Accessibility links

Қазақстан президентінің үлкен күйеу баласының үстінен қылмыстық іс қозғалды


Қазақстан президентінің үлкен күйеу баласы, Қазақстанның Австриядағы елшісі Рахат Әлиевтің үстінен «адам ұрлау» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Астанада мамырдың 23 күні кешкісін аяқ астынан ұйымдастырылған баспасөз мәжілісінде Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов хабарлады. Оның айтуынша, президент Назарбаев қылмыстық іс қатысушыларының лауазымына қарамай толық тергеу жүргізуді тапсырған.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметовтың айтуынша, қылмыстық кодекстің «адамды ұрлау» жөніндегі бабы бойынша Рахат Әлиевке қарсы қылмыстық іс қозғалған. Рахат Әлиев және тағы екі адамға "Нұрбанктың" бұрынғы басшыларын ұрлады деген айып тағылған.

- Қылмыстық кодекстің 125 бабының 3 тармағында қарастырылған адамды ұрлау негізінде Рахат Әлиевке Әбілмәжін Ғылымовты және Жолдас Темірәлиевті ұрлау фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деді министрлік өкілі Б.Қожахметов.

"Нұрбанк" ісі бойынша іздеуде жүрген банк басшысының бірі Жолдас Темірәлиевтің әйелі Армангүл Қапашева бұған дейін өзінің күйеуінің жоғалып кеткендігін, оған президенттің үлкен күйеу баласы, Қазақстанның Австриядағы елшісі Рахат Әлиевтің қысым көрсетіп, қамауда ұстағандығын мәлімдеген болатын. Және осы уақытқа дейін банк төрағасының орынбасары Жолдас Темірәлиевтің тірі екендігі жөнінде ресми ақпарат берілмеді. Оппозициялық басылымдар осыдан 3 ай бұрын жоғалған банк басшысының мүрдесі табылды десе, заңгер Нұрлан Өстеміров Темірәлиев Қырғызстан арқылы басқа елге қашып кетті дейді.

Рахат Әлиев болса, өзінің меншігіндегі «Караван» басылымында өзіне және жақын-жораларына жала жабылғанын айтып, осы істерді ұйымдастырушылар ретінде Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхаметжановтың аттарын атаған. Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов, соңғы кезде кейбір бұқаралық ақпарат құралдары «Нұрбанк» АҚ-мен байланысты қылмыстық іс аясында біржақты ақпарат таратып жатыр деп мәлімдеді:

- Олар тергеу органдарының қызметіне араласып, қылмыстық істі саяси тұрғыға аударуға әрекет етуде. Осы БАҚ-дың бұл әрекетін қылмыстық істі толық тергеуге кедергі жасау деп бағалауға болады.

Оппозициялық саясаткер Зәуреш Батталова өзі үшін бұл күтпеген жаңалық болғанын айтады:

- Енді әбден басқа отырды деген сөз ғой. Соңғы кезде Заманбек Нұрқаділовты, Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтірген кезде тағы Рахат Әлиевтің есімі гу-гу сөз болып жүрді.

Батталова Рахат Әлиевтің төңірегіндегі дау биліктегі таластың нышаны деп санайды:

- «Нұрбанктің» иесі – Әлиевтің өзі, әкесімен бірге. Жылдың басында «Нұрбанкқа» өз ұлын отырғызам деп әрекет жасады. Фактілер дәлелдегендіктен, менімше, президентте, министрлікте ауыстырып, мысалы, Алтынбектің, Заманбектің өлімін басқаша айтқандай жасауға мүмкіншілігі болмады. Бұл оқиға элитада биліктің өзара қайта бөліске түскендігін көрсетіп отыр. Билікте жүрген адамдар мемлекетті, халықты емес, өз жеке басын ойлап отыр.

Қазір «Нұрбанктың» бұрынғы басқарма бастығы Әбілмәжін Ғылымовқа қатысты Рахат Әлиевтің адамдарының айыбымен сот үдерістері жүріп жатыр. Әбілмәжін Ғылымовтың ағасы Самат Ғылымов інісі өз меншігіндегі «Нұрбанк» АҚ-ның құнды қағаздарының 8 пайызын Рахат Әлиевтің қорқытуынан кейін оның отбасы мүшелеріне беруге мәжбүр болған дейді. Оның сыртында, қысымнан кейін «Нұрбанк» ғимараты арзан бағаға сатылған, дейді Әбілмәжін Ғылымовтың ағасы Самат Ғылымов. Полиция болса «Нұрбанктың» ісін тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топты әшкереледік деп хабарлады. Осы топ мүшелері банк басшылары жоғалғаннан кейін олардың мүлкін заңсыз меншіктеген деп айыпталған. Осы фактілер бойынша «ұрлық», «бопсалау» және «нотариустың өкілеттігін асыра қолдану» баптарымен қылмыстық істер қозғалған.

- Президент Назарбаев Бас прокурор және Ішкі істер министріне аталмыш қылмыстық істердің қатысушыларының лауазымы мен жағдайына қарамай толық тергеу жүргізуді тапсырды, - деді ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Б.Қожахметов.

Ал, қазақстандық БАҚ-тардың хабарлауынша, Қазақстан президентінің үлкен күйеу баласы, Қазақстанның Австриядағы елшісі Рахат Әлиев өзіне тағылған бұл айыптауларға орай жақын күндері Венада баспасөз мәжілісін өткізбек.
XS
SM
MD
LG