Accessibility links

Сотта іс қаралып жатқан «Нұрбанктың» бұрынғы басқарма төрағасының мәлімдемесі тарады


Сәрсенбі күні Алматыда «Нұрбанктың» бұрынғы басқарма төрағасы, қазір Алматының Медеу аудандық сотында ісі қаралып жатқан Әбілмәжін Ғилымовтың атынан сот төрағасына деп жасаған мәлімдемесін оның жақтаушысы Марат Мурзин мен ағасы Самат Ғилымов таратты. Онда 18 қаңтарда Ғилымов пен Темірәлиевті Рахат Әлиев қала маңындағы жеке моншаға апарып, қорқытып, қинап, бірқатар құжаттарға қол қоюға мәжбүрлегені туралы айтылған. Ғилымовтың жақтаушылары «ол өзі бұл мәлімдемені алдағы сотта да айтады» дейді. Ал Темірәлиевтың әйелі Армангүл Қапашева «Устемировтың мәлімдемесі тергеуді шатастырып, іздестіруді басқа жаққа әкету үшін жасалып отырған болуы мүмкін» деп мәлімдеді.

Алматыдағы Медеу аудандық сотта қаралып жатқан Әбілмәжін Ғилымовтың ісі айыптаушы жақ, яғни Рахат Әлиевтің жақтаушыларының сұрауымен, келесі аптаның сейсенбі күніне дейін үзіліс жариялады. Ал сол күні Әбілмәжін Ғилымовтың ағасы Самат інісінің атынан мәлімдеме таратты.

- Қазір қамауда отырған менің інім Әбілмәжін Ғилымов бізден өз атынан осындай мәлімдемені жасауды сұрады. Біз бұған дейін қорыққанымыз да рас, келісім бола ма дегеніміз де рас, бірақ бұдан әрі ешнәрсені жасырайын деп отырған жоқпыз. Сондықтан, сіздер арқылы бұл істің анық-қанығын бүкіл бұқара білсін дейміз, - деді Самат Ғилымов.

Әбілмәжін Ғилымовтың атынан жазылған мәлімдемеде Ғилымов өзінің бұрынғы бірінші орынбасары Темірәлиев екеуін Рахат Әлиевтің адамдары қала маңындағы моншаға апарғаны, сол жерде Рахаттың қалай қорқытқандығы туралы баяндалған.

«Маған Рахат Әлиев: мен бұл мемлекетте не қаласам соның бәрін істей аламын. Мен біздің Киевке ұшатынымыз туралы әңгімені әдейі тараттым. Сендердің төлқұжаттарыңа шекараны өткендрің және ұшып кеткендерің туралы мөрлерді басамыз, ал сендерді осы жерге көмеміз. Сонан соң сендерді Киевтен іздей берсін деп айтты» делінген Ғилымовтың атынан жазылған мәлімдемеде.

Сондай-ақ, қолына кісен салынған Ғилымов әлгіндей қорқытулардан соң Рахат Әлиевтың талаптары бойынша бірқатар құжаттарға қол қойғанын айтыпты. «Осындай психологиялық қысым нәтижесінде мен өз еркіммен жұмыстан кету туралы арыз жазуға мәжбүр болдым. Маған тиесілі деген «Нұрбанктағы» 8 пайыз акциямды оның жанұясына беретіндігім туралы құжатқа қол қойдым» делінген Ғилымовтың мәлімдемесінде.

Бұдан өзге аталмыш мәлідмемеде Ғилымов «Рахат Әлиев осы банктен несие алып, қызметін пайдаланып жүрген менің достарым мен туыстарым өз бизнестерімен бөліскенін талап етті. Ең бірінші боп «Нұрбанктің» бас кеңсесі орналасқан «Кең-дала» ғимаратын су тегін бағаға сатып алды» дей келе және Р.Әлиевтің т.б. іс-әрекеттері туралы айтады.

Ал мамырдың 23-күні Ғилымовтың бұрынғы бірінші орынбасары, қазірде із-түссіз жоғалып отырған Жолдас Темірәлиевтің зайыбы Армангүл Қапашева төмендегідей мәлімдеме жасады:

«Адвокат Устемировтың Ж.Темірәлиев Қытайға ұшып кетті деген мәлімдемесінде көрсетілген уақыттары сәйкес келмейді, сондықтан заңгер адам мәлімдеме жасау алдында ойлануы керек. Жолдас маған ақпанның 5-іне қараған түні Алматыдан телефон шалды. Ал Устемиров бір мәлімдемесінде ақпанның соңында ұшып кетті десе, бір мәлімдемесінде ақпанның 3-5 аралығында дейді. Бұл өсек сияқты, тергеу-іздестіру орындарын басқа жаққа бұрып әкетуге бағытталған болуы мүмкін».

Сондай-ақ ол «қазір қамаудағы Пискунов қаржы полициясының көмегінсіз Жолдас Темірәлиевтың құжаттарын пайдаланып оның жеке меншіктегі жерлерін сата алмас еді» дейді. Қаржы полициясы Жолдастың барлық құжаттарын ақпан айында тінту барысында тәркілеген болатын. Сонымен қатар Рахат Әлиевтың меншігіндегі «Казахстан тудей» ақпарат агенттігі сәрсенбі күні Рахат Әлиевтың әкесі академик Мұхтар Әлиевтың үйіне заң орындары тінту жүргізіп, ол жерден Ж.Темірәлиевті іздегенін хабарлады. Алайда бұл ақпаратты Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі әзірге растаған да жоқ, теріске де шығармады.
XS
SM
MD
LG