Accessibility links

Ақбұлақ ауылының тұрғындары өз үйлерінің заңды екендігін дәлелдеу үшін күрес бастады


Алматы қаласының Әуезов ауданына қарайтын Ақбұлақ ауылының 1000 шақты тұрғыны өздерінің 10 жылдан бері тұрып келе жатқан үйлерінен айрылып қалу алдында тұр. 31 мамыр күні тұрғындарды үйлерінен көшіру мақсатымен келген қалалық соттың сот орындаушылары тұрғындардың заңсыз тұрып жатқанын айтты. Ал тұрғындар үйлерді өздерінің заңды иемденіп отырғандарын айтып, біздің жеріміз билік мекемелері мен қалталылардың арасындағы ұжымдасқан жемқорлықтың құрбанына айналып отыр деді «Азаттық» радиосы тілшісіне берген сұхбатында.

Ақбұлақ ауылы тұрғындарының айтуынша, 31 мамыр күні таңертең ауылға өздерін сот орындаушыларымыз деп таныстырған беймәлім адамдар сот шешімін көрсетпестен, оларды үйлерінен көшірмек болған. Алайда тұрғындар өздерінің үйлерді сатып алғандарын алға тартып, қарсылық көрсеткен.

- Сағат ондарда сот орындаушылары үйлерімізге баса-көктеп кіріп, үйлеріңнен шығасыңдар деді. Сондай-ақ, олармен бірге өрт сөндірушілер, жедел көмек те келді. Ешқандай керісу, төбелесу болған жоқ. Бірақ «бұл біздің сатып алған дүниеміз, сондықтан да оған басып кіруге жол бермейміз» дегенді айттық. «Біздікі заңды, сендердікі заңсыз» деп, халық болып шығарып жібердік, - деді Ақбұлақ ауылының тұрғыны Шырын Өсер.

Оның айтуынша, тұрғындар 1996 жылы шатырлары, есік-терезелері жоқ, бос қалған үйлерге кіріп алып, 4 га жерде орналасқан 70 үйді 2002 жылы республикалық «Соқырлар қоғамынан» 4 миллион теңгенге сатып алған. Бұған дейін «Соқырлар қоғамы» жердің өзіне қарайтынын айтып, қоғамның бұрынғы басшылары тұрғындардан үйлерде тұрғаны үшін ақша алып келген. Ал 2002 жылы үйлер сатылған соң, ол ақшаларды аздық еткен «Соқырлар қоғамының» қазіргі төрағасы Байболат Әубәкіров үйлерді одан да қымбат бағаға сатпақшы болды дейді Шырын Өсер.

- Олар «Біз сіздерге арзан бағаға сатып қойыппыз. Енді мына нарықтық бағамен әр бөлмені 7 мың доллардан сатамыз. Мынау жарамайды» деді. Біз «бұныңыз қалай, бір сатқан жеріңізді бірнеше қайта сата бересіз бе, заң барлығымызға бір емес пе» десем, «жоқ, бұл менің жеке меншігім, сондықтан қайта сатамын, көнсеңдер сол, көнбесеңдер, шығарып тастаймын» деді. Сөйтіп, ол алаяқтық жасады, - деді Шырын Өсер.

Оның айтуынша, Байболат Әубәкіров екі ара жасасқан келісімді орындаудың орнына, керісінше, тұрғындардың үстінен сотқа шағымданып, арыз берген. Соттың 1-ші отырысы біздің пайдамызға шешілгенімен, ол екінші қайтара сотқа жүгініп, шешімді бұзғызды дейді Шырын Өсер.

- Бізді талай соттарға кіргізбей қойды. Біздің адвокатымызды да кіргізбей тастады. Сосын біз де ондай сотты мойындамаймыз деп шештік. Қазақстанда әділ сот жоқ деген қорытындыға келдік. Бізде тек қана жемқорлық билейді. Біздің соған әбден көзіміз жетті, - деді Шырын Өсер.

Ал осы оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатымен, республикалық «Соқырлар қоғамының» төрағасы Байболат Әубәкіровке хабарласқанымызда, ол өзінің уақыты жоқ екендігін алға тартып, сұхбат беруден бас тартты.

Ауылдың тағы бір тұрғыны Сабыржан Әділбаевтың айтуынша, бүгінгі оқиға осымен 3-ші рет қайталанып отыр.

- Сот орындаушылары осымен, 3-ші рет келді. Бір рет ОМОН-мен келді. Екінші рет ОМОН-сыз келді. Бүгін де ОМОН-мен келіп еді, халық оларды тұрып жатқан жеріне кіргізбей қойды. Енді осылай қайталана берсе, халық қатты ашынады. Бұл тұрып жатқан жерімізді біз ешқашан да бере алмаймыз. Біздің қолымызда үйлерді сатып алған квитанциямыз бар. Сатып алған жерімізге байланысты «Соқырлар қоғамының» бізге берген кепілдік хаты бар, - деді Сабыржан Әділбаев.

Ал осы ауылға Қытайдан келіп, тұрып жатқан Бәкия Жәмихан осы жерден көшіріп жіберсе, барар жерім, басар тауым жоқ дейді.

- Елім, жерім деп, Қазақстанға 1999 жылы келгенмін. Сол кезде пәтерден пәтерге көшіп жүрдік. Далада қонған күндеріміз де болды. Кейіннен базарда сауда жасап жүріп, осы жерді алғанбыз. Көппен көрген ұлы той ғой, халықты дала шығарып жібермейтін шығар дегенмін. Сөйтсек, бізге шығыңдар, кетіңдер дейді. Мен қайда барарымды білмей, шошып отырмын қазір, - дейді Бәкия Жәмихан.

Ауыл тұрғындары осыған дейін араша сұрап, билік органдарына және президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазғандарын айтады.
XS
SM
MD
LG