып ағаштарды түбімен қопарып тастады» делінген мақалада. «Табиғи апаттан маңызды мекемелер, оның ішінде ауруханалар мен мектептер зардап шеккен. Сонымен қатар, электр желілерінің үзілуі салдарынан бірқатар елді-мекендер жарықсыз қалды. Дәл осыған ұқсас жағдай Қызылорда облысында да тіркелген. Аталған аймақта табиғаттың тосын мінезі осы жылы екінші мәрте тіркеліп отыр» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Екпінді жел Астана қаласына да зардабын тигізгендігі туралы «Аргументы и факты: Казахстан» газетінде баяндалыпты. «Сәрсенбі күні соққан шаңды жел Астана қаласын біраз әбігерге түсірді. Оңтүстік-батыстан келген желдің екпіні түнгі уақытта еселене түсіп, таңертең бар күшін салды» делінген мақалада. «Желдің күші секундына 28-31 метрді құраған. Жел қала көшелеріндегі шаң-қоқырсықты жоғары көтеріп, түстен кейін аспан қара түнекке бөленді. Шатырлардан құлаған сынықтар көше жолаушыларының мазасын алды. Бұл жолы төтенше жағдайдан адамдар да зардап шекті – желден құлаған павильон шатыры аялдамада тұрған кісіні басып қалған. Сонымен қатар, мұндай жағдайға бейімделмеген құрылыс нысандарының бірқатарында адам шығыны тіркелді» деп жазды «Аргументы и факты: Казахстан» газеті.

Бұл уақытта Алматы қаласы 9-мамыр күнін ешқандай төтенше жағдайсыз, бірақ наразылық шеруімен өткізгендігіне «Время» газеті тоқталып өтіпті. «Сәрсенбі күні қаладағы панфиловшылар паркінде Эстониядағы қола ескерткіштің құлатылуына қарсы наразылық акциясы болды» делінген мақалада. «Оны жастардың еуразиялық одағы ұйымдастырған. Аталған ұйымның белсенділерінің пікірінше, Эстонияға Еуропалық одақ сапында орын жоқ. Сонымен қатар, олар эстон парламентінің отставкаға кетуін талап еткен. Оған қоса жастар поляк үкіметінің Эстония тәжірибесін қайталағысы келетіндігіне кері пікірлерін білдірген» деп жазды «Время» газеті.

Ал «Аргументы и факты: Казахстан» газеті болса соғысқа қатысқан солдат қанша шақырым жол жүруі мүмкін деген сұраққа жауап іздепті. Бұл сұрақтың жауабын табуға газет тілшісіне жазушы Әзілхан Нұршайықов көмектесіпті. «1942 жылдың қараша айында сержант Нұршайықов алғашқы шайқасына қатысты» деп бастапты әңгімесін соғыс ардагері. «Ал қарашаның 25-күнгі шайқаста мен 203 снаряд атыппын. Оны қалай есте сақтадым десеңіз, мен соғыс кезінде күнделік жазғанмын, барлығы 17 дәптер. Соған қарап отырып, мәшинемен, атпен және жаяу жүргендерімді есептеп, 23 мың шақырымды шығардым» депті жазушы Әзілхан Нұршайықов «Аргументы и факты: Казахстан» газетіне берген сұхбатында.

Бұл уақытта Қазақстанда әскерді жетілдіру үшін 7 миллиард теңге қарастырылып жатқандығы туралы мақала «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде жарық көріпті. «Шағын әрі сапалы армия жасақтауға болады. Бірақ ол үшін әскер қатарына алынғанған өз кәсіптері үшін мақтанатындай болуы тиіс» делінген мақалада. «Бөлінген қаржының есебінен әскери қызметтегілердің жалақысы еселеп көтеріледі. Сондай-ақ, оларға қатысты көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, оларға екінші жоғарғы білім алу үшін кез келген оқу орынында елу пайыздық жеңілдік көзделген. Оған қоса баспана мәселесі оңтайлы шешілетін түрі бар. Қорғаныс министрлігінің мәліметіне қарағанда, қазіргі күні 5 мыңға жуық сержанттар мен офицерлер үйді жалға алып немесе жатақханаларда тұрып жатыр. Жалпы, Қазақстан әскерінде 70 мыңға жуық сарбаз борышын өтеуде. Солдаттарды қаржымен қамтамасыз етудің орташа көлемі 200 долларды құрайды» деп түйіндейді «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG