Accessibility links

Қазақстанда 2008 жылдан бастап әлеуметтік жағынан қорғауды талап ететін тұрғындарға коммуналдық тұрғын үйлер мүлде салынбайды


Қазақстанда 2008 жылдан бастап әлеуметтік жағынан қорғауды талап ететін тұрғындарға коммуналдық тұрғын үйлер мүлде салынбайды. Бұл туралы Астанада мамырдың 14 күні Индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов үкімет отырысында хабарлады. Оның айтуынша енді бюджет қаржысына табысы аз тұрғындар үшін жекешелендіруге жатпайтын тек жалға берілетін пәтерлер салынады. Тұрғындардың бұл шешімге байланысты өз көзқарастары бар.

Бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік коммуналдық тұрғын үйлер әлеуметтік жағынан қорғауды талап ететін тұрғындарға беріліп келген. Тіпті әр түрлі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде Астана, Алматы қалаларымен әр облыста 100 пәтерлік коммуналды тұрғын үй салынады деп хабарланған. Қазақстанның индустрия және сауда министрлігінің ақпаратына сүйенсек, облыс әкімшіліктеріне республикалық бюджеттен пайызсыз несие берілген. Өз кезегінде, олар тендер өткізіп құрылыс компанияларына тапсырыс берген. Бірақ Индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақовтың айтуынша келер жылдан бастап бұлай болмайды:

- Келесі жылдан бастап коммуналдық үйлер салынбайды. Жалға берілетін үй салынады. Ол әрбір азаматқа беріледі. Оны жергілікті әкімшіліктер шешеді. Сапасын көтеру үшін біздің министрліктің комитеті жергілікті әкімге бағынатын қалалық сәулет департаменттерін қарап бақылайды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үйді жалға беру секторын дамыту мәселелері жөніндегі толықтырулар енгізетін заңнамалық актілерге қол қойған. Ресми ақпарат бойынша негізгі мақсат осы салаға жеке меншік бизнестің қатысуын белсенді ету. Президент қол қойған құжат салық кодексінеде өзгерістер енгізеді, соған сәйкес, бөлмелерді жалға бергендер қосымша құн салығынан босатылады. Оның сыртында жалға берілетін үй салатындар жер телімдеріне салынатын салықтан босатылады деп хабарланып отыр. Астанада шағын құрылыс фирма ашқан Николай Голубьтің айтуынша оған жалға пәтер салған тиімді екені сөзсіз.

Қайсібір сарапшылардың айтуынша бұл шынымен жалға берілетін пәтерлердің құрылысына кәсіпкерлерді қатыстыруға септігін тигізеді. Өйткені экономистердің пайымдауынша пәтерлерді бір рет сатқаннан гөрі жылдар бойы жалға беріп пайда тапқан тиімдірек. Сондықтан мұндай пәтерлердің саны көбеюі мүмкін. Ал, бұл бәсеке таласын қыздыра түседі. Астана тұрғыны Ляззат Исабекованың пікіріде осыған ұқсас:

- Енді мына жалға берілетін пәтерлер салынып ол жерге кісілер кіріп жатса, бәсеке ретінде біздің жалдап жатқан пәтердің құны түсер еді, тиімді жағы. Бірақта, екінші жағынан коммуналды үйлер салынса, аз отбастарына болсын, жатақхана болсын, мемлекет өзі қадағалап қарап отыратын, онда оданда жақсы болар еді деп ойлаймын.

Ал, әзірге пәтерлерді жалға беретіндердің басым бөлігі ешқандай салық төлемейді. Сондықтан оларға бұл ешқандай әсер етпейді, дейді қайсібір экономистер. Содан болсар Астанада пәтерді жалдау бағасы көтеріліп келеді. Және бұл тенденция бірнеше жыл бойы сақталып келеді. Бұл туралы Астанадағы риэлторлық компанияларды зерттеген сарапшылар хабарлап отыр. Пәтердің ішін әрлеп, Еурожөндеуден өткізсе, оны жалдау құны 1500 долларға жетеді, дейді мамандар. Астанада пәтер жалдау қиындап барады, дейді қалаға көшіп келген Айдос Ертаев:

- Әуелі келген жылдарымызда пәтер жалдап тұру 100-ақ доллар болатын. Қазір 10-20 есеге қымбаттап кетті деп айтуға болады. Өйткені, қазір қымбат емес орташа пәтерлердің өзін тіпті мың долларға жалдайды.

Ал, пәтерлерді жалға беріп жүрген адамдар керісінше қуанып отыр. Өсіп келе жатқан қалада баспанасы жоқ студенттер, шетелдіктер, кәсіпкерлер, және жұмыс сапарымен келетіндер көбейген. Сарапшылардың бағалауынша Астанадағы пәтерлердің тең жартысы қазір жалға беріледі. Сондада қонақ үйлерде орындар болмайды. Әзірге бюджет қаржысына салынып жалға берілетін пәтерлердің айлық құны белгісіз. Индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақовтың айтуынша бұл пәтерлердің саныда белгісіз:

- Көп сұрақтар сол жергілікті әкімшіліктердің сұрақтары. Олар жоспар жасайды, қай жаққа қала өседі, қай жерге үй салынады, қай жерге көше салынады. Біз үкімет жергілікті әкімшіліктерге ақша береміз. Олар өздері шешеді, жалға берілетін қанша шаршы метр пәтер салатындығын.
XS
SM
MD
LG