Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.29.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдардың барлығы дерлік президент Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиев төңірегіндегі жанжал туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттерде осы тақырып төңірегіндегі қоғам қайраткерлерінің әртүрлі пікірлері беріліп отыр.

Рахат Әлиевке халықаралық іздеу жарияланғандығы туралы «Айқын» газеті былай деп жазыпты: «Вена қаласында тұрып жатқан Рахат Әлиевке адам ұрлауға қатысы бар деген айып тағылып отыр. Бұл туралы мамырдың 28-күні баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрлігінің ақпарат және қоғаммен байланыс орталығының бастығы Бағдат Қожахметов мәлімдеді». Сонымен қатар, автор Рахат Әлиевтің елшілік жұмысынан босатылғандығына мән беріп отыр. "Қазақстан ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың бастамасымен 44 жастағы экс-елшіге қарсы қылмыстық іс өткен бейсенбі күні қозғалған болатын. Рахат Әлиевке "Нұрбанктің" басшысы Әбілмәжін Ғылымов пен басқарма төрағасының орынбасары Жолдас Темірәлиевті ұрлау жұмыстарын ұйымдастырған деген айып тағылды. Осы қылмыстық істі әшкерелеп отырған Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, ұйымдасқан топтың мүшелері банкирлерді ұрлап әкетіп, олардың мүліктеріне ие болғысы келген. Прокуратура Әлиевті қамауға алуға санкция берді. Қазір Әлиев Австрияда. Қазақстанның тергеу тобы Бас прокурор орынбасарының бастауымен Вена қаласына ұшып кетті» делінген «Айқын» газетінің мақаласында.

«Экспресс К» газеті болса Рахат Әлиев Австриядан ешқайда шыға алмайтындығына мән беріпті. «Осы күні Вена қаласында тұрып жатқан Рахат Әлиевке «қызыл карточка» көрсетілді. Бұл дегеніңіз оған Австриядан басқа жаққа шығатын жолдардың барлығы жабық екендігін білдіреді. Енді бұрынғы елшіге Қазақстаннан шыққан арнайы топтың келуін күту ғана қалды» деп жазды «Экспресс К» газеті.

«Жас Алаш» газеті болса Рахат Әлиев төңірегіндені жанжалды 2001 жылғы оқиғаларға қатты ұқсатқан. «Ел арасында «Нұрбанкгейт» атанып үлгерген ауқымды да қатерлі істің немен тынары әзірге белгісіз. Бұған Қазақстан қоғамы ғана емес, әлемдік қауымдастық та назар аударып отыр» делінген мақалада. «Саясаткер Ғалымжан Жақияновтың пікірінше, бұл - президент пен оның үлкен күйеу баласының ежелден келе жатқан қақтығысы. Оның шиеленісіп, әбден пісіп-жетілуінің түбінде авторитарлық жүйе жатқанын аңғарамыз дейді ол. Егер президент қашандағыдай отбасының жағына шығатын болса, маңайындағылардың реніші күшейетін еді. Олигархиялық топтардың наразылығынан қаймыққаннан кейін Назарбаев күйеу баласының үстінен іс қозғатып отыр» депті Ғалымжан Жақиянов «Жас Алаш» газетінің тілшісіне.

Ал «Литер» газетінде «Нұр Отан» партиясының төрағасы қызмет атқарушы Бақытжан Жұмағұловтың осы оқиғалар төңірегіндегі мақаласы басылыпты. «Қазақстанның кез-келген азаматы өз пікірін білдіріп, оны жариялауына болады. Бірақ Рахат Әлиев ол кезде елшілік қызметін атқарып жүргеніне байланысты оның бұл әрекетін мемлекеттік қызметкер этикасының ережелерін өрескел бұзумен теңеуге болады» делінген мақалада. «Жұмағұловтың айтуынша, Рахат Әлиевті жұмыстан босату кезінде мемлекет басшысы заң алдында барлық азамат тең деген қағидаға сүйенді. Екінші жағынан, адамгершілік тұрғысынан алғанда, президентке осындай шешім қабылдау оңайға түспегендігін түсінемін дейді ол. Саяси тұрғыдан алғанда, жоғарғы шенді мемлекет қызметкерінің ел президенті мен парламенттің шешіміне қайшы мәлімдеме жасауын негативті оқиға ретінде қарастыруға болады» деп жазыпты Бақытжан Жұмағұлов «Литер» газетіне жариялаған мақаласында.

Бұл уақытта «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты «Нағыз Ақ Жол» партиясының осыған қатысты мәлімдемесін жариялап отыр. Мәлімдеме иелері құқық органдарының Рахат Әлиевке қарсы қимылын өз уақытынан кеш жасалған әрекет ретінде қарастырған. «Біз Рахат Әлиевтің әрекетінен зорлық көруі мүмкін ел азаматтары мен шетел инвесторларын құқық органдары және сотқа шағымдануға шақырамыз» делінген мәлімдемеде. Сонымен қатар, хат авторлары бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Рахат Әлиевтің қоғам қайтаркерлері Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысы болуы мүмкін деген әңгімелер көп айтылғандығына мән беріп отыр. «Соған байланысты біз Нұрқаділовтың өліміне қатысты қылмыстық істің қайта қаралуын талап етеміз. Сондай-ақ, біз Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне қатысты қылмыстық істің қайта тексерілуін, оған Рахат Әлиевтің қаншалықты қатысы болғандығын анықтауын талап етеміз» деп жазды «Нағыз Ақ Жол» партиясының тең төрағалары «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайтына жариялаған мәлімдемесінде.
XS
SM
MD
LG