Accessibility links

Түркменстан президенті қауіпсіздік қызметінің басшысы қызметінен президент жарлығымен кетірілді


Осыдан үш ай бұрын Түркменстан президенті қызметіне кіріскен Гурбангулы Бердімұхамедов тағы бір оң қадам жасады. Ол елдегі қауіпсіздік қызметінің бас ресмиін қызметінен алды. Акмурад Режепов бұдан бұрынғы президенттің қатаң билігін қалыптастыруға көмектесіп, оған қолдау көрсетіп келген екен.

Түркменстан мемлекеттік теледидарының хабарлауынша, президент қауіпсіздік қызметінің басшысы Акмурад Режепов бұл қызметінен президент жарлығымен кетірілді. “Жаңа жұмысқа ауысты” деп айтылғанымен ол жаңа қызметі нақты жарияланған жоқ. Әмбебап тарих атты Ресей Ғылым академиясының профессоры, аймақтық сарапшы Артем Улунян:

“Мұның өзі қазіргі билік, яғни президент, қорғаныс министрі және ішкі істер министрінің, шын мәнінде өздерін Режепов тарапынан болуы мүмкін күтпеген оқиғалардан қорғауы еді. Оның басқа қызметке ауыстырылуы, өсіру емес, керісінше төмендету болмақшы. Ауторитарлық, тоталитарлық билікте қалыптасқан дағды бойынша ол қызмет маңызсыз, бірақ сырттай қомпитып көрсетілуі мүмкін”,- дейді.

Бұрынғы президент Сапармұрат Ниязовтың билікте болған 21 жылының басым бөлігінде Режепов қызмет көрсеткен екен. Ниязов билігі тұсында елде жеке басқа табынушылықтың, қатаң биліктің орнағаны белгілі. Көп жағдайларда Режеповтың билігі өзінің ресми қызметі міндетінен әлдеқайда асып кетіп жататын. Режепов президенттің 2000-нан аса мықты әзірліктен өткен оққағарларының басшысы болатын. Тіпті Ниязовтың өзіне де тікелей ықпалын жүргізе алған екен. Акмурад Режеповтың қызметінен кетірілуіне байланысты ешқандай ресми түсініктеме беріле қойған жоқ.

Швецияның Апсейл университетінің аймақтық бас талдаушысы Сванте Корнелдің айтуынша, өткен желтоқсанда президенттік билікке келгенде Бердімұхамедов қауіпсіздік қызметі мен оның басшысы Режеповтың қолдауына сүйенген. Себебі бұл қызмет президент тағының сыртында тұрған шын мәніндегі күш еді. Режеповты кетіру деген сөз жаңа президенттің өз билігінің негізін қалай бастады дегенді білдіреді. Мұндай жағдайда президенттің пәрменді билігіне балама күштің қажеті жоқ болмақ.

Ақпан айында билікке келгелі бері президент Бердімұхамедов ел үкіметі қызметіндегі құпиялылықтан ашықтыққа қарай бет бұруда. Корнелдің пікірінше, қазіргі президент өзгерістер мен бұрынғы дәстүрді сақтауды қатар алып жүргісі келетіндгін білдіруде. Ең әуелі Бердімұхамедов өзінен бұрынғы президенттің биліктегі асыра сілтеушіліктерінен өз үкіметін мейлінше алшақ ұстауға тырысуда. Дей тұрғанмен, қазіргі президент бұрынғы президенттің жүргізген жеке басқа табынушылық саясатын әшкерелей қойған жоқ. Өзгерістер үдерісін Бердімұхамедов біртіндеп жүзеге асыратын сыңайлы, дейді Корнел.

Сондай-ақ Гурбангулы Бердімұхамедов өз елін халықаралық қауымдастықтан тұйықталудан алып шығатын сияқты.
XS
SM
MD
LG