Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.24.2007 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылымдардың көпшілігі Президенттің күйеу баласы Рахат Әлиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалғандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер осы жылы Парламент сайлауы бола ма деген сұраққа жауап іздеген.

Қазақстанның Австрия және ОБСЕ-дегі елшісі Рахат Әлиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы «Айқын» газеті былай деп жазыпты: «Адамдардың ұрлану фактісі бойынша Рахат Әлиевке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл іс, атап айтқанда, «Нұрбанк» басқарма төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Жолдас Темірәлиевтің ұрлануына қатысты болып отыр. Аталған істі Қылмыстық кодексінің 125-бабы бойынша Алматы полициясы тергеуде». Сонымен қатар, мақалада қылмыстық істі тергеу барысында тергеу тобы қылмыстық топтың әрекеттерін әшкерелегендігі айтылған. «Тергеу қаулысына орай прокурор санкциясы бойынша тағы алты адамға халықаралық іздеу, тергеу орындарының шешіміне сәйкес, прокуратура тұтқындауға санкция жариялап, бес адамға іздеу жариялады» деп жазды «Айқын» газеті.

Осы тақырыпты «Жас Алаш» газеті әрі қарай былай деп сабақтайды: «Сондай-ақ, Рахат Әлиевтің әкесі академик Мұхтар Әлиевтің үйіне ішкі істер қызметкерлері Ж. Темірәлиевті іздеп, тінту жүргізгені мәлім болды. 2007 жылдың қаңтар айында Темірәлиевтің әйелі күйеуінің жоғалып кетуіне Рахат Әлиевтің қатысы бар екенін айтқан болатын». Сонымен қатар, мақала авторы Рахат Әлиевтің «жала жапты» деп оған қарсы сотқа бергендігін ескертіп отыр. «Президент Нұрсұлтан Назарбаев болса құқық қорғау органдарына Темірәлиевтің жоғалып кетуіне қатысты қылмыстық істі тергеуде ешкімнің лауазымына қарамау керектігін ескертті» деп түйіндейді «Жас Алаш» газеті.

«ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты болса Рахат Әлиевтің «құлауы» Қазақстанды демократияға жетелей ме деген сұраққа жауап іздепті. «Президенттің үлкен күйеу баласына қатысты қозғалған қылмыстық іс елді нағыз демократияға қарай жылжытты» делінген мақалада. «Олай дейтініміз, «Нұрбанк» ғимаратына шабуыл жасаған деген айыпталған кісілерге қатысты сот процесінде шынайылықтың нышаны байқалғандай. Бұған дейін сотта Рахат Мұхтарұлының қорғаушысы Любовь Балмағамбетованың айтқаны болып келсе, енді барлығы дамыған демократиялық қоғамдағыдай жүріп жатыр» деп жазды «ZONAKZ» тілшісі. Сонымен қатар, мақала авторы соңғы жетіде халықтың азаматтық сана сезіміне қатысты ілгерілеушілік байқалғандығын атап көрсеткен. «Бұқаралық ақпарат құралдары саласында да демократияның нышаны көзге ұрып тұрғандай. Мәселен, мамырдың 23-күні телеарналардың бірі «Нұрбанктің» бұрынғы басшысы Әбілмәжін Ғилымовтың мәлімдемесін таратты. Әрине, оның ашыла сөйлегенін «Алма ТВ» кабельдік жүйесі аяғына дейін бере алмайтын еді, соған байланысты орта жолдан үзіліп кетті. Мүмкін, оған Рахат Әлиевті жақтайтын топтың объективті дағдарысы түрткі болған шығар» деп түйіндейді «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты.

Сонымен қатар, басылымдар Парламент сайлауы қашан болады деген сұраққа да мән беріп отыр. «Жас Алаш» газеті сайлау осы жылдың тамыз айында болуы мүмкін деген болжамын келтіріп отыр. «Негізгі заңға асығыс түрде өзгерістер мен толықтырулар енгеннен кейін және қысқа ғана уақытта конституциялық заңдар пакеті қолдау тапқан соң, енді көп ұзамай мәжіліс тарап, тез арада қайтадан сайлау өтуі мүмкін. Осы жайт «нағыз ақжолдықтар» мен социал-демократтарды сайлау блогын құруға итермелепті» делінген мақалада. «Өткен сайлауда «Әділетті Қазақстан» қозғалысының қанаты астына коммунистер мен «алғалықтар» да топтасқан болатын. С.Әбділдиннің компартиясы бүгінгі режимді қолдап отырған В.Косаревтің компартиясымен бірге өз жолын тауыпты. «Алға» әлі тіркеле алмай отыр. Сонымен, елде сайлауға әзірлік басталып кеткен секілді» деп түйіндейді «Жас Алаш» газеті.

«Айқын» газеті болса саяси науқан қарсаңында өздерінің құрылғандығын жариялаған, әлі тіркеле қоймаған «Халық рухы» партиясына қарсы шабуылға шыққан кімдер деген мәселе көтеріп отыр. «Мамырдың 23-күнгі Парламенттің жалпы отырысында Мұхтар Шаханов осыдан бір апта бұрын ғана дүниеге келген «Халық рухын» жөргегінде тұншықтыруға әрекет жасалып жатқанын мәлімдеп, Президентке үндеу хат жолдады» делінген мақалада. «Халық рухы» партиясына билік тарапынан жасырын кедергілер көбейді. Тіпті оның кейбір басшыларына қастандық жасалуы мүмкін деген әңгімелер де шыға бастады. Болашақ «Халық рухының» бүкілхалықтық сипат алып кетуінен қауіптенген, билік тасасына жасырынған кейбіреулер бізге жоғарыда баяндалған әсіре топтарды айдап салуда» дей келе Мұхтар Шаханов мемлекет басшысынан шенеуніктердің шамадан тыс еркінсуіне тосқауыл қоюын өтінген» деп жазды «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG