Accessibility links

Қазақстанда жаңа еңбек кодексіне сәйкес еңбек демалысы бұрынғы 18 күннен 30 күнге дейін ұзартылды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа еңбек кодексіне қол қойды. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады. Кәсіподақ өкілдерінің айтуынша, жаңа құжатқа сәйкес, еңбеккерлердің құқықтары тапталатын болса, онда олар шеруге шығуға құқылы болады. Және еңбек демалысы бұрынғы 18 күннен 30 күнге дейін ұзартылды. Ал, жұмыс берушілердің өкілдері болса енді төлемдер, яғни шығын көбейеді деп отыр.

Бастапқыда кәсіподақ ұйымдары кодексті өзгерту керек деген. Олар айтып өткендей, зейнетақы қорларына қаражатты уақыты аудармаған жұмыс берушілер сол берешегінің 50 пайызы көлемінде айыппұл төлеуге тиіс. Бірақ, ескі еңбек кодексінде зейнет төлемдерінің өзін өтеу, міндетті емес, өз еркімен төленсін деп жазылған. Бұл пікірлерге Астанада аула тазалайтын Мәлік Исабеков те қосылып отыр:

- Біздің еңбекақы өте кішкентай. Бастықтарда билік те, ақша да бар. Ал бізге еңбек, ақша керек. Айлық көбейсе салық та көбейеді.

Осындай пікірлерден кейін қолданыстағы еңбек кодексі халықаралық талаптарға сай болсын деп президент Назарбаев жаңа еңбек кодексін жасауға бастамашы болды. 2004 жылы жаңа еңбек кодексі жасалады деген шешім қабылданғалы 3 жыл бойы заң жобасы парламентте талқыға түсті. Содан бері бұрынғы кодекске 250-ге жуық түзетулер енгізу ұсынылған. Кодекске орай 50 заңға өзгеріс енгізілген және қазір 40-қа жуық заңнамалық актілер дайындалады. Ал кәсіподақтардың хабарлауынша, жаңа кодексте еңбек қатынастарының ең әлсіз қатысушысы еңбеккердің қорғалуы ойластырылған. Жаңа еңбек кодексінде жұмыс орнын жоғалтатын жағдайда берілетін өтемақы және жұмысқа сағат сайын төлеп жалдау жолы туралы нормалар енгізілді. Республикалық кәсіподақтар конфедерациясы төрағасының орынбасары Леонид Мартыновтың айтуынша, «еңбекақы саласында қауіпті және ауыр кәсіпте еңбеккерлерге бұрынғыдай ең төмеңгі еңбекақы төлеп құтылуға болмайды». Ал жүкті болған жұмыскерлерге мемлекет төлемдерді ұлғайтты деп хабарланады. «Оның сыртында еңбеккер ауырып қалған жағдайда оған орташа еңбекақы көлемінде қаражат беріледі және демалыс 18 күннен 30 күнге дейін ұзартылды», дейді Мартынов.

Ал жұмыс берушілер болса, жұмыскер әйелдердің жүкті болған кезіндегі төлемдерді мемлекет төлесін деген ұсыныс жасаған. Оның сыртында, жұмыс берушілер еңбек демалысының ұзарғандығына және еңбеккер ауырып қалған жағдайда төленетін төлемдерге көңілдері толмайтындығын жеткізген. Жұмыс берушілердің айтуынша, жеңілдіктер неғұрлым көп болса, нарық соғұрлым кеми түседі. «Атамекен» Республикалық кәсіпкерлер одағы төрағасының орынбасары Владимир Дворецкийдің айтуынша, «егерде жұмыскер ақшасы табылмаған жеңілдіктер талап етсе, оны ешқандай экономика көтермейді, төлемнің бір бөлігін сақтандыру қорлары және мемлекеттік бюджет көтеру керек», дейді Дворецкий.

Астанада тігінші болып істейтін Нұргүл Ахметованың айтуынша, қазір жұмыс берушілер еңбеккерді қанап келеді:

- Таңғы сағат 7-ден кешкі 9-ге дейін істеймін. Алатыным 18 мың теңге. Қазақша айтқанда - итшілік.

Жаңа еңбек кодексінде еңбек дауларын шешудің екі сатылық жүйесі ескерілген. Біріншісі - келісім комиссиясы, екіншісі - еңбек арбитражы немесе сот. Республикалық кәсіподақтар конфедерациясы төрағасының орынбасары Леонид Мартыновтың айтуынша, «егер бұл жағдайда дау шешілмесе, онда еңбек ұжымдарына және кәсіподақтарға шеру ретінде наразылық білдіруге болады» дейді Мартынов.

Республикалық кәсіпкерлер одағы төрағасының орынбасары Владимир Дворецкийдің айтуынша, «дауды бейбіт жолмен шешкен жөн. Өйткені, жұмыскерлердің өздері жұмыс болашағын жоғалтады. Егер де кәсіпорын белгілі бір уақытқа тоқтап қалса, онда жұмыскерлер табыс көзінен айрылады», дейді Дворецкий.

Қазақстанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарақұсованың мәліметінше, қазір Қазақстанда жұмыс істейтіндер саны орта есеппен 7 миллион 200 мың адам және олардың 63 пайызы жалдамалы жұмысшылар екен.
XS
SM
MD
LG