Accessibility links

"Бота" қорын бақылауға Қазақстаннан адал қайраткерлер іздестірілетін болады


Қазақстан халқына қайтарылатын 84 миллион доллар ақшаны игеруге Дүниежүзілік Банк елдің беделді және адал қоғам қайраткерлерін шақырмақ. Қазақстан ресми өкілдері "Бота" қорының қызметіне жақындатылмайды. Қор қызметіне Қазақстан үкіметімен сыбайластығы жоқ, қоғам алдында беделі жоғары Қазақстан қайраткерлері шақырылатын болады. Қазақстан басшыларына параға берілген деп айтылатын 84 миллион долларды Қазақстанға қайтаруға АҚШ және Швейцария үкіметтері келісті. Келісім мамыр айының екісінде жасалды.

Қазақстан халқына қайтарылуға тиіс қаржыны игеретін "Бота" қорымен жұмыс істеу үшін Дүниежүзілік Банктің кеңсесінде қазірдің өзінде төрт қызметкер тағайындалды. "Азаттық" радиосының тілшісі Никола Крастевке сұхбат берген Дүниежүзілік Банктің Қазақстан бағдарламасы бойынша директоры Мерназ Теймурян дауға тап болған 84 миллион долларды АҚШ үкіметінің сұрауы бойынша игереміз дейді. Мерназ Теймурян ақшаның шығу тарихы қылмыс ісімен байланысты екенін білеміз, бірақ мәселеге қатысты барлық тарап келісімге келген соң заң жағына бармаймыз, міндетіміз – ақша игерілуін қамту дейді.

"Бота" қоры арқылы барлығы үш жоба іске асырылмақ. Біріншісі – әлеуметтік жағдайлары төмен балаларға көмектесу, екінші жоба – Қазақстанда қаржы менеджментін жетілдіру жобасы. Үшінші жоба Қазақстан мұнай және газ саласында, Қазақстан қазба байлықтар саласында жариялылықты арттыруға бағытталып отыр. "Бота" қорын байқау арқылы іріктелетін халықаралық қоғамдық ұйым басқармақ.

Дүниежүзілік Банк қызметкері Мерназ Теймурян қазір осындай ұйымды іріктеу тәртібі қарастырылып жатыр дейді. "Бота" қорын балаларды қорғау әлеуметтік бағдарламаларымен айналысқан, кең және оңтайлы тәжирибесі бар бейүкіметтік ұйым басқару керек делініп отыр. Қазақстан ресми өкілдері қор қызметіне жақындатылмайды, керісінше Қазақстан үкіметімен сыбайластығы жоқ, қоғам алдында беделі жоғары Қазақстан адамдарын іске қатыстыруға күш саламыз, - дейді Мерназ Теймурян:

- Қазақстанның тәуелсіз азаматтарының арасынан бір топ құрылтайшы іріктелетін болады. Олар балалар ісін қорғап жүрген болу керек, балаларға үлгі беріп жүрген азаматтар болу керек. Мұндай азаматтар қор қызметін одан ары ынталандырса, қазір қойылып отырған міндетті кеңейтсе деп отырмыз.

Осылайша Мерназ Теймурян "Бота" қорының қызметі 84 миллион долларды игерумен шектелмесе жөн деп отыр, сол үшін де қор қызметін одан ары дамыта алатын Қазақстан азаматтары қарастырылатын болады. Келісім бойынша, Дүниежүзілік Банк қорды бес жыл басқарады. Банк қызметін халықарылық бақылау алқасы қадағалайтын болады. Алқаға Швейцария және АҚШ өкілдері қатысады. Жылына кемінде бір рет бір рет тәуелсіз қаржы аудиті арқылы қаржы игерілуі тексереліліп тұрады, Дүниежүзілік банкте сондай тәртіп қалыптасқан.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және бұрынғы бас министр Нұрлан Балғымбаевқа параға берілген деп күдіктелетін 84 миллион доллар Швейцария астанасы Женевада орналасқан "Пиктет энд си" банкісінде тұмшалаған. Бұл шамамен 10 миллиард 80 миллион теңгеге пара-пар ақша. Осыншама қыруар ақша Қазақстанның үш басшысына берілген делінеді, бірақ Америка Құрама Штаттары бастаған тергеуге ілініп қалған. Қазақстан үкіметі айыптаумен келіспейді, "Қазақгейт" ісі – Америка Құрама Штаттарының өз басындағы шаруа дейді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG