Accessibility links

Шілде айында АҚШ пен Ресей президенттері зымыранға қатысты мәселені талқылайды деп жоспарланып отыр


Осы аптада Ресейдің жаңа стратегиялық зымыранды тәжірибеден сәтті өткізуі Вашингтон мен Мәскеу арасындағы теке-тіресті одан әрмен күшейтіп жіберді. Ал келесі аптада Германияда “Үлкен Сегіздік” тобының басқосуы өтеді. Осы саммиттің алдында мамырдың 30-ы күні АҚШ пен Ресей сыртқы істер министрлері зымыран мәселесі мен АҚШ-тың зымыраннан қорғаныс жүйесін орнату жоспарына байланысты өткір мәлімдемелер жасады. Сөйтіп енді АҚШ пен Ресей президенттері бұл мәселені шілде айында талқылайтын болды.

Мамырдың 29-ы күні Ресейдің көп оқтұмсықты тасымалдай алатын жаңа зымыранды тәжірибеден өткізуі АҚШ-тың Еуропада зымыраннан қорғаныс жүйесін орнату жоспарына тікелей жауап ретінде қарастырылды.

Сәрсенбі күні АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз-хатшысы Том Кэйси Ресейдің жаңа қару-жарақты тәжірибеден өткізуге құқығы бар, бірақ АҚШ-тың зымыраннан қарсы қорғанысынан басым болу үшін Мәскеуге жаңа жүйе керек емес деп мәлімдеді.

“Санды көрсеткіш тұрғысынан алатын болсақ, 10 жойғыш, екі радиолокациялық станция, мыңдаған советтік ядролық қару-жарақтар, оқтұмсықтар, зымырандар және тағы басқалар. Меніңше, Иран сияқты елдің шабуылына жауап беруге, және өзіміз бен одақтастарымызға көмектесу үшін арналған бұл өте кішкентай жүйе Ресейдің стратегиялық мүмкіндіктеріне қауіп төндіре алады деп ойлау қиын шығар”.

Кэйси, сондай-ақ, осы мәселеге байланысты екі жақтың “нағыз айырмашылықтарына” қарамастан, бұл жаңа “қырғи-қабақ соғысының” басталғанын білдірмейді деді.

Сонымен қатар, АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс Ресей президент Путиннің АҚШ-тың зымыраннан қорғаныс жүйесі Ресейді нысанаға алып тұр деп ойлауы “күлкілі” деді. Бұл туралы Райс сәрсенбі күні Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа айтты.

Бірақ Сергей Лавров мұндай алаңдаушылықтар керісінше толығымен ақталған деп мәлімдеді. Екі ел жаңа қару бойынша жарысу алдында тұр, және “стратегиялық тұрақтылыққа” қауіп төніп тұр, деді Лавров.

Кондолиза Райс пен Сергей Лавров бұл мәлімдемелерін Үлкен Сегіздік тобының сыртқы істер министрлерінің кездесуінен кейін өткізген бірлескен баспасөз-мәслихатында айтты. Айта кету керек, аталған топқа өндірісі дамыған жетекші елдер Ресей, АҚШ, Германия, Франция, Канада, Жапония, Британия және Италия мемлекеттері кіреді. Үлкен Сегіздікке мүше елдердің сыртқы істер министрлері Германияның Потсдам қаласында жиналған болатын.

Жалпы енді АҚШ пен Ресей арасында теке-тіреске себеп болған зымыран мәселесін АҚШ президенті Джордж Буш пен Ресей президенті Владимир Путин шілденің 1-мен 2-і аралығында АҚШ-тың Кенебункпорт қалашығында талқылайтын болды. Бұл туралы Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров хабарлады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG