Accessibility links

Қазақстан Түркмен газы арқылы өзінің Оңтүстік аймақтарын газбен қамтамасыз етпек


Түркмен газын Қазақстан арқылы Ресейге әрмен қарай Батыс елдеріне жеткізетін Каспий жанындағы газ құбырын салу жөніндегі ынтымақтастық құжаты дайындалып жатыр. Бұл туралы Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрлігінің өкілі Ольга Хворова хабарлады. Жергілікті сарапшылардың айтуынша бұл құбыр Қазақстанға басқа бағыттармен салыстырғанда тиімдірек болмақ.

Осы жылдың қыркүйек айында құбыр салудағы ынтымақтастық құжатына қол қойылуға тиіс, деп хабарлайды Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрлігінің жаңа жобалар бөлімінің маманы Ольга Хворова. Бұл құжат негізінде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі, жауапты органдар және жоба мерзімі анықталады деп хабарланып отыр. «Бірақ, негіздеме бітпей инвестициялар үлесі жайлы және басқада ақпарат алу мүмкін емес», дейді Хворова.

Айта кететін жайт, қазір АҚШ пен Батыс елдері құбырды Әзірбайжан мен Грузия арқылы Еуропаға тартатын «Транскаспий» газқұбырын өткізбек, дейді сарапшылар. Ал, Алматыдағы «Мұнай» институтының директоры Надир Надировтың айтуынша Қазақстанға құбыр салғанда қоршаған ортаны ойлау керек:

- Жақын көршің алыстағы туысыңнан артық. Ал, мына «Тбилиси-Баку-Джейхан» олда дұрыс. Бірақ, оның бір мәселесі бар. Кейбіреулер айтады теңіздің түбіменен құбырды өткізу керек деп, экологтар айтады үйтуге болмайды, жарылса Каспийді жойып жібереміз.

Жоспар бойынша газ құбыры Каспий жағалауымен Түркменстан территориясынан шығып Қазақстан арқылы Ресейге жеткізілмек. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған «Орталық Азия – Орталық» құбырының өткізу мүмкіншілігі аз болып қалған, дейді Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрі Бақтықожа Ізмұханбетов:

- «Орталық Азия - Орталық» газ құбыры жөнінде, бұл құбырдың техникалық тасымалдау мүмкіншілігі күні бүгін 60 миллиард текше метр болған. Осыған байланысты Түркменнің және Өзбекстанның қосымша газдарын тасымалдау жөнінде мәселе көтерілетін болады.

Ал, жаңа құбыр жоба қатысушыларына әлемдік базарға шығуға мүмкіншілік береді деп хабарланып отыр. Ресей БАҚ-дарының хабарлауынша, Ресей өз территориясы арқылы өтетін құбырдың арқасында Қазақстан, Түркменстан, Өзбекстан елдерінің энергетикалық ресурстарын алады. Ресей үшін бұл Еуропаға транзит арқылы өз баға саясатын жүргізуге мүмкіншілік береді және Ресей территориясындағы газ өңдеу зауыттарына шикізат жеткізіледі. Ресейлік сарапшылардың пікірінше, есесіне бұл жоба Түркменстан үшін маңызды. Түркменстанға Ресейден келетін инвестиция қажет және олар газды сатып пайда табады, дейді сарапшылар. Ал, Алматыдағы «Мұнай» институтының директоры Надир Надировтың айтуынша, Қазақстанға да бұл құбырдың бірнеше тиімділігі бар:

- Бізге керек болса Түркменстан мен Өзбекстанның газын алып қаламыз өзіміздің халқымызға, арзан. Ол бір, екіншісі, біздің территория арқылы өткеннен кейін олар бізге төлейді. Үшіншісі, тұрақты болады, көзіміз жетеді ертең газ болады деген, көрші ғой, олар жамандық жасамайды. Төртінші, өз газымызды қосып жібереміз керек болса.

Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрі Бақтықожа Ізмұханбетовтың айтуынша, Батыс елдерінің сыртында Түркмен газын Қытайға тасымалдау мәселесі де шешілген десе болады. «Егер бұл газ Амудария өзенінің оң жағалуымен Өзбекстан арқылы өтсе, егер «Қазмұнайгаз» компаниясы Түркменстандағы газ кен орындарындағы барлау жұмыстарына қатыстырылса, онда Қазақстан Түркмен газы арқылы өзінің Оңтүстік аймақтарын газбен қамтамасыз етуге мүмкіншілік алады» дейді министр Ізмұханбетов.

Қазір Қазақстан жағы Қытай және Түркменстан тараптарымен келіссөздер жүргізуде деп хабарланып отыр. Түркменстанның бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Түркменстан президенті Гурбангулы Бердымухаммедов Қазақстанға 28 мамырда келмек. Түркменстанның сыртқы істер министрі Рашид Мередовқа сілтеме жасаған turkmenistan.ru сайтының хабарлауынша, Қазақстандағы сапар барысыныда бірінші кезекте «Каспий жанындағы» газ құбырын салу жөніндегі келісім мәселесі жалғасын таппақ.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG