Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.25.2007 жыл


Жұма күндері шығатын апталық «Караван» газеті мамырдың 25-күні таратылған жоқ. Басқа да басылымдар «Караван» газеті мен КТК телеарнасының сот шешімімен үш айға жабылғандығы туралы жазып үлгермепті. Ал газеттердің бірқатары бейсенбі күні кешкісін Алматы полициясы журналист Сергей Дувановты ұстағандығын хабарлап отыр.

Әдетте аптаның жұма күндері шығатын «Караван» газеті мамырдың 25-күні таратылған жоқ. Алайда аталған басылымның материалдары интернет сайтында жарық көріп отыр. Онда «Караван» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Георгий Ковалев газеттің неге таратылмағандығын былай деп түсіндірген: «Газет соттың шешіміне сәйкес жабылуға міндетті...» Әрі қарай автор басылымның тоқтатылуына қатысты құжаттарды тізіп көрсеткен. «Алматының Бостандық аудандық прокуроры сотқа «Алма-Медиа» баспа үйінің «Караван» газетін басуды үш ай мерзімге тоқтатуын сұрап шағым түсірген. Алматының ауданаралық экономикалық сотының судьясы шағымды қанағаттандырған» делінген мақалада. Сонымен қатар, автор газеттің бұрындары да бір мәрте жабылғандығын еске түсіріп отыр. «Сол кезде басылымның тиражы едәуір артып, газетті сағына күтетіндердің көп екендігіне көзіміз жеткен еді. Қайтеміз, 15 жылдан бері «Ит үреді, «Караван» жүреді» деген сөз бекер айтылмай келеді» деп түйіндейді «Караван» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Георгий Ковалев.

«Караван» газеті мен КТК телеарнасының сот шешіміне сәйкес үш айға жабылғандығы туралы жұма күні жарық көрген газеттер жазып үлгермепті. Бірақ, басылымдар мамырдың 24-күні кешкісін Алматы полициясы журналист Сергей Дувановты ұстағандығы туралы материалдар беріп отыр. Осы тақырып төңірегінде «Республика» газеті былай деп жазды: «Бейсенбі күні кешкісін журналист Сергей Дуванов Конституцияға енгізілген өзгерістерге келіспейтіндігін білдіру мақсатында Алматыдағы алаңға шықты. Алайда құқық органының қызметкерлері оны автобусқа тиеп әкетті». Сонымен қатар, мақала авторы Дувановты не үшін ұстағандығы туралы жауап болмағандығын атап көрсеткен. «Полицияның пікірінше, Республика алаңында митинг болған, ал оны ұйымдастырған - Дуванов. Онда неге алаңға жиналған көпшілікті ұстамадыңыз деген сұраққа полиция шеніндегі кісі жауап беруден бас тартты» деп жазды «Республика» газеті.

Дувановтың ұсталуына қатысты тақырыпты әрі қарай «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты былай деп сабақтайды: «Дуванов және тағы бірнеше азамат Алматыдағы үлкен алаңда тұрып, үйді-үйіне тыныш тарқаса да болар еді. Алайда біздің полиция мен прокуратура оған шыдасын ба, оның үстіне жиналған кісілер «шексіз билік иегерінің» өзіне қарсы шығып тұрса». Сонымен қатар, мақала авторы оқиғаның куәгерлерінің аса ұқыптылығын атап көрсеткен. «Тәуелсіздік монументі жанына журналистер де, полиция өкілдері де дер кезінде жиналып, үлкен ұқыптылық танытты. Тек Дувановтың екі қолы мен екі аяғынан ұстаған полицейлер оны көлікке апара жатқан жерінде жерге түсіріп алғаны болмаса... Дувановты аудандық полиция мекемесінде түнгі сағат 23-ке дейін ұстады» деп жазды «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты.

Бұдан бөлек газеттер негізгі заңға енгізілген өзгерістерге қатысты талқылауын жалғастыруда. Мәселен, «Республика» газеті осындай өзгерістерге жергілікті саясаткерлер мен саясаттанушылар қарсы екендігі туралы жазыпты. «Қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам заңға енгізілген өзгерістер демократияға қарсы бағытталған деп есептейді. Өйткені, демократиялық елдердің барлығында сайлану мерзімі шектелген дейді ол. Тәуелсіз саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, осында өзгерістерді ақтап шығу үшін АҚШ пен Рузвельтке сүйенудің қажеті жоқ: ол кезде соғыс жүріп жатты, ал біздің еліміз соғыс жағдайында емес. Өзгертулердің ең маңыздысы соңғы сәтте ғана талқыланғандығына қарап мен бұған дейінгі ережелер соны бүркемелеу үшін дайындалған деген ойда қалдым» депті Досым Сәтпаев «Республика» газетінің тілшісіне.

Осы тақырыпты қаузаған көлемді мақала «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде жарық көріпті. Мақала авторы тарихтың тереңіне көз жүгіртумен Ататүрк, Сталин, Де Голль және Рузвельтті мысалға ала отырып, мынадай қорытынды жасайды: «Кез-келген қоғамда, ол тіпті демократиялық ел болсаң, мемлекеттік билік күшті болуы тиіс». Сонымен қатар, автор демократиялық саяси жүйе әлсіз мемлекетте ұзақ өмір сүре алмайды деп есептейді. «Соған байланысты, Қазақстанға да саяси жүйенің нық қалыптасуы үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа үшінші мәрте сайлануға мүмкін беру керек. Әрі қарай Бірінші Президентті тағы бір мерзімге сайлау-сайламау жағдайын халық шешсін..» деп түйіндейді «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

AzattyqTV

Қырғыз суретшісі

Лаймен салынған портрет

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG