Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.19.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін шектемеуді қарастыратын ережеге революциялық өзгеріс деген баға беріп отыр. Сонымен қатар, тағы бір газет Луи Бонапарттың шексіз билікке жету ұмтылысы мен Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатынан ұқсастық тапса, басылымдардың бірі Парламент таратыла ма деген сұраққа жауап іздепті.

Мамырдың 18-күні Парламент депутаттары Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік мерзімін шектемеуді қарастыратын құжатты мақұлдағандығы турал мақала «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көріпті. «Қолданыстағы Конституцияның 42-бабындағы “бір адам екі реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды” деген тұсқа екі бірдей ұсыныс енгізілген екен. Бірінші жағдайда бірқатар депутаттар аталған норманы алып тастауды дұрыс деп тапқан. Бірақ талқылау барысында олар өз ұсыныстарынан бас тартқан. Тиісінше депутаттардың аталған норманың тұңғыш президент Н.Назарбаевқа қатысты болмауы керек деген ұстанымдары көпшілік тарапынан қолдау көрді. Оның басты себебін комиссия төрағасы тұңғыш президенттің мемлекеттің аяғынан нық тұруына, жаңа тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде қарқынды жүргізіліп келе жатқан экономикалық және саяси реформаларды аяқтауға мүмкіндік беру үшін өздерінің қолдау білдіргендіктерімен түсіндірді» делінген мақалада. Мұндай таңдау «жоғары дамыған, өркениетті елдердің тәжірибесінде де бар екендігі» көлденең тартылған. Атап айтқанда, «мемлекет басшысы алға қойған міндеттерін толық аяқтау үшін халық тарапынан қайта сайланғаны жөніндегі тәжірибелер Түркияда, АҚШ-та, Сингапурда және өзге де мемлекеттерде болғаны белгілі» деп түйіндейді «Егемен Қазақстан» газеті.

Ал «Комсомольская правда: Казахстан» газеті болса қабылданған ережелерге революциялық өзгерістер деген баға беріп отыр. «Парламенттің бірлескен отырысында заңға өзгерістер бірауыздан қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше мәртебе беру туралы ұсыныс отырыстың басты сенсациясына айналды, десек те бұл бұрыннан белгілі бастама еді» делінген мақалада. «Осылайша, бұл құжат бекітілген жағдайда, билік басындағы президенті 2013 жылы өзінің құзыреті аяқталған соң, тағы бір бес жылдық мерзімге сайлана алады. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 20 жылдан астам уақыт басқарып келеді» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

«КУБ» интернет сайты болса Луи Бонапарттың шексіз билікке жету ұмтылысы мен Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатынан ұқсастық тауып отыр. Мақала авторы Қазис Тоғызбаевтың пікірінше, Қазақстанның императоры болу жазбаса да, хан атану идеясы Нұрсұлтан Назарабевтың ойында бар. «Қалай дегенмен, осы жылғы мамырдың 18-күні осы бағытта өте маңызды қадам жасалынды» делінген мақалада. Сонымен қатар, мақала авторы шексіз монархияға апаратын жолдың соңғы баспалдағы өткерілді деп есептейді. «Сөйтіп, сырт көрінісі бойынша Қазақстанның саяси өмірінде демократиялық айшықтар бедерлене бастаса, оның ішкі жағында, мүмкін, Нұрсұлтан Назарбаевтың «толыққанды» монарх атануына екпінді дайындық жүріп жатса керек» делінген мақалада. Сондай-ақ, автор Нұрсұлтан Назарбаевтың француз әдебиетін сүйсіне оқитындығын ескере отырып, француздың соңғы императоры Луи Бонапарттың өмірбаянын көпшілік назарына ұсынып отыр. «Император атануды көздеген Бонапарт алдымен Францияның бүкіл халық сайлаған алғашқы Президенті болды. Шындығына келгенде, ол Соңғы Император атанатынын білмеген еді» деп түйіндейді Қазис Тоғызбаев «КУБ» интернет сайтындағы мақаласын.

«Литер» газеті болса Парламенттің жұма күнгі жалпы отырысы қолшапалақтаумен аяқталғанына мән беріп отыр. «Бұл дегеніңіз, Қазақстан құжат жүзінде президенттік-парламенттің басқару формасына аяқ басты деген сөз» делінген мақалада. «Сөйтіп, депутаттардың саны 154 адамға дейін өседі, мәжіліс сайлауы партиялық негізде өтекізіледі, оның біразы Қазақстан халықтары ассамблеясынан ұсынылады. Президент Үкімет басшысын Парламенттің келесімінен кейін тағайындайтын болады» деп түйіндейді «Литер» газеті.

Бұл уақытта бірқатар депутаттар Парламенттің тезірек тарауын күтіп жүргендігіне «Экспресс К» газеті мән беріп өтіпті. «Мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов Конституцияға қатысты заңдарды тезірек қабылдауға асығып отырғандығын білдірген. Өйткені мен жалғыздықтан шаршадым, партиялық негізде өтетін сайлауда біздің партия атынан біраз адамның депутаттыққа өткендігін қалаймын дейді ол. Сонымен қатар, Әбілқасымов сайлаудың осы жылғы қыркүйек айныда өтетіндігіне сенімді» деп жазды «Экспресс К» газеті.
XS
SM
MD
LG