Accessibility links

Қазақстан Рахат Әлиевке халықаралық қылмыстық іздеу жариялады


Қазақстан президентінің үлкен күйеу баласы Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиев халықаралық іздеуге берілді. Бұл туралы Астанада мамырдың 28 күні аяқ астынан ұйымдастырылған баспасөз мәжілісінде Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов хабарлады. «Ол [Әлиев] тіпті басқа елдерде саяси тұрақ сұраған күннің өзінде Қазақстанның заң органдарынан құтылмайды» деді ІІМ өкілі. Өткен сенбі күні Интернет арқылы таратқан өз үндеуінде Рахат Әлиев Қазақстанды 1989 жылдан басқарып отырған қайын атасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын сынаған болатын.

Қазақстанда сайлау процесі шетелдік бақылаушыларға көзбояушылық жасап өткізіледі деп сынға алған Әлиев елде оппозициялық көзқарастағы саясаткерлерді өлтіру, сыбайласқан жемқорлыққа қатысты үнемі болып жататын атышулы оқиғалардың барлығы Қазақстанның халықаралық қауымдастық арасындағы беделіне зор нұқсан келтіргенін атап көрсеткен. Р.Әлиев осыдан бірер ай бұрын қайын атасы Н.Назарбаевқа Қазақстанда 2012 жылы өткізілетін президент сайлауына өзінің түспек ойы барын білдіргенін, алайда содан кейін өзіне қарсы істер өрістеп кеткенін айтып отыр. Осының барлығын өзін елдегі саяси процестерден ығыстыру үшін жасалып жатқан тірлік деп бағалаған Рахат Әлиев саясаттан өзінің кетпейтінін мәлімдеді мамырдың 26-күні.

Бұған дейін Қазақстанда, кейбір шығыс елдеріндегідей, сұлтанат билігі болғанын жөн санаған үлкен күйеу баланың бұл қылығына қайын атасы сол күні жауап берді. Сенбі күні кешке ресми баспасөз құралдары президент Назарбаев Р.Әлиевті Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйыммен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі Қазақстанның арнаулы өкілі және Қазақстанның Австриядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінен босату жөнінде өкім шығарғанын хабарлады.

Ал дүйсенбі, 28-мамыр күні Астанада шұғыл өткізілген арнайы брифингте Қазақстан Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов Рахат Әлиевтің халықаралық қылмыстық іздеуге берілгенін, оны ұстау үшін Қазақстан бас прокурорының орынбасары бастаған арнайы топ Венаға аттанғанын хабарлады.

- Қазіргі уақытта Рахат Әлиев Австрия Республикасының астанасы Вена қаласында. Ол халықаралық қылмыстық іздеуге берілді. Бүкіл әлемде Қазақстан Ішкі істер министрлігінің өтінішімен қызыл карточкалар қойылған. Сондықтан Рахат Әлиевтің ешқайда қашып кетуі не жоғалып кетуі мүмкін емес, - деді Б.Қожахметов.

Ішкі істер министрлігінің өкілінің айтуынша, Р.Әлиев ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, жетекшілік еткен және бірнеше экономикалық қылмыс жасаған деп күдікке ілініпті. Оның басқаруындағы қылмыстық топ жалған құжаттар жасап, бопсалау арқылы әкімшілік ғимараттарды, жер телімдерін және жеке кәсіпті заңсыз меншіктенген деп айтылды.

- Бүгінгі таңда 14 қылмыстық іс қозғалды. Оған іздеуде жүргендердің қатысы бар екендігіне дәлелдер бар. Атап айтқанда, ұйымдасқан қылмыстық топ белсенділері 4,3 гектар жерді заңсыз меншіктеген және Ақтау қаласында жылжымайтын мүлікті өз аттарына аударып алған. Бизнесмендер 15 миллион АҚШ долларына зардап шегіп отыр, - деген деректер келтірді Қазақстан Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов.

Оппозиция өкілдері болса Қазақстанды 1989 жылдан бері басқарып отырған президент Назарбаевтың отбасындағы дау-жанжалдың жұртқа жайылуына түрткі болған үлкен күйеу баланың елде демократиялық өзгерістердің болуын жақтап сөйлеген мәлімдемесіне әзірге онша сеніңкіремей отыр. Әлиев бұл ұранды билік басындағы отбасы ішіндегі жанжалда өзіне пайдаланып қалғысы келеді деп санайды бұрынғы сенатор, саясаткер Зәуреш Батталова:

- Рахат Әлиевтің аяқ астынан "демократ" болып кеткені түсінікті, басқа амалы жоқ. Бірақ, мен оның шын демократ екеніне сенбеймін. Ол өзі сөз бостандығына көп қастық жасаған адамның бірі. Былтыр Рахаттың Қазақстанда демократия мүмкін емес, азияттық менталитетті ескеріп Қазақстанда тек сұлтанат құруға болады деген мақаласы бәрімізге таныс. Рахаттың осындай әрекетін бүгін білген жоқ Қазақстан билігі. Бұл қуғындаудың тағы бір сыры – Рахатта президент болам деген амбициядан бұрын қазіргі президенттің өзіне, оның отбасына қатысты көптеген мәлімет бар. Сол мәліметтерді Рахат жариялап қоя ма деген қорқыныш.

Сенбі күні түс ауа Р.Әлиевтің меншігіндегі «Kazakhstan Today» агенттігі Парламент депутаты Дариға Назарбаева мен Қазақстанның Австриядағы елшісі Рахат Әлиевтің Алматыдағы Науаи көшесіндегі үйіне полицияның арнайы жасақ тобы баса-көктеп кіргендігі туралы ақпарат таратқан еді. Дүйсенбі күнгі брифингте Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов өткен аптада прокуратура рұқсатымен Рахат Әлиевтің Алматыдағы үйі тінтілгенін растады.

Мамырдың 23-күні Қазақстан ішкі істер министрлігі ел президенті Н.Назарбаевтың үлкен күйеу баласы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы Қазақстанның елшісі Рахат Әлиевтің үстінен “адам ұрлады” деген айып бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жария етті. Биылғы жылғы қаңтар айында «Нұрбанк» акционерлік қоғамының бұрынғы басқарушылары - Әбілмәжін Ғилымов пен Жолдас Темірәлиевті Р.Әлиевтің әмірімен оның адамдары ұрлап әкетіп, Әлиев қос банкирді еркінен тыс қамауда ұстап, азаптағаны жайлы бұған дейін олардың зайыптары баспасөзге арнайы мәлімдеме жасаған еді. Ал Рахат Әлиев болса ондай айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, өзіне жала жапты деп әлгі екі әйелді сотқа берген болатын. Қазірде «Нұрбанктен» қаржы қымқырған деген айыппен сотқа тартылып, қамауда отырған Ә.Ғилымов өзі мен орынбасары Ж.Темірәлиевті Рахат Әлиев алдап шақырып, қамауда ұстағанын мамырдың 23-күні «Астана» телеарнасынан өз аузымен айтты. Бұл хабар телеэфирден кестеден тыс уақытта және әдеттегі хабарлардан ұзақтау берілді.

Сол күннің ертеңінде, Қазақстан Бас прокуратурасының талабы бойынша, Р.Әлиевтің меншігіндегі “КТК” телеарнасы мен “Караван” апталығының қызметі 3 айға тоқтатылды.
XS
SM
MD
LG