Accessibility links

Түркменстан президенті Бердімұхамедов бұрынғы басшы Ниязовтың ұстанған бейтараптық саясатына өзгерістер енгізуде


Гурбангұлы Бердімұхамедов ақпан айының ортасында Түркменстанның президенті ретінде қызметке ресми түрде кіріскеннен бері, Ашхабад диполматиялық белсенді ортаға айнала бастады. Әлемнің әр түкпірінен жоғары дәрежелі жетекшілер Түркменстан астанасына арнайы сапармен келіп-кетіп жатыр.

Түркменстанның мәңгілік президенті Ниязовтың ізбасары ендігі жерде бейтараптық бағытты одан әрі жалғастырмайтынын, Орта азиялық көршілерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, оқшаулану саясатын ұстанбайтындығын танытқан болатын. Бердімұхамедов Ресеймен де, сондай-ақ қуатты, дәулетті деген Батыс елдерімен де жақын байланысты қалайтындығын білдірген болатын.

Түркменстан президенті Гұрбангұлы Бердімұхамедов өзінің ресейлік және қазақстандық әріптестері – Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаевты энергиялық ынтымақтастық жөнінде үшкүндік келіссөздерге қатысуға Ашхабадқа шақырды.

Ниязовтың тұсында Ресейдің Газпромы Түркменстанның басты экономикалық әріптесі болып келген, жыл сайын түркменнің табиғи газы мен мұнайының 70 проценті Украина мен Кавказ елдеріне Газпром арқылы жеткізілетін. Дегенмен де Ниязовтың Ресей жетекшілік ететін ТМД, Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Еуразия экономикалық қауымдастығы сияқты аймақтық ұйымдарға бойкот жариялап, Түркменстандағы 160 мың этникалық орыстарға қатысты ұстанған кемсітушілік саясаты Ашхабад пен Мәскеу арасын салқын тарттыратын. Жалпы Ниязовтың кезеңінде Ашхабадтың барлық елдер астаналарымен жақын қарым-қақтынасы болмайтын.

Керісінше Бердімұхамедов енді өз көршілерімен тығыз-қарым қатынас, жақын байланыстар орнату ниетін танытып отыр. Ақпанның 14-дегі Бердімұхамедовтың президенттік ант қабылдау салтанатты рәсімінде Тәжікстан мен Қазақстан президенттері, Ресей мен Әзірбайжанның үкімет басшылары, Өзбекстан парламентінің спикері және басқа да көптеген елдердің жоғары дәрежелі ресмилері болды.

Жақын күндері ғана Ресей мен Қазақстанның ресмилері Түркменстан астанасында болып қайтты. Бердімұхамедов өзбекстандық және әзірбайжандық әріптестерін де Ашхабадқа арнайы шақырған болатын. Түркменстан президентінің өзі сәуір айында Мәскеуде екі күндік сапармен болып, екіжақты қарым-қатынастың жаңа кезеңі бастау алды.

Ниязов қайтыс болғаннан кейін Вашингтон да Түркменстанды Транс-Каспий газ құбыры жобасына қосылуға қайта шақыра бастады. Батыс елдері Орта Азияның энергия қуаттарын экспорттауда Газпромды басымдықтан айырып, бұл рольді өздеріне алғысы келетіні айқын.

Бақылаушылардың айтуынша, Қазақстан Түркменстанмен жақын қарым-қатынастан көп пайда көре алады, өйткені бұл екі елдің екеуі де табиғи байлыққа кенде емес, тек Қазақстан мұнайды көбірек өндірсе, Түркменстанда газ саласына басымдық беріледі. Ендеше екі ел бірлесе отырып, газ бен мұнайды экспорттайтын құбыр жобаларының тиімділігін арттыра алады.

Осы айдың басында Ашхабадта болған сапарында Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов Түркменнің энергия секторына жауап беретін вице-премьері Ташберді Тагиевпен келіссөздерінде қазақ-түркмен көршілер энергия қуаттарының тасымалын бірге үйлестіре алар еді деген ойлар айтылды. Сондай-ақ қазақ ресмилері түркмен газын Қытайға экспорттау жөніндегі жоспарды қайта ұсынды, ол жобаға кезінде түркменбашы Ниязовтың өзі бата беріп, 2009 жылы жүзеге асырылады деген болатын. Астана бұл ретте аталған Түркменстан-Қытай құбырын Өзбекстан арқылы өткізуді ұсынды.

Дегенмен де өзінің қазақ әріптесі сияқты Бердімұхамедов барлық мақсат-мүддені бір қоржынға жинағысы келмейді. Өткен аптада ғана Бердімұхамедов АҚШ-ң ірі мұнай Шеврон компаниясын энергия жобаларына қатысуға шақырды.

Бұған қоса Бердімұхамедов мемлекет тізгінін қолған алғаннан бергі аз ғана уақыттың ішінде Түркменстанға АҚШ мемлекеттік департаментінің үш бірдей жоғары дәрежелі өкілі арнайы сапармен барып қайтты. Америка Түркменстанның қазір жолайрықта тұрғанына сенімді.

Ал бұл аралықта Бердмұхамедов өзінің алдында мемлекет басшысы болған Ниязовтың Қытай мен Иран бағытында ұстанған энергия саясатынан айнымайтындығын білдірді. Ол сондай-ақ Түркменстанның Еуразия экономикалық қауымдастығына қосылу мүмкіндігі немесе ТМД елдері достастығының қайта ықпалдасуы мәселесін де ашық қалдырды. Тағы бір қызықтысы - Түркменстан президенті жақында В.Путиннің екі елдің қорғаныс және барлау саласындағы байланыстарын қайта жаңғырту жөніндегі ұсынысын жауапсыз қалдырды. Ал жалпы айтқанда Түркменстанның жаңа президенті Гұрбангұлы Бердімұхамедов өзінің барлық пікір-көзқарастарын ашық білдіретін тұлғаға ұқсайды.
XS
SM
MD
LG